21.12.2023, 12:30
Оқылды: 47

Ширек ғасыр шежіресі

Батыс  Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне – 25 жыл 

Университет – мемлекеттің тірегі.  Қоғамдағы  алдыңғы  қатарлы ойлар  легі, негізінен,  университеттерде қалыптасып, сол оқу ордасында сұрыпталып, мемлекеттің игілігіне айналады.

DSC_7463

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті – еліміздің батыс аймағындағы жетекші жеке жоғары оқу орындардың бірі. Облыстың ірі білім беру, ғылыми және мәдени орталығы ретінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қалыптасуының өз тарихы бар. 1998-2023 жылдар аралығында, 25 жыл ішінде университет қалыптасу,  өсу,  өрлеу  кезеңдерінен өтті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген шаралар Қазақстан Республикасының 1993 жылы қабылданған «Жоғары білім туралы» заңында заңдық тұрғыдан бекітілді. Заңға жоғары кәсіптік білім берудің балама түрлері енгізілуіне байланысты елімізде мемлекеттік емес жоғары оқу орындары ашыла бастады. Солардың бірі Орал қаласында 1998 жылы «Дәуір» гуманитарлық-экономикалық институты ашылып, 2000 жылы ол Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы ретінде қайта құрылды. Алғашқы оқу жылын 4 қана мамандық, 62 студент, 21 оқытушысымен бастаған оқу орны бүгінгі статистикасы көрсетіп отырғандай, жыл сайын сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да үздіксіз даму үстінде.

Осы міндетті жүзеге асыруда университеттің алғашқы ректоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Баян Шынтемірова  елеулі  рөл  атқарды.

Қазіргі кезде жоғары оқу орнын дамыту менеджері Баян Ғаббасқызы басшы ретінде өңірдің білім саласында өз ісінің шеберлерін ұйымдастыра отырып, ғылыми санаты жоғары, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамын қалыптастыра білді. Университет танымалдылыққа, бүгінгі деңгейіне тез қол жеткізген жоқ. Үздіксіз еңбек, шығармашылық ізденіс, оқу орны басшылары мен ұстаздарының халыққа жақындығы, жаңа нәтижелерге жетеміз деген үміт пен сенім алға жетеледі. Бұл Баян Шынтемірова бастаған педагогикалық ұжым қызметінің жетістігі, білім мен ғылым жолындағы өз эволюциясы  еді.

2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің оңтайландыру саясатына байланысты қаладағы үш мемлекеттік емес жоғары оқу орнының бірігуіне орай академия Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің құрамына енді. Ал 2015 жылы жасақталған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті төрт ірі факультеттен құралды. Бұл төрт оқу құрылымы қала және облысқа танымал болған төрт жоғары оқу орны болатын.

Бұл жоғары оқу орнын С. Бисенов басқарған жылдарды қалыптасудың алғашқы кезеңі деп айтуға болады. Б.  Жұмақаева, Ж.  Ерназаров ректорлық қызмет атқарған кезеңде университеттің студенттік контингенті жыл санап өсіп отырды, жаңа мамандықтар ашылып жатты. Университетіміз педагогика, қызмет көрсету, мәдениет салалары бойынша жоғары кәсіби, еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандар даярлайтын білім ордасына айналды.

2010 жылы білім ордасына Ләззат Тұяқбайқызы Рысбекованың аналитикалық бөлім басшысы болып келуі жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерге жол ашты. Болашаққа бағдар жасалып, нарықтың сұранысы мен ұсынысына терең талдаулар жасалды. Қаржы кафедрасында сабақ беріп, деканның жалпы сұрақтар бойынша орынбасары қызметін атқарған жылдары бұл мәселелермен  арнайы  айналысты.

Ләззат Тұяқбайқызы Батыс Қазақстан Іскер әйелдер ассоциация төрағасы және Орал қалалық мәслихатының депутаты қызметінде жүргенде де, сапалы білім, саналы ұрпақ мәселесін сөз етті. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаты мінбесінен елдің үш тұғыры: білім, ғылым, тәрбие мәселелерінің дұрыс шешімін табуына атсалысып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында аймақтық университеттер үшін ең басты мақсат кадр даярлаудың әдістемесін жетілдіріп отыру болды. Бұл үшін білім беру жүйесіне жаңа технологияны барынша енгізіп отыру басты қажеттілік еді. Танымал отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибелері мен жетістіктерін есепке алмай, интеграциясыз әлемдік білім кеңістігінде жоғары оқу орындарын таныту мүмкін емес. Қазіргі заманғы жоғары оқу орындарына қойылатын осы талап Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің негізгі даму бағдарламасында көрсетілген болатын. Осыған орай жоспарланған негізгі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бірнеше жыл бойы нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Университет қалыптасу кезеңінде білім беру үдерісінің барлық саласын ақпараттандырды және компьютерлендірді. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы білім беру сапасын көтеру мақсатында жұмыс істеудің инновациялық әдіс-тәсілдерін оқу үдерісіне үнемі енгізіп отырды. Бірнеше жыл бойы университет ұжымы дамыған мемлекеттерде танылған, мойындалған оқытудың алдыңғы қатарлы принциптерін өз тәжірибелеріне енгізу үшін мақсатты түрде жұмыс жүргізе білді. 2000 жылдардың басында Қазақстан университеттерінде оқытудың кредиттік жүйесі енгізілгенде облыс жоғары оқу орындарының ішінде сенімді түрде алғашқылардың бірі болып Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті де  тәжірибеден  өтті.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы болып тұрған 2007 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының 12-шісі болып Болон процесіне қатысып, жалпы еуропалық ілім үлгісіне кіретіндігін анықтайтын Магна Хартия келісімшартына қол қойды. Хартия құрамына мүше болу дегеніміз – әлемдік білім кеңістігіне танылу деген сөз.

Осыдан бастап оқу орнының халықаралық байланыс аясы жолға қойылып, кеңейе түсті. Ресей Федерациясының бірнеше жоғары оқу орнымен, атап айтқанда, Уфа экономика, гуманитарлық ғылымдар, басқару және құқық шығыс институты, Самара мемлекеттік университеті, Самара педагогикалық университеті, Самара мемлекеттік экономикалық академиясымен тәжірибе алмасу іс-шаралары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ Н. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті, Вильнюстегі «Миколас Ромерис» университеті, Мәскеудегі Ресей халықтары достығы университеті, Мәскеу туризм және сервис университеті, Түркияның Мәрмәра мемлекеттік университеті, Быдгош экономикалық университеті (Польша), Святой Климентий атындағы Софья университеті (Болгария), Акмула атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті және Белгород мемлекеттік ұлттық зерттеу университетімен орнатылған байланыстар осының айғағы.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 2016 жылы Ұлттық аккредитация сынағынан сәтті өтуі, ҚР Аккредитация және рейтинг тәуелсіз агенттігі белгілеген Қазақстандағы 20 таңдаулы жоғары оқу орнының қатарын да 16-орынға табан тіреуі де өз кезегіндегі қалыптасудың алғашқы жылдарындағы ұжымның білім кеңістігіндегі атқарған  тынымсыз  еңбегінің  нәтижесі  болатын.

2015-2021 оқу жылдары университетті экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Габдуалиева басқарды. Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде Р. Смадиновна университеттің өркендеуіне көп еңбек сіңірді. 2022-2023 оқу жылынан бастап университет ректоры білікті басшы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекболат  Шакешев.

Бүгінде университетте халықаралық аккредитациядан өткен 43 бакалавриат, 10 магистратура білім бағдарламалары бойынша 8 мыңнан астам студент пен магистрант білім алуда. Білім ордасында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері, мемлекеттік марапат иегерлері, спорт шеберлері қызмет атқаруда. Кадрлық әлеуеттің 20 пайызын өндіріс орындарынан тартылған оқытушылар құрайды. Білім алушылар мен оқытушылар аккредиттелген 43 шетелдік, 45 отандық университетпен, ғылыми-зерттеу және ғылыми орталықтармен нәтижелі ынтымақтастық негізінде академиялық ұтқырлық және  тағылымдама бағдарламаларына белсенді  қатысып  келеді.

Университет құрылымына 3 факультет, 14 кафедра, ғылыми кітапхана, спортзал, жатақхана, асхана, редакциялық баспа бөлімі және ғылыми, оқу және өндірістік бағыттағы басқа да бөлімшелер кіреді. Біліктілік талаптарына сәйкес, білім мен тәрбие беру үдерісіне оқу дәрісханаларымен қатар арнайы кабинеттер мен оқу  зертханалары, ветеринарлық клиника, заманауи телестудия, коворкинг орталығы жұмылдырылған.

Ширек ғасыр ішінде БҚИТУ 40 мыңнан астам түлекті даярлап шығарды. Университет түлектерінің жыл сайынғы жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 80 пайыздан кем емес. Ал кейбір мамандықтар бойынша 92 пайызға жетеді. Жыл сайын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізетін рейтингте бакалавриаттың білім беру бағдарламалары үздік ондық сапынан табылып келеді. Өңірдегі 100-ден астам мекеме-кәсіпорын мен білім ошақтары университеттің кәсіби сараман мен тағылымдама өткізу базасы болып табылады.

Университеттің зерттеу инфрақұрылымы ғылым арқылы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған. Профессор-оқытушылар жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындар тапсырыстары бойынша 12 ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ тұрақты негізде консалтингтік қызметтер  де  көрсетіледі.

Отандық білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – білім беру сапасын халықаралық деңгейге көтеру. ХХІ ғасыр білімнің, ақпараттың, жаңа технологияның өрістеу ғасыры. Ендеше, мамандарға қойылатын заман талабы – кәсіби жоғары білім, түрлі күрделі жағдайлардан  шығып кетудің ойлы жолын таңдап ала білу. Осыған байланысты жоғары оқу  орындары алдындағы міндет тек білім берумен ғана шектелмейді. Әрбір жас ұрпақ жоғары оқу орнының қабырғасынан ұлтжандылық, отансүйгіштік, тағы да басқа адами қасиеттерді бойына сіңіріп, заман талабына сай жұмыс істей білудің  әдістемесін игеріп шығуы қажет. Сондықтан да қазіргі университеттердің қоғамдағы орны дәстүрлі міндеттерден әлдеқайда ауқымды.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 25 жылдық тәжірибесіне арқа сүйей отырып, алдағы уақытқа жаңа мақсаттар белгілеп, соларға қол жеткізу жолында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Ол мақсаттар Қазақстанда жоғары білім мен ғылымның 20232029 жылдарға арналған даму концепциясында, Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық құжаттарында, университеттің даму жоспарында белгіленген бағыттарынан туындап, тәжірибемен ұштастырылып, нақтыланып  отыр.

Азамат Мамыров,

Батыс  Қазақстан  инновациялық-технологиялық

университетінің  профессоры,

 филология ғылымдарының

кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале