20.12.2022, 11:16
Оқылды: 78

Спектакльді жаңғыртты

Желтоқсанның 15-і күні Жастар мәдениет сарайы жанындағы «Ғасыр жастары» театры жазушы, драматург Серік Асылбекұлының «Желтоқсан түні» атты қойылымын сахналады. Жас әртістерге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау білдірді. 

7

Спектакльде ызғарлы желтоқсан түнінде азаттықты аңсаған боздақтардың жанайқайы көрініс тапты. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жасқайрат Валиуллиевтің ұтқыр режиссерлік шешімдері көрерменді өзіне баурап алды. Жалпы бұл қойылым биыл екінші мәрте көрерменге жол тартып отыр.

– Тарих қойнауына бір сәт сүңгіп, қазақ халқының бастан кешкен нәубеттерін еске алсаңыз, Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін түсінесіз. Желтоқсан оқиғасы еркіндік үшін күрестің түйіні іспеттес. Әртістер сол бір кезеңдегі жастардың қиналысын, күйзелісін шынайы көрсете білді. Жас театрдың осындай мазмұнды қойылымдарды сахналауы, әрине, көңіл қуантады. Тынбай еңбектенсе, «Ғасыр жастарының» талай асудан асып, бізді тек жақсы жаңалықтарымен шаттандыратыны анық, – деп облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Спектакль тәмамдалған соң өнер ұжымына облыс әкімінің  ықылас  гүлі  табысталды.

– Қойылым барысында «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деген ұранмен қазақ жастары алаңға бейбіт шеруге шығады. Біз алаңдағы аураны көрерменге жеткізу үшін бар күш-жігерімізді салдық. 36 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болса да, біз үшін қымбат уақыт. Ереуілге шыққан аға-апаларымыздың арқасында бейбіт күнде ғұмыр кешіп жатырмыз. Мен Ақмарал есімді кейіпкерді сомдадым. Жиырма  төрт жастағы келіншек инабатты, қайсар, батыл. Оның «Құл болғымыз келмейді!» деген сөзі елім деп еміренетіндердің сай-сүйегін сырқыратып жіберетіні анық. Ақмарал орын алып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмай, жүкті бола тұра, алаңға барды. Қойылым  соңында мерзімінен бұрын ұлын дүниеге әкелгені көрсетіледі. Бұл – өзім тұтас образды сомдаған алғашқы драмалық спектакль. 2021 жылы  Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында дәл осы қойылымды сахналаған кезде жасым не бары он жетіде еді. Әрбір рөл – әртіс үшін үлкен тәжірибе. Былтырғы жылмен салыстырғанда өзіндік бір линиясы бар кейіпкерді әлдеқайда жақсы сомдадым деп ойлаймын. Дайындалуға бір айға жуық уақыт жұмсадық. Барынша тыңғылықты әзірлендік. Дайындық кезінде жүктілікті көрсету қиынға соққаны рас. Екіқабат  әйелдің рөлін сомдап жүргенімді естен шығарып алған сәттер де болды. Дегенмен режиссер бізге бағыт-бағдар беріп, жол сілтегеннен кейін өз-өзімізді тез шираттық. Ақмарал – елінің болашағы үшін қатты алаңдаған қазақ қызы. Ақмарал – желтоқсан оқиғасы кезіндегі қазақ қыздарының бейнесі, – дейді  «Ғасыр жастары» жастар театрының әртісі  Ділназ  Жүсіпкерей.

Тағы бір әртіс Сабыржан Рысқалиев Қайсар деген жігітті сомдады. Оның айтуынша, өзің ұнататын іспен шұғылдану қашанда ләззат сыйлайды. Ол рөлді шынайы жеткізу үшін сол бір қиын заманға қиялмен сапар шегуге, Қайсардың жан дүниесіндегі аласапыранды дәл беру мақсатында өз-өзін мүлде ұмытып, аталған кейіпкерге айналуына тура келгенін айтады. Осындай шеберліктің арқасында Қайсардың жан әлемін өзіне өте жақын қабылдаған әртістің әрбір сөзі көрерменді елең еткізгенін аңғардық. «Ғасыр жастары» театрының алдағы күндерде өткенді жаңғыртып, өшкенді тірілтіп, тыңнан түрен салатынына  біз  де  сенеміз.

Марлен Мәлікұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале