15.12.2020, 11:33
Оқылды: 239

«Сол кездегі салқынның сызы қалды...»

Тәуелсіздік туралы жазғанда «Желтоқсан» туралы айтпай, айналып кету әсте мүмкін емес. Шын мәнісінде, Желтоқсан көтерілісі азаттықтың ақ таңы жақындап қалғанын сездірген оқиға болатын. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сонау 86-ның желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне қарсы наразылық көрсеткен жастардың бар арманы құлдықтан босап, егемендікке қол жеткізу еді. Көтеріліске лезде КОКП ОК-нің қаулысымен “Қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, оған қатысқан жастар аяусыз жанышталып, қуғын-сүргінге ұшырағаны көпке мәлім. Сол жылы алаңға шыққан көп жастардың ішінде жерлесіміз, елімізге танымал дәулескер күйші-домбырашы Нұржан Сертеков те болды. «Желтоқсанның» қатысушы куәгері болса да, жан баласына жақ ашпай, құпия сақтап келуінің де өзіндік сыры бар-тұғын. Арада жиырма жыл сақтаған құпиясын осыдан біраз жыл бұрын алғаш боп «Орал  өңірі» газетімен бөліскенін  көзіқарақты оқырман ұмыта қоймаған шығар. Осыдан  бірер күн бұрын тағы да орайы келіп, ағамен әңгімелесудің сәті түскен  еді...

08A650CE-07B3-4812-9935-E5B365BD4E24

«Жиырма жыл жасырдым...»

– Егемендікті алу, тәуелсіз елдің азаматы болу – әр қазақтың арманы десек, желтоқсан көтерілісі сонау Сырым батырдың, Исатай мен Махамбет, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің заңды жалғасы дер едім. Менің желтоқсанға қатысқанымды алғаш боп тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов ағамыз айтты. Осылайша желтоқсанның куәгері екенімді былайғы жұрт жиырма жылдан кейін ғана білді. Өзім айтуға арым жетпеді. Өйткені бұл мақтан ететін дүние емес еді, – деп сөз бастады кейіпкеріміз.

Дәл сол жылы Нұржан Сертеков әскери борышын өтеп,  Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына қайтадан оралған шағы болатын. Оқиға орын алатын күні таңғы сағат 6-да радиодан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бесінші пленумы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына ел халқына мүлде таныс емес, қазақ ұлтынан еш хабары жоқ  Г.Колбиннің тағайындалғаны жайлы хабарды құлағы шалады. Сол күні күндегі дағды бойынша сабақтан қайтар жолда троллейбусқа мініп, ішіндегі орындықтарға жайғаспай, артқы терезеден көшеге көз тастап тұрған сәтінде орталық алаңға қарай ағылған әскери машиналарды көзі шалады. Көшеден көргенін жатақханадағы жолдас жігіттерге жеткізіп, солармен бірге алаңға  бет  түзейді.

– Жастарды біреулердің айтағымен, күштеуімен, мәжбүрлеп әкелді деу өте қисынсыз. Көкірегінде «Мен қазақпын!» деген намысы бар жастар тобы орталық алаңға лек-легімен ағылып, бейбіт шеру арқылы орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға  қазақ басшы!», «Әр халыққа өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтып қалуға тырысты. Алайда 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға ұласты. Қаншама адамның қаны төгілді, қаншама адам жазықсыз жазаланып, қаншасының есімі мен мүрдесі әлі күнге дейін белгісіз боп қалды, – деген кейіпкеріміз КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға екендігін атап өтті.

«Сегіз ай ауруханада жаттым»

Желтоқсанның ызғарын әлі де ұмыта қоймаған кейіпкеріміз сол күнгі оқиғаны «Талай жастың арманына балта шауып, үкілеген үміттерді мезгілінен бұрын үзді» деп күрсіне еске алады. Алаңға шығып, баскесерлерден оңбай таяқ жеген ол сегіз ай өмірін аруханада өткізіп, оқудан бір жыл академиялық демалыс алуға мәжбүр болады. Алайда бұл «демалысы» оң жамбасынан келіп, оны көп қуғын мен жазадан құтқарып қалады.

– Желтоқсан оқиғасы орын алған сол күндері алаңға тек жастар шықты дей алмаймын. Арамызда саяси көзқарасы қалыптасқан, ортада беделді, шенді-шекпенді ағаларамыз да болғанын айта кетуіміз керек. Бірақ олардың сөздерін ешкім естімеді. Кейбір беделді тұлғалар жастарға басу айтып, тарауларын өтінді. Бірақ оған шын ашынған жастар көне ме? Ешкім қозғалмады. Қолдарында қарулары бар, әскери киімдегі солдаттар мен милиционерлер қазақ жастарын  көз алдымызда соққыға жығып, сүйреп кетіп жатты. Қаруланған әскерлер алаңнан жастарды шығара алмай, ұзақ әлектенді. Менің көргенім – қақаған қыстың  қақ ортасында арнайы техникалар алаңдағы жастарға қарсы су шашып жатты. Әскери адамдардың барлығы бастарына каска киіп, дубинкалармен ұруға әзір тұрды. Кез келген жерде қорғана білмесең, аяусыз таяқ жейтінің кәміл. Ал сол кезде біздің қаруымыз  терек бұтақтары мен кесек тастар еді. Бір кезде топ ортасында тұрған Қайрат досымның (әнші, композитор Қайрат Жүнісов) көзіне қатты соққы тиді. Баскесерлерге тап болғанымызды сол кезде бір-ақ білдік. Сақан Әлекеев деген вокалист жігіттің басы жарылды. Досыңды қалай тастап қашасың? Оны екі жағынан сүйреп келе жатқанда оңбай таяқ жедім. Дубинка дегенің адам денесіне қатты тиеді екен. Алғашында ет қызуымен мән  бермей жүріп қалдық. Біраз уақыт өте келе сол жауырыннан алған соққыдан өкпем қарайып, сегіз айды ауруханада өткізген едім. Оқиғаның салдарынан ешкімге зияны жоқ Шоқан деген вокалист жігіт жұмысынан босады, Сайлау деген досым оқудан шығарылды, ал жоғарыда айтқан Қайрат досым театр институтына ауысты. Ал мен әуелі Алла, ата-баба аруағы, жанашыр, қамқор азаматтардың арқасында бұл сүргіннен аман қалдым. Бұл үшін мен мақтана алмаймын, олардың тұтылып, менің «құтылып» кеткендей болған сол күндерді еске алу маған өте ауыр. Қанша жыл өтсе де, ұмыту мүмкін емес екен. Жүректе сол кездегі салқынның сызы қалды, – дейді Желтоқсан оқиғасының куәгері Нұржан ағамыз.

Биыл Желтоқсан оқиғасына 34 жыл толады. Ол кезде билікте, әсіресе, бүкілодақтық БАҚ атаулы жастарды қаралаумен айналысқанын бәрі біледі. Ал Нұржан Орынғалиұлы елім деп еміренген жастарға сол кезде өкімет қолдау көрсетудің орнына, керісінше қудалау, қорлау, қысым көрсету, жазалау шаралары, тіпті, шектен шыққан әрекеттер көптеп орын алғандығын алға тартады.

– Қай кезде де ешкім қараптан қарап алаңға шықпайтыны белгілі. Мыңдаған адамның қаны төгілсе де, тарихшы ғалымдар тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі күнге өзінің лайықты саяси бағасын ала  алмай келеді. Желтоқсан шындығы әлі күнге «жабулы қазан» күйінде қалып отыр. Бұл  уақыт еншісіндегі нәрсе. Бұдан басқа желтоқсан көтерілісі төңірегіне келгенде әлі де болса самарқаулық пен салғырттыққа жол беріп келе жатқанымыз өтірік емес. Желтоқсан оқиғасында қанша адамның қаза тауып, қанша адамның қуғын көргені әлі күнге дейін нақты емес. Жалпы, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін посткеңестік елдердің сарапшылары КСРО-ны құлатуға бірден-бір түрткі болған оқиға деп бағалайды. Ал бізде ше? Тәуелсіздік алғалы бері мыңдаған адамның қаны төгілген үлкен көтеріліс «Желтоқсан оқиғасы» деген ресми атаумен шектелуде, – деп өз пікірін білдірген кейіпкеріміз атаулы күн  жылда жаңа жылдың тасасында  қалып  кететініне  налиды.

– Желтоқсаншыларға Ауғанстандан әскери борышын өтеген ардагерлер  сияқты арнайы мәртебе, яки жеңілдіктер берілсін деген ойдан аулақпын. Өйткені біз алаңға бәзбіреулердің сойылын соғып, медаль алайық деп, көзге көрінейік деп жағымпаздықпен шыққан жоқпыз! Бізді орнымыздан қозғап, алаңға шығарған жылдар бойы жүрек түкпірінде қатталып, айта алмай, жаншылып келген ұлттық намыс пен арымыз, елімізге деген шынайы патриоттық сезім болатын.  Күні кеше кеудемізге тағылған медаль да жүрекке түскен сыз бен жараны жаза алмасы анық, – дейді Нұржан ағамыз.

«Домбыра да қуғындалды»

Нұржан аға бүгінгі күнді кеңес дәуірімен салыстырғанда жастарымызда жан-жақты өсу байқалатынын тілге тиек етті. Жеткен жетістіктерге, бағындырған белестерге қарап, мемлекеттің даму үстінде екендігін айқын көруге болатынын, сондықтан сең бірден бұзылып, зымыран секілді ұшқыр дамып кетпесе  де, алға қарай жылжып келе жатқандығын айтады. Ал Кеңес өкіметі кезінде бұның бәрі жай ғана арман болғандығын, қазақ жастарының өсуі тұрмақ, ұлттық құндылықтарымызды өз дәрежесінде дәріптей алмайтын күнге жеткенін де жасырып қалмады.  

– Қазір ештеңеден қорықпайтын заман туды, демократия деп ойымызға келгенді айтып жүрміз. Өткен кезбен салыстырғанда еліміздің өркендеп келе жатқаны анық сезіледі. Бұрын қалай болған еді? Өзімізде Байқоңыр бола тұра, 1961 жылдан бастап 30 жыл ішінде айға бірде-бір қазақтың ұша алмауы қасірет еді. Егемендіктің алғашқы жылында-ақ қазақ ұлының «көкке» ұшуы әлем елдерін аузына қаратқан, үлкен сенсациялық жаңалық болды. КСРО кезінде орын алмақ түгілі, қатысудың өзі мұң болатын ірі-ірі халықаралық спорттық жарыстар мен олимпиада ойындарында бүгінде қазақ жастарының есімі ерекше аталып, көк туымыз желбіреп, қазақ деген ұлттың дара болмысы айшықталып келеді. Талантты жастарымыз әлемдік сахнада қазақ әнін шырқап, ұлттық мәдениетті күллі әлемге паш етіп жүр.

Осылардың бәрі тәу еткен тәуелсіздігіміздің ортақ жетістігі деп толық айтуға  болады, – дейді ол.

Кеңес үкіметі қазақты ұлттық болмысынан ажыратып қоймай, барынша мәңгүрттендіруге тырысып баққаны  белгілі. Соның дәлелі – бір кездері қазақтың төл аспабы – домбырамызды тартуға тыйым салынып, қуғындауға ұшыраған еді. Сол секілді қылқобызымыз да қуғындаудан кейін жойылып кетудің шақ алдында тұрды. «Ескінің сарқыншағы ескіні көздейді» деп Кеңес өкіметі кезінде оны тартуға мүлдем тыйым салды.

– Біздің облысымызда да қылқобыз болған, тартылған, жаңағыдай қуғындаулардың кесірінен мүлдем жойылып кетті. Шаңқобызды зерттеушілер сонау поляк жерінен келіп, «Орданың әйелдері шаңқобыз деген аспапты тартады екен» деп таңданып кеткен. Ал біздер оны якуттар мен хакастардың аспабы деп, мән бермей, үстірт қарап  келеміз. Кейбір зерттеушілер қурайды башқұрттардан келген дейді. Ал менің туған атам да, ағамның да сыбызғы тартқанын көріп өстім. Тек түрлі қысым, қуғынның кесірінен ұлттық аспаптарымыз бірден ұмытылып, халық жадынан өше бастады. Ал оны қайтару, қайта жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Кеңес үкіметі кезінде қазақ жастары  ғана емес, ұлт рухы болған қазақ аспаптары да шеттетілді.

Әлі күнге дейін сол жылдары Алматыда болып, алаңнан табылған қарапайым ғана қазақтың бірімін деп есептеймін. Оқудан қуылып, жұмыстан шеттетілген достарымның басына түскен қиындық мені айналып өтсе де,  Кеңес Одағына ең алғаш қарсы шыққан қазақ жастарымен бірге алаңда болғанымда жастық шағымның естелігі ретінде еске алып отырамын. Желтоқсан оқиғасы менің саяси көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Тарих үшін 34 жыл түк емес, Желтоқсан оқиғасы елу немесе жүз жылдан кейін жаңа қырынан танылатын болады. Біз ол тарихты жаңа беттерден таңқалып оқитын боламыз. Өйткені желтоқсанның біз білмейтін  басқа  шындықтары ашылады, – дейді күйші ағамыз.

Әңгімені жазып алған Ләззат Шағатай

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале