31.05.2022, 9:30
Оқылды: 86

Шомылғанда сақ болыңыз!

Мамыр айының соңында күн ысып, көпшілік шомылу маусымына дайындық күшейді. Төтенше  жағдайлар департаменті биыл облыс әкімдігінің 2018 жылғы 14 ақпандағы №22 қаулысына  сәйкес су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спортпен  айналысу үшін 69 орын айқындалғанын айтты. Оның ішінде аудан әкімдіктерінің қаулыларымен  19 жағажай бекітілген.

45B4B4F2-6CDE-4C98-BF6F-D31CEF2BA423

Қазіргі таңда облыс аумағында екі коммуналдық, 17  жеке меншік жағажай бекітіліпті. Олардың сегізі Орал қаласында, тағы сегіз жағажай Бәйтерек ауданында болса, Теректі, Тасқала, Бөрлі аудандарында бір-бірден. Сондай-ақ  облыс аумағында қосымша жеті жаға­жай ашу мәселесі пысықталуда. Қазіргі  таңда су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жоспар облыс әкімінің өкімімен бекітілген. Жоспар мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдарға тиісті міндеттер қойылған 38 тармақты көздейді екен. Бұл ақпаратты ТЖД баспасөз қызметінен алдық.

ТЖ департаменті полиция департаментімен және БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, су айдындарындағы көпшілік демалатын орындарда рейдтер мен патрульдеу жоспарын бекіткен. Жоспарға сәйкес рейдтік іс-шараларды өткізу үшін төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің және көліктік бақылау инспекциясының жеке құрамынан 400-ден астам адам тартылмақшы. Сондай-ақ  250-ден астам волонтер жұмылдыру көзделген. Ол үшін  «Жас Отан» ЖҚ, «Қызыл Жарты Ай» ҚБ, «Орал студенттер альянсы» КҚ және басқа да ұйымдармен келісім жасалады екен. Суға шомылу кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу үшін 72 құтқарушы, 21 жүзу құралы, 1 катер және патрульдеу мақсатында 15 аутокөлік дайындалған. Рейдтік іс-шараларға жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздар қатарынан 40 адамды тарту туралы мәселе  пысықталуда.

БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы шағын көлемді кемелердің талапқа сәйкестігін тұрақты түрде тексереді. Аудан әкімдіктері білім басқармасымен бірлесіп, 22 модульдік-қаңқалы бассейн орнатуды бастаған. Биыл модульдік-қаңқалы бассейндер облыстың барлық аудандарында орнатылады. Қазір ішкі саясат басқармасы мен білім басқармасы 2ГИС компаниясымен модульдік-қаңқалы бассейндердің орналасқан жерлерін картада көрсету мәселесін пысықтауда.

Бізге департаменттің баспасөз қызметі арқылы ақпарат берген Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Рүстем Баймұхановтың айтуынша, жыл басынан облыстың су айдындарында бір адам қаза болыпты. Былтырғы  шомылу маусымы кезінде 24 адам қайтыс  болған. Оның 8-і бала.

Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымы кезінде барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале