25.05.2021, 18:01
Оқылды: 387

Соғылды соңғы қоңырау

Бүгін өңіріміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау соғылды. Білім ошақтарында санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп түлектері үшін салтанатты шара ұйымдастырылды. Қаламыздағы №42 «Ақ ниет» гимназиясының, №16 орта мектеп ұстаздары мен оқушыларын облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт сапар тіледі.

 4

2020-2021 оқу жылында қаламыздағы мектептердің 1-11 сыныптарында 52695 оқушы білім алды. 2285 түлек 11 білім алған алтын ұясынан түлеп ұшып, өмір сапарына аттанбақ. Олардың 111-і «Алтын белгіге», 45-і «Ерекше аттестатқа» үміткер.

2

Биыл қала мектептері арасындағы үздік орта білім беру ұйымы атанған №42 «Ақ ниет» гимназиясы мектеп қабырғасынан 16-шы түлектерін ұшыруда. Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев «Ақ ниеттің» түлектеріне облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, ақ жол тіледі.

3

– Сіздер, ХХІ ғасырдың ұрпағысыздар, миллениумда дүниеге келдіңіздер. Биыл ерекше жыл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс орта мектепті тәмамдап, жаңа өмір жолына қадам басқалы тұрсыздар! Әрқашан сіздерге сәттілік серік болып, Тәуелсіз Қазақстанымызды бұдан әрі де биік белестерге жеткізетін азамат-азаматша болады деп сенеміз.

6

Бүгінгі күні облысымыз бойынша 6000-ға жуық түлек өздеріне 11 жыл білім нәрін сыйлаған сүйікті мектебімен қош айтысуда. Алға айқын мақсат қойып, өмірлік жолын дұрыс таңдай білген жастар өз кірпішін берік қалайды. Мектеп өмірінде жеткен жетістіктеріңіз аз емес, алдағы уақытта  республикалық, халықаралық деңгейде сіздерді биіктен көретінімізге сенімдіміз, - деді Мұхтар Наурызбайұлы.

№42 «Ақ ниет» гимназиясының директоры Ерік Жылқыбайұлының айтуынша, мектеп бітіргелі тұрған 83 түлектің сегізі «Алтын белгі» төсбелгісіне, үшеуі – «Ерекше аттестатқа» үмітті. Оқу жылын сәтті аяқтағанын атап өткен мектеп басшысы әр түлек ұстаздардың жүрегінде ұзақ сақталатынын атап өтті.

5

– Тарыдай болып кірген шәкірттеріміз 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, рухани азық жиып, үлкен өмірге сапар шекпек. Бүгінгі түлектерімнің әрқайсысы өз ерекшеліктерімен гимназия тарихында қалып отыр. Қалалық, облыстық, республикалық олимпиада, ғылыми жобалар байқауларында жетістікке жетіп жүрген оқушыларымыз өте көп. Мектеп өмірінде айрықша жетістікке жетіп, өз бағытын айқындаған бұл шәкірттерімнің болашағынан зор үміт күтеміз, - дейді мектеп директоры.

Салтанатты шара кезінде мектептің дарынды түлектері мектеп туы мен білім кілтін кейінгі буынға зор сеніммен тапсырды. Сондай-ақ мәдени шараларда белсенді болу, спорт жарыстарында жеңіс тұғырынан көріну, экологияны қорғау сынды аманаттар да айтылды.

7

Мақтаулы гимназия ұжымына сәттілік тілеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев бір кездері өзі білім алған №16 орта мектепке атбасын бұрды. Өзі оқыған мектептің түлектеріне сәт сапар тілеген Мұхтар Наурызбайұлы мектеп қабырғасындағы қызықты сәттерін еске алды.

№16 орта мектепті 24 оқушы бітіруде. Олардың 4-і «Алтын белгіден», «1-еуі «Ерекше аттестатқа» үміткер. Толқулы сәтте мектеп түлектері ұстаздарына, мектеп ұжымына алғысын білдірді. Салтанатты шара соңы мектеп вальсіне ұласты.

8

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress

 Жұлдыз Ақлимова,

№16 орта мектеп түлегі:

 – Бүгін біздің өміріміздегі ұмытылмас күн. Өйткені біз мектепті сәтті бітіргенімізге, алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашылғанына қуаныштымыз. БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев те біздің мектепте білім алған. Ол бүгін бізге ересек өмірге аттанар алдында сәттілік тіледі. Ол кісінің сөздері бізге күш-қуат берді. Алла бұйырса, 20 жылдан кейін туған мектебіме оралып, түлектерді соңғы қоңырау салтанатымен және еліміздің тәуелсіздігінің 50 жылдығымен құттықтаймын деп үміттенемін.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале