1.03.2021, 16:48
Оқылды: 451

Сүт өнімін тапсыруға 204 отбасы тартылмақ

БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін дамыту мәселесі талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин тіркеуде тұрған 210 АӨК-нің 60 пайызы ғана жұмыс істеп жатқанын айтты. Биыл жаңадан ашылады деп жоспарланған кооперативтер саны 24-ке жетті. Оған қоса тұралап тұрған 80-ге жуық кооперативтің жұмысын жандандыру көзделуде.

451A9BEF-6CBE-4607-AF74-B62C450FE592

Басқарма басшысы аудандардың географиялық ерекшелігіне байланысты етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілетінін айтты. 2021 жылы АӨК арқылы 24 972 ірі қара (былтырғы көрсеткіштен 6,9%-ға артық) мен 36 831 қой-ешкіні (52,7%-ға артық) селекциялық асылдандыру жұмысы жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы 923 тонна ет пен 8 646 тонна сүт өндіру көзделуде. Жеке қосалқы шаруашылықтардың өңдеуші кәсіпорындарға тапсыратын сүт көлемін арттыру үшін Бәйтерек ауданындағы кооперативтермен келісім жасалып жатыр. Соның нәтижесінде қосымша 204 отбасы сүт өнімін көбейтуге тартылып, сүт тапсыратын қосалқы шаруашылықтар саны 470-тен аспақ.

0E692676-6720-48BE-8ECE-79C6B77882DA

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин инвестициялық салымдар бойынша агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығысының бір бөлігін субсидиялау мәселесі жөнінде баяндады. Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйырығының 18-тармағына сәйкес №1 «Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу» және №2 «Сүт өңдеу нысанын құру, оған қажет жабдық пен техниканы сатып алу» жобаларының құжаттары негізінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қаржы бөлу қарастырылады. Аталған бағдарлама ауқымында субсидия қаржысы республикалық және жергілікті бюджеттен теңбе-тең бөлінеді. Кооперативтерге 22 трактор, 10 шөп шапқыш, 9 шөп маялағыш, 11 пресс-іріктегіш, үш жүк көлігі қажет және екі сүт өңдеу цехы мен үш сүт қабылдау пунктін жабдықтау жоспарланған. Басқарма басшысы субсидиялауға бас-аяғы 88 млн.475 мың теңге қаржы керек екенін айтып, облыс әкімінің қолдауын сұрады.

4E11C2FD-F872-4116-BC19-1AB80F51B7D2

Жасұлан Халиуллин кооперативтерді тұрақты дамыту мақсатында 2017-2018 жылдары жүзеге асқан «Ынтымақ» бағдарламасын қайтадан іске қосуға салалық министрліктерге ұсыныс жолданғанын айтты. Бұрын бағдарлама ауқымында АӨК-терге 6% мөлшерлемемен несие берілген. Бағдарламаның бір ерекшелігі – несие рәсімдеу барысында сатып алынатын техника немесе басқа жабдықтар кепілдікке қойылады. Жиында Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов АӨК-терді дамыту жоспарын таныстырып, жаңа жобалар туралы баяндады. 2016 жылы ауданда 26 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Қазіргі уақытта 18 кооператив қана жұмыс істеуде. Алдағы уақытта үш АӨК жұмысын тоқтату жөнінде шешім қабылдамақ. Аудан әкімі ауыл шаруашылығы жер телімдерінің берілмеуі, тұқымдық түрлендіру үшін табынға асыл тұқымды бұқа қосуға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз болып отырғаны, ауыл шаруашылығы техникалары мен өңдеу құрылғыларын сатып алудың қиындығы салдарынан кооперативтер дағдарып қалғанын айтты. Арман Өтеғұловтың сөзінше, биыл Теректі ауданында құрылған топ еліміздің басқа аймақтарына барып, ондағы кооперативтердің жұмыс бағытымен танысып, тәжірибе алмасып қайтқан.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале