27.07.2021, 11:36
Оқылды: 1500

 «Сын ерді шыңдайды»

Елбасының осы бір сөздері тәуелсіз еліміз - Қазақстанның  болашағының жарқын бейнесі болар жастарымызға жігер беріп  тұрғандай. Ұлттық ұлан қатарында да сол  намысшыл, отаншыл жастардың еліміз тәуелсіздігінің өркендеуі жолында халқымыздың тыныштығын қорғап қызмет етіп жүргені қуантады.

IMG-20210726-WA0015

Әскери қызметте күнделікті өмірде сержанттар құрамына жүктелетін міндеттер аз емес. Сержант - сарбаздарды үйрету мен тәрбиелеудегі офицердің бірінші көмекшісі. Сарбазды әскерге келген күннен бастап  әскери ортаға бейімдеу, әскери білім беру,  шыңдау, қамқор болу – бұл міндеттердің барлығын сержанттар құрамы офицер мен сарбаз арасындағы көзге көрінбес дәнекер ретінде орындап отырады.

5546 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонында 10 жылға жуық қызмет етіп жүрген жедел мақсаттағы батальоны 2-ротасы 3-взводының сержанты, жауынгерлік даярлық жөніндегі нұсқаушысы, аға сержант Қайрат Жумагазиев өзінің лауазымдық міндетіне адал, әскери қызметте табандылық пен білікті кіші командирдің үлгісін көрсетіп жүрген сержанттардың бірі.

IMG-20210726-WA0018

Аға сержант Қайрат Тілекқабылұлы 1988 жылы 25 маусымда Орал қаласында туған. Қарапайым ауылдың, қарапайым отбасының тұңғыш перзенті. Анасы - Жаңылсын қазақтың ұлттық аспаптарында шебер ойнайтын өнерді жаны сүйетін мәдениет саласының қызметкері. Әкесі Тілекқабыл – ауылдың мәдениет үйінде оператор. Шаңырақтарында үш ұл мен 1 аруды тәрбиелеген үлгілі отбасы. 1995 жылы Коловертной ауылындағы орта мектепке 1-сыныпқа барып, 2006 жылы 11-сыныпты аяқтап шығады. Бала кезінен спортқа жақын болып өсті. Көп сайысты спорттық жаттығуларды орындаудан көптеген аудандық, қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленді. 2006 жылы 11-сыныпты аяқтаған соң, аудандық көпсалалы училищеге «Құрылысшы» мамандығына оқуға түседі. Туған үйінің тұңғышы ретінде оқумен бірге ата-анаға көмектесемін деп жүріп, құрылыс саласында да жұмыс істейді. 2009 жылы әскер қатарына шақырылады да, Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын атқарады. Әскерде сарбаз болып жүріп, еркелігі мен тентектігін көтеріп, еркін ойнақтаған даласының, туған жердің, жақын мен ата-ананың қадірін жете түсініп қана қоймай, әскери өмірдің қызығы мен қиыншылығын еңсеріп жақсы қызмет атқарды. Әскерден оралған соң, тұрақты қызмет таба алмай әртүрлі жұмыстарда істейді.

«Білек сыбанып, қызмет етемін деген дер шақта тұрақты жұмыс таба алмай біраз қиналдым, құрылыс саласында қара жұмыспен әр қалада жүрдім. Бірақ еңсемді түсірмедім, қандай жұмыс істесең де адал еңбек  етсең ғана берекелі боларын түсіндім.  Солай жүріп құрылыстың бірнеше саласын үйрендім. Сол кездегі ерінбей үйренгенім қазіргі кезде қызметте болсын, тұрмыста болсын өзінің жемісін беріп жатыр. «Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды»  демекші, сыннан сүрінбей өтіп, бүгінде, міне, жаным қалаған істің жанашыры боп қызмет етіп келемін,- дейді Қайрат».

IMG-20210726-WA0017

2013 жылы Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5515 әскери бөлімінде батыс аймақта орналасқан әскери бөлімдерге әскери қызметшілер жинақтауға үміткерлерді іріктеуден өтіп, Атырау қаласындағы  5546 әскери бөліміне қызметке қабылданады. Алғашқы әскери қызметін жедел мақсаттағы батальоны 3 ротасында бөлімше командирі болып бастайды. Ұлттық ұлан жауынгеріне тән батылдық, адалдық, өр мінез, қайырымдылық  сияқты адам жанының асыл қасиеттерін бойына сіңіріп қызмет ете білген Қайратты 2014 жылы взвод сержанты лауазымына тағайындайды. Өзіне жүктелген взводтағы жас жауынгерлердің әскери өміріне, бастысы жауынгерлік даярлығына және дене дайындығына, тәртібіне деген жауапкершілікті түсініп, белсене қызметке кіріседі. 2017 жылы елеулі еңбегінің жемісі ретінде «Үздік ішкі қарауыл бастығы» атағын жеңіп алады.

Қайраттың әріптесі әрі бір нанды бөліп жеген ең жақын досы, аға сержант Илесов Болатбек:

 «Мен Қайратты 2013 жылдан танимын. Әскери қызметті бірге бастадық десем де болады. Ол әскери әдепті қатаң сақтайды. Екіншіден, жеке құрамға сабақ өткізгенде әрбір сарбазбен жеке жұмыс жасағанды жақсы көреді. Сарбазға көрсеткенін игермейінше үйретуден жалыққан емес. Үшіншіден, өзіне жүктелген тапсырманы ешкімнің көмегінсіз тиянақты орындап шығады. Төртіншіден, спортты жаны қалайтын әскери қызметкер».

Қайрат әскери бөлімде өткен спорттық шараларға белсене қатысып, ерекшеленді. Әскери қызметке келген күннен бастап әскери бөлімдегі сонымен қатар гарнизондық әскери бөлімдер арасында өткен көпсайысты спорттық шараларға оның ішінде жүзуден, қару атудан, сондай-ақ 100 метрге жүгіруден қатысты. Әскери ұжымның, әскери достықтың мүддесі ортаға түскен кез келген бәйгеде намыстың туын тік байлап барынша жеңісті бермеуге тырысатын. 2019 жылы «Батыс» өңірлік қолбасшылғы әскери бөлімдері арасында өткен көпсайысты жаттығуларды орындаудан жарыста қару атудан, 100 метрге жүгіруден жүлделі І орынды жеңіп алып, абыроймен оралады.

Қайрат қызмет пен қатар отбасының да қамқоршы тірегі. 2012 жылы бірге шаңырақ көтерген жан жары - Ақмарал екеуі бүгінде  3 қыз, 1 ұлдың ата-анасы. Үлкен қыздары Қарақат пен Баянсұлу 3 және 1-сынып оқушылары. Ата-анасының тәлімді тәрбиесі арқылы мектептің бастауыш сыныптарында үздік оқушылардың қатарында. Ел тыныштығы үшін қызмет етудің жауапкершілігін өзімен бірдей түсінген әйелі Ақмарал Қайратқа қашанда қолдаушы. Балабақшада психолог болып қызмет атқаратын Ақмарал отбасындағы бала тәрбиесін өз қолына алған. «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» демей ме, Ақмарал да Қайратқа жақсы жар бола білді.

Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Адал болмай азаматпын демегін» деп бекер айтпаса керек.

Адалдық пен ар туын жанының садағасы етіп қызмет етіп жүрген осындай сержанттарымыз тұрғанда әскеріміз туы ғана емес еліміздің де туы төмен түспесі анық.

 

лейтенант  Мәлика Шынжигитова,

Атырау қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале