20.04.2024, 16:59
Оқылды: 44

Шымкенттік жоғары оқу орындарынан көмек жетті

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық және Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеттеріндегі эвакуациялық пункттерге Шымкент қаласындағы бес жоғары оқу орнының атынан гуманитарлық көмек жеткізілді.

IMG_0290

Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы университет, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті, Орталық Азия инновациялық университеті, Шымкент университеті бірлесіп, төтенше жағдай орын алған Орал қаласына көмек көрсетуді ұйғарған.

18 сәуірде жолға шыққан бес жүк көлігі екі тәуліктен аса жол жүріп, Ақ Жайық жеріне жетті.

IMG_0281

Гуманитарлық көмекті бастап келген әр университеттің өкілдері оңтүстік жұртының, шымкенттік білім ордаларының оқытушылары мен қызметкерлерінің, білім алушыларының жанашырлық ыстық тілегін қоса жеткізді.
Батысқазақстандық қос жоғары оқу орнының басшылығы әріптестерін қарсылап алып, сын сағатта қолұшын созған ұжымдарға ризашылықтарын білдірді.
– Халқымызда «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген сөз бар. Бүгінде еліміздің бірқатар аймақтарында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты еліміздің оңтүстік өңірі де бұл жағдайға бей-жай қарамай, қиын-қыстау кезеңнің соңы жақсылыққа ұлассын деп тілеп отыр. «Бес саусақ біріксе, жұдырық болады, бес өзен біріксе теңіз болады» дегендей, сол ниетіміздің белгісі ретінде Шымкент қаласындағы бес университеттің аманатын арқалап Орал қаласына келдік, – деді Жұмабек Тәшенев атындағы университет проректоры Ғалымжан Битұрсын.
Салмағы 50 тонна, жалпы құны 25 миллион болатын гуманитарлық көмек су бөгеуге қажетті құрал-саймандардан, көрпе-төсек жиынтығынан, азық-түлік пен гигиеналық заттардан және сәбилерге қажетті дүниелерден құралған. Үш жүк көлігіндегі заттар Жәңгір хан университетіне түсірілсе, қалған екі жүк көлігі Махамбет университетін бетке алып жүріп кетті.
Шымкенттік университеттердің өкілдері су тасқыны орын алған аумақтарды аралап, өзен арналарын биіктету, су бөгеу жұмыстарына өз үлестерін қоспақ ниетте. Соынмен қатар тасқынның беті қайтқан соң профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер жасағын әкеліп, батысқазақстандықтарға тасқынның орнын қайта қалпына келтіру жұмыстарына көмектесуге уәде берді.
Еске сала кетсек, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенттер үйіндегі эвакуациялық орынға тасқыннан зардап шеккен 530 адам (156-сы бала) орналастырылды.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале