15.04.2021, 22:32
Оқылды: 381

Сұрапыл күндер жадында

Күндей күркіреп өткен қанды қырғынның көзі тірі куәгерлерінің бірі – жаңақалалық Мұса Томанов атамыз. Бүгінде тоқсанның бесеуіндегі қарияның жадында өткен күндер көрінісі әлі сайрап жатыр.

 Муса Томанов1

Мұса Томанов 1926 жылы 16 желтоқсанда Жаңақала ауданының Көпжасар ауылдық кеңесіне қарасты Жалтыркөл деген жерде өмір есігін ашыпты. 1935-1942 жылдары Саралжын орталау мектебінде оқып, жетіжылдықты бітірген. Әскер қатарына 1944 жылдың қараша айында алынып, Орынборда әскери оқу жаттығудан өткен соң, 1945 жылдың қаңтар айында Польша мен Германияның шекарасында I Белорус майданы 29-атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші ретінде ұрысқа кіреді. Германия астанасы Берлинді алуға қатысады. Ұрыс даласындағы ерліктері үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа көптеген медальдармен марапатталған.

Мұса атамыз 1950 жылдың мамыр айында туған елге оралып, сол жылдың шілдесінде Жаңақала обаға қарсы күрес бөлімшесіне техник-дезинфектор болып қызметке орналасады. Содан сол мекемеде табаны күректей 36 жыл еңбек етіп, 1986 жылы зейнет демалысына шыққан. Қарияның адам өмірін аса қауіпті дерттерден аман алып қалған қажырлы еңбегі ескерілді. Ол 1966 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды, сан мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.

Елде болашақ жары Болашпен танысып, отау құрады. Ол да сол кезде тылда «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп аянбай еңбек еткен өрімдей қыз болатын. Бүгінде Мұса ата мен Болаш әже – екі ұл, алты қыз тәрбиелеп өсіріп, мәуелі бәйтеректей жайылған ұрпағының қызығын көріп отырған елге қадірлі, жұртқа сыйлы қариялар.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале