«Сол жердің есімде еді суреттері,
Байғұтты, Шолаққамыс қыр беттегі…
Қосайын тағдырыңа тағдырымды,
Туған жер, бар жақсыңа үйрет мені.»
Берқайыр Аманшин
Қарымды қаламгер Берқайыр Аманшиннің осы өлең жолдарын оқығанда, алыста қалған туған жердің сағынышы ғана емес, уақыт көмген тарихтың үні де естілетіндей. Бұл жолдар – жай ғана туған жер туралы өлең жолдары емес. Бұл ғасырлар бойы бабалар ізі қалған, талай ұрпақтың тағдырымен сабақтасқан қасиетті мекеннің рухани төлқұжаты секілді.
Табиғат пен тіршіліктің тоғысы
Байғұтты-Шолаққамыс қорымы – қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданынына қарасты Базаршолан ауылынан шамамен 31 шақырым қашықтықта орналасқан (1-сурет).

1-сурет. Байғұтты-Шолаққамыс өлкесі
Байғұтты атауының шығу төркініне қатысты К.В. Данилевскийдің «Урало-Каспийский край» атты еңбегінде бұл атаудың «бәйге» ұғымымен немесе осы жерге алғаш келіп, елге береке әкелген белгілі адамдардың есімімен байланысты болуы мүмкін екендігі айтылады. Бұл өлке Алаша руының белді тармағы Кенжеғара батыр әулетінің атақонысы.
1920-жылдардағы статистикалық деректер бойынша Байғұттының Қалдығайты, Жақсыбай, Бұлдырты және Өлеңті өзендерімен қоректенетін құнарлы жайылма алқап болғанын көрсетеді. Мұнда 8 613 десятина су жайылатын шабындық орналасып, одан жылына 413 424 пұт, ал құрғақ далалық шабындықтан 263 376 пұт шөп дайындалған. Жалпы жылдық өнім 676,8 мың пұттан асқан. Сонымен қатар Байғұттыда 3 700 десятина орман алқабы болған. 1925–1926 жылдардағы мәліметтер бойынша Байғұттыдағы жалпы егістік көлемі 1 756,52 десятинаға жеткен. Егістіктің басым бөлігіне тары егілген. Шабындық көлемі де едәуір болды: 8 613 десятина жайылмалы және суармалы, 8 928 десятина құрғақ далалық шабындық. Жайылмалы шабындық көлемі бойынша Байғұтты Жымпиты уезіндегі жетекші аумақтардың бірі болды. Байғұттыдағы халық 1926 жылға дейін Ақшолақ-Өзек, Сабақ-Өзек және Жамбақ-Қара-Өзек секілді жерлер негізінен тұрақты қоныстанбаған. Байғұттының 6 және 9-ауылдары бұл жерлерді көбіне жазғы жайылым ретінде пайдаланған. Кейін халық біртіндеп отырықшылыққа бейімделіп, тұрақты қыстаулар пайда бола бастады. Сауда-саттықтың негізгі орталықтары Жымпиты мен Қаратөбе базарлары және жәрмеңкелері болды.
Құлпытастар сөйлегенде…
Атақоныстың тарихын архив құжаттарынан ғана емес, жердің өзінен де іздеуге болады. Бүгінде Байғұтты-Шолаққамыс қорымында араб жазуымен қашалған 81-ден астам құлпытас анықталып, картаға түсірілген. Бұл бағытта белгілі өлкетанушылар Жәнібек Әбілпейісов пен Қазбек Құттымұратұлының «Байғұтты-Шолаққамыс, Кенжеғара» атты еңбегінің маңызы зор. Ал Байғұтты-Шолаққамыс өлкесінен шыққан тұлғалар мен батырлар жөнінде Қайыржан Хасановтың «Байғұтты-Шолаққамыс батырлары» атты еңбегі және өлкетанушы Тілекқабыл Сағынов пен Талап Таймасұлының шежірелік және ауызша деректері атақоныстың өткенін тануға мүмкіндік береді.
Байғұттының әкімшілік тағдыры
Байғұтты тарихындағы маңызды мәселелердің бірі – 1919–1920 жылдары оның Жымпиты немесе Калмыков уезіне қарауы жөніндегі талас. 1919 жылдың желтоқсанында Калмыков уездік революциялық комитеті Сәлім Аманшинді (қаламгер Берқайыр Аманшиннің әкесі) уәкілетті нұсқаушы, Ахметша Аманшинді болыстық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындады.
1920 жылғы 5 сәуірде Орал губерниялық революциялық комитеті Байғұттыны Жымпиты уезіне қосу туралы шешім қабылдады. Алайда маусымда бұл шешім уақытша тоқтатылып, Байғұтты Калмыков уезінің қарамағында қалды. 5 шілдедегі болыс съезінде жергілікті өкілдер Байғұттының экономикалық, географиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан Жымпитыға жақын екенін мәлімдеді. Шілде–тамыз айларында Мәулікеш Сарығожин Байғұттыны Жымпитыға түпкілікті қосу туралы Қазақ өлкелік ревкомына өтініш жасауға уәкілетті болды. Жымпитыны таңдаудың негізгі себептері – Байғұтты халқының төрттен үшінің Жымпиты маңындағы жайылымдарды пайдалануы, сауда-саттықтың Қаратөбе мен Жымпитыға бағытталуы және Калмыковқа баратын жолдың қолайсыздығы еді. Нәтижесінде 1920 жылдың күзінде Байғұтты Жымпиты уезіне түпкілікті бекітілді.
1926 жылғы дерек бойынша Байғұтты болысында 9 әкімшілік ауыл 2 445 шаңырақ, 10 002 адам өмір сүрген. Оның 5 347-сі ер адам, 4 655-і әйел. Жалпы халықтың 9 996-сы, яғни 99,94 пайызы қазақтар болған. Бұл санның өзі сол кезеңдегі өлкенің демографиялық ауқымын анық көрсетеді. Байғұтты болысы аумағындағы халық негізінен Алаша руының өкілдерінен құралды. Сондай-ақ Байғұтты болысы аумағында 1927–1928 жылдардағы мәліметтер бойынша 11 255 бас ұсақ мал, 6 123 ірі қара, 1 329 жылқы және 168 түйе болған.
1928 жылғы кеңестік әкімшілік реформалық өзгерістер кезінде Байғұтты болысы таратылып, оның 6–9-ы ауылдары Қаратөбе ауданына, ал 1–5-і ауылдары Тайпақ ауданына берілді. Осылайша бұрын табиғи, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан біртұтас кеңістік әртүрлі әкімшілік аумақтарға бөлінді.
«Байғұттыдан көшіңдер…»
Қаратөбелік белгілі өлкетанушы, шежіреші Тілекқабыл Сағыновтың айтуынша кеңестік реформаларға дейін Кенжеғарадан тарайтын барша ағайындары Байғұтты-Шолаққамыс өлкесін, Қалдығайты өзенінің бойын жайлап, екі ғасырға жуық уақыт бойы мекен еткен. Осы Кенжеғара әулетінің көрнекті өкілі, Соналы болысын 30 жылдай басқарған Мұхамеджан (Ақшолақ) Сарығожин 1916 жылы қайтыс боларының алдында ағайындарға «Көп кешікпей Патша үкіметі құлайды. Билікке большевиктер келеді. Олардың түсінігінде бай деген ұғым жоқ, малдарыңды талан-таражға салады. Сондықтан бұл жерде қалмай, жоғары жаққа орыс бетке көшіңдер. Сонда аман қаласыңдар» деп айтып кеткен екен. Осылайша ХХ ғасырдың 20-жылдарың соңына дейін Кенжеғара ұрпақтарының көпшілігі Ресей бетке көшіп кетеді. Кейіннен елде жағдай тұрақтала бастаған шақта көшкендердің біршамасы елге оралады, ал бір бөлігі Ресейдің аймақтарында тұрақтап қалды. Бұл бір әулеттің ғана тарихын ғана емес, тұтас дәуірдің өзгерісін, қазақ халқының сол кезеңдегі тауқыметін көрсетеді.
Бүгінгі Байғұттыға қарап…
Бүгінде бір кездері тіршілік қайнаған Байғұттының көрінісі мүлде бөлек. Уақыт өз дегенін жасады. Адам көшті. Әкімшілік шекара өзгерді. Қоныстар босады. Кейбір әулет өзге елді мекендерге, тіпті өзге мемлекет аумағына қоныс аударды. Бірақ жердің жады жоғалған жоқ. Ол жады – қашалған құлпытастарда. Архивтің сарғайған парақтарында. Ел арасындағы шежіре мен әңгімелерде. Бәлкім, бүгінде Байғұттының даласында бұрынғыдай қалың ел отырмаған шығар. Бірақ оның тарихы ұмыт қалмауы керек. Өйткені жер бос қалуы мүмкін, ал оның тарихы иесіз қалмауы тиіс. Туған жер адамға тарихын ғана емес, өзінің кім екенін де үйретеді.
Утемис Нұрлан Утемисұлы,
М.Өтемісов атындағы БҚУ-нің “Тарих”
БББ бойынша 2-курс магистранты