14.02.2022, 9:30
Оқылды: 173

Сыйлықтың төресі – кітап

Күнтізбеде кітап сыйлау күнінің пайда болуына АҚШ-тағы балалар кітаптары сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур себепші болған екен. Эмми – үш баланың анасы. Бір күні анасынан кішкентай ұлы  «Адамдардың бір-біріне кітап сыйлайтын арнайы күні неге жоқ?» деп сұрайды. Ұлының сауалына бей-жай қарамаған ана кітап сыйлау күнін атап өту жөніндегі ұсынысын әріптестері мен әлеуметтік желі қолданушыларына жеткізеді.

8E48859E-41C0-4D4B-A926-C4B247C4F339

Осылайша бұл бастама әлем халқының та­рапынан қолдау табады. Әрине, дәл осы күнді күтіп жүрмей-ақ кейбіреулер досына не туысына, ата-аналар балаларына кітап сыйлай береді.

Мәселен, балаларына әрқайсысының талғамына сай  кітап сыйлайтын  жандар бар. Абайдың «Артық білім – кітапта» деген сөзі әлі құнын жойған жоқ. Жоймайды да. Өйткені кітап  – құндылық, рухани байлық.

– Балаларыммен еліміздің қай қаласына қыдырып барсақ та, әр  сапардан естелікке кітап сатып аламыз.  Іссапардан да базарлық ретінде кітап әкелемін. Ұлдарымның болмысына, қызығушылығына,  дүниетанымына  сай кітап алуға тырысамын.  Үлкен ұлым Ораздың жеке кітапханасына  өзінің жасына,  қызығушылығына сай біраз кітап жиналды. Балаларым  да өзге қалаларға спорттық жаттығу жиындарына, түрлі жарысқа барған жерлерінен маған базарлыққа кітап алып келеді. Осылайша бір-бірімізге еш себепсіз-ақ кітап сыйлап, жеке кітапханамызды байытудамыз, – дейді Бәйтерек ауданының тұрғыны, журналист Надежда Бишаева.  Ал оралдық Альфия Шамаева болса, бала кезінен-ақ  жеке кітапханасын жасақтауды мақ­сат еткен.

– Бала кезімде әкем сапарға көп шығатын, әр сапарынан кітап алып келетін. Қазір өзім көңілім қалаған уақытта әкеме, анама, бауырларыма, достарыма, тіпті олардың  балаларына да  кітап сыйлаймын. Кітапты ұзақ
таңдаймын. Өйткені олардың қолы жетпей, әлде болмаса таба алмай жүрген,  өміріне оң өзгерістер әкелуі мүмкін пайдалы кітап сыйлағым келеді. Былтыр  Ұстаздар күніне орай өзім туып-өскен ауылдың ардагер ұс­-
таздарымен кездесу ұйымдастырдық. Сол кезде барлығына бір-бірден Абайдың екі тілдегі «Қара сөздерін» тарту еттік. Оны  әр үйдің төрінде тұратын, ұрпағына аманат болуға лайық кітап деп таңдаған едім. Маған косметикалық бұйымдарға немесе  әшекейлерге қарағанда кітапты көп сыйлайды. Себебі достарымның барлығы дерлік менің кітап оқитынымды, жеке кітапханам барын біледі. Ең қымбат, бағалы, құнды сыйлық кітап деп білемін.  Британдық кинорежиссер, кинопродюсер Ридли Скоттың «Әлемдегі ең үздік кинозал – адамның миы, сен оны жақсы кітап оқыған кезде ғана түсінесің» деген сөзін ұмытпауымыз керек деп ойлаймын, – дейді Альфия Шамаева.

Ал кітапқұмар оқырман Жандос Хамза бүгінде кітапты сыйлық ретінде қабылдайтындар немесе оны сыйлайтындар некен-саяқ деп есептейді. Оның айтуынша, қазір «кітаптың орнын киім басқан, қағаздың орнын бұйым басқан» заман. «Әрине, белгілі бір күнді кітап сыйлауға арнаған жақсы. Алайда бұл күнді атап өту үшін ең алдымен кітапты құнды сыйлық ретінде бағалап үйренуіміз ке­рек. Маған көп ешкім кітап сыйламайды, мен де тарту ете бермеймін. Өйткені қазір әдеби кітап оқитындар аз. Бүгінде студент кезімнен бастап жинақтаған жеке кітапханамда мыңның үстін-де кітап бар. Болашақта балаларымның игілігіне жарайды деп есептеймін», – дейді ол.

Кітап туралы небір мағыналы сөздер, мақал-мәтелдер бар. Ең бастысы, кітап – асып-таспайтын адал досымыз. Рухани байлыққа кенелтетін кітап санамызға адами қасиеттерді сіңіреді. Сондықтан кітап сыйлау ар-
қылы балалар­дың, жалпы адамзаттың  кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға болатын  шығар, сірә?!. Ал сіз кітап сыйлап, сыйлыққа кітап алып көрдіңіз бе?

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале