9.01.2024, 9:45
Оқылды: 32

Спортшылар  сайысы

Өткен жылдың соңында Орал қаласындағы №48 жалпы орта білім беретін мектепте ұлттық мектеп лига жарыстарының облыстық кезеңі өтті. Дарынды жас спортшыларды анықтау, саламатты өмір салтын насихаттау, спорттық ойын түрлерін дамыту мақсатында оздырылған жарысқа облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау білдірді.

WhatsApp Image 2023-12-25 at 14.36.05

Спорт бәсекесіне Орал қаласы және өңір аудандарындағы мектептерден 5-6 және 7-8-сынып оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық кезеңге мектепішілік, аудандық, қалалық жарыстарда қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан кіл мықтылар қатысты.

Жеңіл атлетикалық кросс, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, «Ақбозат» шахмат, «Шұбар доп» волейбол, «Теңбіл доп» футзал, «Алтын доп» баскетбол, асық ату және бес асық сынды 8 спорт түрінен командалар сынға түсті. Соңғы шешуші сайыста оқушылар асық атудан мерген екендерін дәлелдеді. Ойынға Орал қаласы мен Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі аудандарындағы мектептерден барлығы 66 адам қатысты. Бұл сыннан сүрінбей өткен командалар республикалық кезеңге жолдама алды. Аталмыш кезең ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының қолдауымен өтпек.

Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды Ақжайық ауданындағы М. Әуезов атындағы №2 мектеп жеңіп алды. 2-орын Орал қаласындағы №48 мектеп командасына бұйырды. Ал 3-орынды Бөрлі ауданындағы №6 мектеп-лицейдің құрамасы місе тұтты. Жеңімпаз - жүлдегерлер облыстық білім басқармасының грамоталарымен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.

Арда  Ахметжанова, 

Фото авторы: Аружан Аманжол

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале