11.02.2022, 9:30
Оқылды: 127

Сұрақ-жауап

Тұрғындарды мазалаған сұрақтарға мамандар жауап берді.

IMG-20220211-WA0000

Гүлжан Нұрболатқызы, Орал қаласы

– Қызым 10 жаста. Ине-жіпке әуес, ісмерлікке ебі бар. Тұңғышымыздың биылғы туған күніне іс мәшинесін сыйлайық деп едік, іс тігуге енді машықтанып  жүрген қыз балаға қандай тігін мәшинесін алған дұрыс?

Жәмила Өтепқалиева, «Brand_by_zhamilya»  брендін қалыптастырушы, «Жас дизайнер» үйірмесінің жетекшісі:  

IMG-20220211-WA0001

– 10-11 жастағы қыздарға «JANOME» деген іс-мәшинесі бар. Бағасы қолжетімді. 50-60 мың теңге көлемінде  тұрады. Бастамаға,  үйрену үшін  қыздарға осы іс мәшинені сыйға  тартқан  дұрыс. Ең  бірінші инені сабақтауды үйрену  керек. Содан соң іс мәшине үстелінде отыру техникасын білгені  жөн. Алғашқысында қолдарын  жаттықтыру  үшін  қалдық  маталардан  құрақ  құрап, тігіп үйренген тиімді. Іс  мәшинесімен жұмыс  істеу  үшін  бірнеше тігіс түрлерін білген де артық  етпейді. Қолына ине-жіп ұстауға  талпынған қыздарға сәттілік тілеймін.

Айнұр Төлеген, Қаратөбе ауданы:

Әйелдерге арналған вагон бізде бар ма?

–  Былтыр күзден бері елімізде әйелдерге арналған вагоны бар пойыздар жүре бастады. Білейін дегенім, Оралға  қатынайтын пойыздарда әйелдер вагоны бар ма?

Қобылан Тасболатов,«Жолаушылар  тасымалы» АҚ «Батыс» филиалының Орал телімі бойынша инженер-технологі:

InShot_20220211_014114324

-Өткен жылдың қазан айында қызмет көрсету сапасын арттыру үшін  «Жолаушылар  тасымалы» АҚ №77/78 «Алматы-Маңғыстау» және №351/352  «Алматы-1 – Өскемен»  жолаушылар пойыздарында әйелдер вагондарын іске қосқан еді. Акционерлік қоғам халықтың сұранысын ескере отырып, 1 ақпаннан бастап әйелдер вагондары  бар  пойыздардың  санын  көбейту  туралы шешім қабылдады. Бұл жоба  алты бағытта пилоттық режімде жүзеге асырылады. Енді №45/46 «Павлодар – Шымкент» (№9  купелі  вагон), №85/86  «Нұр-Сұлтан-1 – Шымкент» (№11 купелі вагон), №37/38 «Маңғыстау – Семей» (№9 купелі вагон), №47/48 «Атырау –Нұр-Сұлтан  НЖ»  (№7  купелі  вагон), №379/380  «Алматы-2 – Орал»  (№10  купелі  вагон), №73/74  «Алматы-2 – Жезқазған»  (№5  купелі  вагон)  бағыттарында жүретін  пойыздарда қыз балалар мен әйелдерге  арналған  вагон  бар. Жолаушылар  әйелдер  вагондарына  теміржол  билеттерін  ресімдеген  кезде мұқият болып, шартты белгілерге назар аударуы тиіс. Өйткені «Ә» белгісі бар вагондар тек әйел азаматтарға арналған. Сондай-ақ қасында ертіп жүрген адамы болған кезде 7 жасқа дейінгі ер балаларға билет ресімдеуге болады. Бұл вагондарда да, билет құнында да өзгешелік  жоқ,  стандартқа сай. Орал қаласына қатынайтын  №379/380  «Алматы-2 – Орал» пойызында №10 купелі вагон әйелдерге арналған.

Бұл вагонға әйел жолсеріктер  қызмет көрсетеді.

Ақпанның  4-де әйелдер вагоны бар пойыз Оралға алғаш келіп, ондағы 36 орынның билеті толық сатылды.

Қаңғыбас иттен қалай қорғанамыз?

фото

– Осы бір  сауал  көптің көкейінде  жүргені кәміл. Адам өмірі бәрінен маңызды. Сол себепті кез келген жеке тұлға өз өміріне немқұрайлы қарамауы керек. Әлемде орын алып жатқан оқыс жағдайлардан қаншама адам зардап шегіп жатыр.  Қазіргі таңда бұралқы иттер көбейіп кетті. Ал олардан  қалай қорғануға болады?

Ерсілі-қарсылы көше кезіп, қоқыс маңынан шықпайтын қаңғыбас иттердің оқыс шабуылынан қорғану мақсатында жасалған жаңа құралдар бар. Соның бірі – көз жасауратқыш баллон. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі  Болатбек Белгібековтың айтуынша, жеке тұлғаның баллонды сатып алып, өзімен бірге алып жүруі үшін арнайы рұқсат керек емес. Бұл құралды сатып алу үшін белгілі бір құжаттарды жинап әлекке түсудің де қажеті жоқ. Орал қаласындағы «Турист» сауда үйінде (Әбілқайыр даңғылы – 141) баллонның бірнеше түрі сатылады. Қорғаныс құралдарының қашанда өзімізбен бірге жүргені абзал. Көз жасауратқыш баллон қалтаға салып жүруге қолайлы. Тек қажет кезінде  пайдалана  білсең  болғаны.

– Біздің дүкеннен көз жасауратқыш баллон, дыбыс ұлғайтқыш сияқты заттарды таба аласыз. Мұны сатып алу үшін келген азаматтың жеке куәлігіне назар аударамыз. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толған болуы міндетті. Біз тұтынушыға қорғаныс құралын қалай қолдану керек екенін көрсетеміз. Сатып алушы баллонды пайдалану ережесімен толық танысқанын растауы үшін қол қоюы шарт, – дейді дүкен сатушысы.

Әлима Қайсарова,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

Фотосурет: sv.gp17.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале