28.04.2026, 14:30
Оқылды: 15

Су тарифін көтеру ұсынылды

«Батыс су арнасы» ЖШС су тарифін бір текше метр үшін 206,46 теңгеге, ал кәріз суының тарифін 295,24 теңгеге арттыруды көздеп отыр. Бұл –  қосымша құн салығы есепке алынбағандағы көрсеткіш. Аталған кәсіпорын басшылығы бұл туралы жария тыңдауда хабарлады. Іс-шараға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің өкілдері және тұрғындар қатысты. Жария тыңдау – заңнамада көзделген тарифті бекітуге немесе өзгертуге өтінімді қарау кезіндегі міндетті рәсім.

WhatsApp Image 2026-04-28 at 15.04.31

«Батыс су арнасы» ЖШС атқарушы директоры Темірлан Ликеров кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырды. 2025 жылдың қорытындысында кәсіпорын 19,3 млн теңге мөлшерінде шығынға ұшыраған. Тұтынушылардың дебиторлық берешегі – 787,8 млн теңге, кредиторлық берешегі – 1773,57 млн теңге.

WhatsApp Image 2026-04-28 at 15.04.30

Темірлан Асқарұлының айтуынша, жаңа тариф қабылданса, кәсіпорынның қаржысы тұрақталып, инвестициялық жобалар бойынша міндеттемелерді уақытылы орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құбыр желілерінің  апаттылығын төмендетуге,  кадрларды тұрақтандыруға және сапалы қызметтер ұсынуға сеп болмақ.

WhatsApp Image 2026-04-28 at 15.04.32

– 2025 жылдың қазан айынан 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін елімізде тарифтерді көтеруге мораторий енгізілді. Монополиялық субъектінің негізгі қаражаты тұтынушылардың төлемінен жинақталатын кірістерден құралады. Тұтынушылар үшін тариф мөлшері ең төменгі деңгейде өзгертіледі. Қазір «Батыс Су Арнасы» ЖШС-ның тарифті көтеру жөніндегі өтінімі заң шеңберінде қаралып жатыр. Кәсіпорын басшылығы шешім қабылданғаннан кейін тариф енгізілгенге дейін 5 күнтізбелік күн ішінде тұтынушыларға хабардар етуге міндетті, – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекова. Оның айтуынша, комитет кәсіпорынның өтінішін 20 мамырға дейін қарап, саралайды. Айта кету керек, тариф бұған дейін 2025 жылдың тамыз айында өзгерді. Мораторий аяқталғаннан кейін тарифтік саясат кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүзеге асырылады. Бұл ретте халыққа түсетін қаржылық жүктеме минималды деңгейде сақталады. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Толығырақ «Орал өңірі» газетінен оқи аласыздар.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале