2.05.2024, 15:31
Оқылды: 57

Судан қорғау үшін 150 шақырым бөгет тұрғызылды

Облыс орталығы мен 4 аудандағы Жайық бойын жайлаған 84 елді мекен халқын тасқыннан қорғау үшін 150 км бөгет тұрғызылып, нығайтылды. Ол туралы өңірлік комуникациялар алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов айтты.

WhatsApp Image 2024-05-02 at 16.13.02

Тілепберген Ерсайұлының айтуынша, Оралда 45, Ақжайық ауданында 34, Бөрлі ауданында 12, Бәйтерек ауданында 38 және  Теректі ауданында 21 шақырым бөгет салынған. Бұл жұмысқа 1,9 млн. қап кетіпті. Одан бөлек су тасқынына қарсы шараларға жергілікті құрамалар, Үкіметтің қолдауымен басқа облыстардан 11 мыңнан аса адам, 1 мыңға жуық арнайы техника тартылған.

- Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында Орал қаласы, Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық және Теректі аудандарындағы Жайық өзенінің бойында орналасқан елді мекендерді су баспады, - деді Тілепберген Каюпов.

Десе де қазіргі таңда облыс аумағында ашылған 12 эвакопунктте 2 358 адам орналастырылған. Оның 1 344 үлкендер болса, 1014 бала. Зардап шеккендерге жалпы 346 млн. теңгеге 598 тонна азық-түлік, 252 тонна қажетті тауар және 4 тонна дәрі-дәрмек беріліп, гуманитарлық көмек көрсетілді.

Облыс әкімінің орынбасары су тасқынының бірінші және екінші кезеңдерінің салдарын қалпына келтіру жұмысы басталғанын да атап өтті.

- Қазіргі таңда Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек, Бөрлі және Теректі ауданы тұрғындарына келтірілген шығындарды өтеу бойынша комиссиялар өз жұмысын жасап жатыр. Мүмкін болатын жерлерде, техникалық тексерулер жүргізіліп жатыр, - деді өңір басшысының орынбасары Тілепберген Каюпов.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале