31.01.2020, 18:13
Оқылды: 87

«Шыңғырлауда шырайлы іс көп»

-Ержан Рысжанұлы, Шыңғырлау ауданының әкімі лауазымына тағайындалғаныңызға 2020 жылдың 9 қаңтарында бес ай ғана толды. Дегенмен, өзіңіз осы өңірдің тумасысыз. Бұған дейін ұзақ жыл ауданда бірқатар жауапты қызметтерді атқардыңыз. Тарих қойнауына енген 2019 жылы өзіңіз тізгінін ұстаған Шыңғырлау ауданында қандай іргелі істер атқарылды?

шынгырлау

- Шыңғырлау ауданы – Аққұмында Ақшахан шаһарын салдырған, Торыатбас пен Қыземшекте Қобыланды батыр қылышын қалдырған, Шыңғырлау өзенінен Асан қайғы бабамыз желмаясының шөлін қандырған құтты мекен, киелі орда. Ақ Жайықтың Ресейге ашылатын қақпасы саналатын Шыңғырлау ауданы – даңқты қолбасшы Бөкенбай баһадүрдің, оның ұрпақтары Тіленші, Жоламан батырлардың атамекені. Егеулі найзаны қолға алып, ел қорғаған бабалар ерлігін жалғастырған Сүндетқали Есқалиев, Андрей Тихоненко, Георгий Шевцов, Бисенғали Мұқанбетовтардың туған жері. Бабалар өсиетіне адал өскелең ұрпақ өмір сүріп, еңбек етіп жатқан шырайлы өңір.

Турмагамбетов Ержан Рысжанович

Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында Ресей Федерациясының екі ауданымен, Ақтөбе облысымен және өңірдің үш ауданымен шектесіп жатқан өрісті өлкеде 15 мыңға жуық халық мекен етеді. Алмаз, Ақбұлақ, Ащысай, Ақтау, Ардақ, Ақшат, Қарағаш және Шыңғырлау ауылдық округтерінде 22 ұлттың өкілі тату-тәтті тірлік кешуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ішкі саяси мәселелер, азаматтардың құқықтары, сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жергілікті атқарушы құрылымдар алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар Шыңғырлау ауданында да жүргізіліп келеді. Аудан тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнату, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін орындау мақсатында «Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдау шараларын ұйымдастырып, жергілікті атқарушы құрылым басшылары әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тұрғындардың көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап береді. Аудан әкімдігінің интернет-ресурсында «Бастама ұсыну» айдары ашылып, тұрғындар тарапынан жолданған талап-ұсыныстар жұмыс барысында ескерілуде.

Біз халықтың барлық өтініш-тілектерін талдай отырып, жұмысты келесі бағдарларға бағыттадық. Олар тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау, құрылыс, ауыз сумен қамту, жол сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және аудан бюджетін мақсатты пайдалану мәселелері.

Өткен жыл Шыңғырлау ауданы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан нәтижелі аяқталып, ауқымды жұмыс атқарылды. Оңды істердің барлығы да қоғамдық кеңес мүшелерімен, аудандық мәслихатпен бірлесе жүзеге асқанын ерекше атап өткім келеді. Жұртшылық алдындағы есеп беру кездесулерінде көтерілген ұсыныстардың бірқатары өз шешімін тауып, кейбірі мазмұнына және қаражат қажеттілігіне орай биылғы жылға ауысты. Бүгінде Ақшат ауылына банкомат орналастыру, Қарағаш ауылына кіреберіс көпірді жөндеу, Ащысай ауылын таза ауыз сумен қамту мәселелері оң шешімін тапса, мазмұны күрделі мәселелердің бірі Шыңғырлау – Сегізсай бағытындағы жолдың бір бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

- Шыңғырлау ауданы – 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылған аудан. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың қарқыны қандай?

- Дұрыс айтасыз. Аудандағы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 100 пайыз. Қазіргі таңда газ құбырларының құжаттарын жасақтап, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту бағытында 2018 жылы Ақшат, Амангелді ауылдары, 2019 жылы Ащысай, Жаңакүш ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылды. Аудан бойынша тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу көрсеткіші 85%-ды құрап отыр. Сонымен қатар Жаңакүш ауылының Ашықтоғай ұңғымасынан Шыңғырлау ауылына қосымша су тарту жұмыстары жүргізілді. Алмаз, Ақтау елді мекендеріне ауыз су жүргізу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар аяқталған соң аудан тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94%-ды құрайтын болады. Сондай-ақ сегіз елді мекенге су құбырын өткізуге жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Жалпы, 2022 жылға дейін ауданымызда ауыз сумен қамту көрсеткішін де 100 %-ға жеткізу жоспарымызда бар.

Аудан бойынша жер кезегінде 350-ден астам адам және тұрғын үй кезегінде 200-ге жуық адам тұр. Бұл мәселені шешу үшін аудан орталығына инфрақұрылым салуға, 3 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысына және ауданның төрт ауылына 10 екі пәтерлі тұрғын үй құрылысына жобалар дайындалды.

- Шыңғырлау – жері шұрайлы, суы құнарлы өлке. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қандай жаңа жобалар қолға алынды?

- Ауданның табиғи климаттық жағдайы, су ресурстарының болуы, шойын жолдың және Шымкент-Самара халықаралық тасжолының бойында орналасуы, шекаралық аудан болуы мал, құс және бау-бақша шаруашылығын жүргізуге тиімді болып саналады. Сондықтан негізгі басымдық осы салада.

Аудан кәсіпкерлері несиелер алып, шаруашылығын кеңейтуде, мал басын асылдандыру жұмыстары да қарқынды. Жаңадан іс бастап, түрлі бағыттағы шаруашылықты қолға алған тұрғындар да мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын айқын сезініп отыр. Мүйізді ірі қара малының саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,1 пайызға өсіп отыр. Жалпы, төрт түлік бойынша да өсім бар.

Бүгінгі таңда аудандағы 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 125 бас асыл тұқымды бұқа мен 3 125 бас тауарлы аналық мал өсірілуде. Ауданда «Шыңғырлау-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің модульді мал сою пункті жұмыс жасайды.

Атакәсіпке адалдық танытып келе жатқан шаруалар малдың тұқымдық сапасын жақсартуға, өнімділігін арттыруға баса көңіл бөлуде. Биылғы жылдың өзінде ауданымызда асыл тұқымды

мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 9-ға дейін жетті. Олар ангус, ақбас, герефорд, сементал асыл тұқымды малдарын өсіруде. Ауданда «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 200-ден астам ірі қара аналық мал басы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 300-ден астам ірі қара малы сатып алынды.

Мал басын көбейту және асылдандыру мақсатында өткен жылы екі шаруа қожалығы шетелден ангус тұқымды 147 бас малын сатып әкелді. Тағы төрт шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 294 млн. теңге несие алып, ағымдағы жылы 716 бас асыл тұқымды мал сатып алмақшы. 2019 жылы аудандағы 20-дан астам жаңадан ашылған шаруа қожалығына және жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына ісін кеңейту үшін жер учаскелері берілді. Ауданға инвестор тарту бағытында үш инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскелері белгіленді. Біздің алдымызда ауыл шаруашылығын экономика драйверіне айналдыру мақсаты тұр.

Ауыл шаруашылығы саласын тиімді дамыту үшін бірінші кезекте техника мәселесі дұрыс шешілуі керек. Ауданда бұған дейін агроқұрылым техникаларының дені жаңартуды қажет ететін. Жыл санап бұл мәселе оңынан шешілуде. Былтыр аудандағы шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары аясында 53 бірлік техника мен жабдықтар сатып алды. Жайылымдарды суландыру бағдарламасы бойынша төрт құдық қазылып, жеті күн панелі орнатылды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Шыңғырлау ауданы әкімдігі арасындағы «Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру мәселелері бойынша меморандумға» сәйкес, біздің аудан 2019 жылы көктемгі далалық жұмыстарында барлығы 12 590 гектарға егін екті. Егісте күздік бидайдың «Жемчужина Поволжья», күздік қара бидайдың «Саратовская-6» сияқты өнімділігі жоғары сорттары пайдаланылуда. Өткен жылы «Жаңа жер» және «Жарас» шаруа қожалықтары бу алқабын дайындау, тұқымды баптау және жерді өңдеу, ылғал сақтау технологиясын қолдануының арқасында күздік бидайдан гектарына 22-27 центнер өнім алды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту мақсатында инвесторлармен келіссөздер жүргізілді.

Биыл ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында шаруа қожалықтарын ашу, лизингке техника алу, күн панельдерін орнату, құдық қазу, асыл тұқымды мал басын көбейту, құс шаруашылығын дамыту бойынша жоспарларымыз бар.

- Шыңғырлау – Ресеймен шекаралас жатқан, шойын жолдың бойында орналасқан аудан. Бірлескен өндіріс орындарын ашу, сауда-саттық көлемін ұлғайту, жол бойындағы қызмет сапасын арттыру бағытында нақты қандай жұмыстар қолға алынды?

- Шыңғырлау ауданының бір ұтымды тұсы – теміржолдың бойында орналасуы. Сондықтан бізге қандай тауар болса да, тікелей жеткізіледі. Яғни тауар тасымалы арзанға түседі. Осы тиімділікті түсінген аудан тұрғындары тұрмысқа, құрылысқа қажетті дүниелерді Қазақстанның

ірі қалаларынан, тіпті Ресейден де тапсырыспен алдыра береді. Біздің қазіргі күндегі басты мақсатымыз да, осы теміржол бойындағы бизнесті дамыту болып отыр. Өткен жылы «Астана» жеке кәсіпкерлігі кәсібін кеңейту мақсатында Шыңғырлау ауданы орталығында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 30 млн. теңге несие алып, азық-түлік супермаркетін, «ДомоСтрой» құрылыс және тұрмыстық тауарлар сататын дүкен ашты.

Сонымен бірге автобөлшектер сатуға арналған дүкен, балаларға арналған маусымдық ойын орталығы, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында дәріхана және аудан халқына қолжетімді киім-кешек сататын дүкен ашылып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болды.

Жол бойында қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында 2019 жылы Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылдық округі аумағынан өтетін Шымкент-Самара тасжолы бойында «Жомарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 50 млн. теңге болатын 2 қабатты қонақжай кешені мен асхана және кемпинг құрылысы, «Көксері» шаруа қожалығы құны 20 млн. теңге болатын дүкен, асхана, кемпинг құрылысы жұмыстарын бастады. Ағымдағы жылы бұл құрылыс жұмыстары толық аяқталып, іске қосылады. Нәтижесінде оннан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы, сауда-саттықты арттыру мақсатында инвесторларды тарта отырып, жиҺаз дүкені мен мейрамхана құрылысы, жанар-жағармай құю бекетін салу, көлік жөндеу станциясы сияқты жобаларды жүзеге асыру жоспарда.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыстарды ел ішінде жандандыру туралы тапсырма берді. Осы бағыттағы қолға алынған істерді айшықты мысалдармен айтып өтсеңіз?

- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақшат тірек елді мекенінде 35 ауысымдық дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сонымен қатар аудан орталығы көшелеріне бейнебақылау камераларын орнату және Ақсай-Шыңғырлау бағытындағы аутокөлік жолдарының бойына (Ащысай, Амангелді ауылдарының маңына) жылдамдық өлшеу құрылғыларын орнату жоспарымызда бар.

- Ержан Рысжанұлы, ауданаралық және ауылішілік аутокөлік жолдарын жөндеу мәселесі қалай шешілуде?

- Жалпы, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 27 шақырым болса, облыстық маңызы бар жолдың ұзындығы 39 шақырым, ал аудандық маңызға ие жолдардың ұзындығы - 276 шақырым.

Өзекті мәселелердің бірі болып келген Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай аутожолдарын жөндеу жұмыстары. Осы бағыттағы аудандық маңызы бар жолдың 32 шақырымына қиыршық тас төсеу арқылы және 12 шақырымына асфальт төсеу арқылы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы, Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолын жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл өз кезегінде шекара маңында орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың

тұрақтап қалуына және логистиканың жақсаруына, жол бойында шағын және орта бизнестің дамып, салық түсімінің ұлғайуына, жол сервисінің дамуына, инвесторлардың келуіне оң ықпалын тигізері анық.

Аудан орталығы Шыңғырлау ауылының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу бойынша да шаралар жоспарлы жүргізілуде. 2018 жылдың соңында бастау алған ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын Лұқпан Қылышев атындағы көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге қашықтығы 4 шақырымға таяу қосымша 2 (Тәуелсіздік, Мұратбаев) көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Ащысай, Ақшат және Шыңғырлау ауылдарына ауылішілік жолдарын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды.

- Ауданда қандай мамандарға сұраныс бар? Бұл мәселе қалай шешілуде?

- 2019 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 32 жас маман көтермеақы алса, 27 жас маман жеңілдетілген тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етілді. Аудан көлемінде жас мамандарға мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беру секілді қолдаулар көрсетілгенімен, білім, медицина, мәдениет салаларында мамандардың жетіспеушілігі өзектілігін жоғалтпай отыр. Ауданымызға мамандар тарту бағытында облыс көлемінде ұйымдастырылатын бос орындар жәрмеңкесіне үнемі қатысып келеміз. Алайда бүгінгі күнге медицина саласына дәрігер анестезиолог-реаниматолог, дәрігер акушер-гинеколог, дәрігер эндокринолог, мейіргер мамандары қажет болса, білім саласына ағылшын тілі, орыс сыныптарына орыс тілі, математика, химия, физика пәні мұғалімдері, ал мәдениет саласы бойынша көркемдік жетекшілер қажет болып отыр.

- «Еңбек» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылды? Кәсіп ашуға талпынған жастарға қандай нақты қолдау-көмек жасалды?

- 2019 жылы 1500-ден астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. 727 жаңа жұмыс орны ашылып, соның ішінде 239 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 150 жуық тұрғын қамтылып, олардың 85-і тұрақты жұмысқа орналасты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында қаржылай қолдау қоры, агронесиелік коорпорациялар арқылы 62 жерлесіміз 224 млн. теңге несие алып, өз істерін бастады. Сонымен қатар «Бастау бизнес» арқылы 284 тұрғын оқуға жолданды. Тағы 78 адам 38 млн. 127 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант иеленді. Оның басым бөлігін аз қамтылған отбасылар, көп балалы ата-аналар, мүгедектер және жастар құрады.

- Ел үкіметі 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін өзгертті. Ауданда АӘК есебінен кәсіп ашуға ден қойып, өзгелерге үлгі болып жүрген отбасылар бар ма?

- Шыңғырлау ауданы бойынша 2019 жылы 170 отбасына, яғни 783 адамға, соның ішінде 468 балаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішінен жеке қосалқы шаруашылықтарын дамыту үшін 51 отбасына біржолғы шартты ақшалай көмек тағайындалды. Осы біржолғы шартты ақшалай көмекке отбасылар өз шаруашылықтарын дамыту үшін 65 бас ірі қара мал, 57 бас ұсақ мал, бес бас жылқы, алты бас шошқа, 1619 бас құс сатып алды.

Мысалы, Шыңғырлау ауылының бір тұрғыны 2019 жылдың сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріп, 850 491 теңге бір жолғы шартты ақшалай көмекке ие болды. Бұл қаражатқа екі бас ірі қара, жем-шөп сатып алды. Кейін «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курстарына қатысып, сертификатқа ие болды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыру бойынша мал шаруашылығын дамыту үшін 2019 жылдың қазан айында 505 мың теңге мемлекеттік грант алып, тағы екі бас ірі қара мал сатып алды. Сонымен қатар осы тұрғын 2019 жылдың қараша айында аталған бағдарлама бойынша мал шаруашылығын дамытуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген пайызбен 3,4 млн. теңге көлемінде шағын несие алды. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қорасы малға толып, өз шаруасын дөңгелетуде. Бүгінгі күнге аз қамтылған отбасылар қатарынан шығарылды.

- Өткен жылы Шыңғырлау елінен шыққан атымтай жомарт азаматтардың бастамасымен қандай жобалар жүзеге асты?

- Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» кіші бағытындағы «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобалары шеңберінде Шыңғырлау ауданында дүниеге келген азаматтардың бастамасымен жалпы құны 85 млн. 95 мың теңгеге 12 жоба қолға алынды. Солардың бірі – теміржол үстімен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Көптен бері өзекті болып келген мәселе меценат жерлестеріміздің арқасында өз шешімін тапты. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын бұқаралық спортпен қамтуды одан әрі жүзеге асыру, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында Шоқтыбай ауылы азаматтарының бастамасымен спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Кейбір жобаларды ауыл болып іске асырып жатқан жағдайлар бар. Мысалы, Жаңакүш ауылының жастары мен ауыл тұрғындары ауылға кіреберіс маңдайша орнатқан болса, Ақшат ауылдық округінде 1979 жылғы мектеп түлектері ауылда жазғы суға түсу маусымына жағажай, 1994 жылғы түлектер кіреберіс маңдайша, Қарағаш ауылдық округінің тұрғындары кіреберіс маңдайша орнатып, «Атамекен» мейрамханасын күрделі жөндеуден өткізді. Алмаз ауылында «Туған жерім-Алмаз» жарық диодты белгі орнатылды. Жыл сайын туған жерін түлетуге, оның дамуына үлесін қосып келе жатқан азаматтарымыз мен кәсіпкерлеріміз көбейіп келеді. Аудан көлеміндегі жасалған ізгі істер әрі қарай өз жалғасын таба беретініне сенімдімін.

- Ержан Рысжанұлы, Жастар жылының қорытындысы мен биылғы Еріктілер жылына жоспарланған шаралар туралы әңгімелеп берсеңіз?

- 2019 жылы «Жастар жылы» аясында «Шыңғырлау жастары» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толуына орай «15 жылдыққа – 15 шара», «Шыңғырлау аруы - 2019» байқауы өткізілсе, ауданда жаңа «ChinRealPower» атты спорттық жобаның тұсауы кесілді. Көршілес Ресей елінің жастарымен бірлесе жұмыс жасау мақсатында меморандумға қол қойылса, жас отбасылар арасында отбасылық құндылықтарды сақтау, дәріптеу бағытында да шаралар оздырылды.

Өздеріңізге мәлім, 2020 жыл елімізде «Волонтер жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Осы бағытта Шыңғырлау ауданының жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Еріктілер клубы» биылғы жылға әлеуметтік еріктілік, спорттық еріктілік, білім берудегі еріктілік бағыттары бойынша жаңа жобаларды қолға алады.

Атқарылған жұмыстармен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Аудан бойынша 25 елді мекеннің 19-ында CDMA/EVDO технологиясымен (жылдамдығы 512 Кбайт) интернет желісі қосылған. Аталған желінің сапасы төмен, жылдамдығы аз болып отыр. Аудан бойынша сегіз ауылдық округтің үшеуінде ұялы байланыс мүлдем жоқ. Бірнеше жылдан бері байланыс операторларымен келіссөздер жүргізілгеніне қарамастан, әзірге нәтиже болмай отыр. Сонымен қатар Шыңғырлау ауданына қарасты елді мекендерде төрт телеарна ғана көрсетеді. Ал кейбір елді мекендерде тек екі телеарна. Бұл мәселелерді шешу бағытында құзырлы мекемелермен жұмыстанудамыз.

 

Шыңғырлау аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы:

- Қазір аудан халқының тұрмыс деңгейі қаладан еш кем емес. Алаңсыз еңбек етуге, уайымсыз өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған. Сол себепті де аудан халқының көңіл күйі тоқ. Бұрын көгілдір отын, ауыз су, жол мәселелерін ойлайтын болсақ, қазіргі кезде рухани тәрбиеге бет бұрдық. Осы игі істердің барлығы мемлекет басшысының саясатын жергілікті жерде жүзеге асырып отырған облыс және аудан әкімдерінің еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Бір ғана мысал айтайын, ұзақ жыл бойы ауыз су зардабын тартып келген Амангелді, Ащысай ауылдарына сапалы таза ауыз су жеткізілді. Осындай жұмыстар қазір Алмаз және Ақтау ауылдарында да жалғасуда. Жыл санап ауылішілік жолдар жөнделіп, аудан бойынша көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 100%-ға жетіп отыр. Ауылға жұмыс істеуге келген жас мамандарға тұрғын үйлер беріліп, нақты қолдау көрсетілуде.

Талшын ТАЖКЕНОВА,

Шыңғырлау ауылының тұрғыны,

«Алтын алқа» иегері, әжелер ансамблінің мүшесі:

- Ауданымыз жыл санап көркейіп келеді. Әсіресе, аудан орталығының әсем көшелерімен жүріп өткенде кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Ауылішілік жолдар жөнделіп, жаңа спорттық алаңдар салынуда. Керек-жарағыңды алу үшін қалаға барудың қажеттілігі туындамайды. Аудан орталығынан қаладағыдай сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету орындары көптеп ашылуда. Шағын және орта бизнес кең қанат жайып келеді. Әсіресе, жастардың кәсіп ашуға деген ынта-ықыласы зор. Еңбек етемін деп ниеттенген жандарға жан-жақты қолдау жасалуда.

Халида ЖҰМАҒҰЛОВА,

Шыңғырлау ауылының тұрғыны,

педагог-психолог, «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

- Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Өз басым, туған жерімнің әрбір жетістігіне балаша қуанамын. Туған жерді түлету – үлкен-кішіге ортақ шаруа екені белгілі. Қолдан келгенше ауылымның көркеюіне үлесімді қосып келемін.

Жеті кереметі арқылы тарихы мен танымы дәріптелетін Шыңғырлау – қасиетті өлке. Біздің аудан Ақ Жайық өңірінде жергілікті туризмді насихаттауға белсене кіріскен санаулы аудан қатарында. Ендігі кезекте инфрақұрылым мәселесіне көбірек көңіл бөлінсе, Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолын жөндеу жұмыстары жалғасын тапса деген өтініш-тілегіміз бар.

 

Сұхбаттасқан Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Сабыр САМИЕВ,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале