Казталов ауданындағы кездесу алдында дөңгелек үстелге қатысушылар әдеттегідей БҚО аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған сауалнамаға жауап берді.
9 сұрақтан тұратын сауалнама аудиторияның көзқарасын және ерекше ұсыныстарын анықтау мақсатында жасақталған. Сұрақтың бірі: «Сіз сайлау заңнамасымен қаншалықты таныссыз?». Бұл сұраққа 22 адамның 36,4 пайызы қолданыстағы заңнаманы жақсы білеміз деп жауап берген. Ал, жиналғандардың 54,5 пайызы негізгі қағидаттармен таныстығын көрсетсе, 9,1 пайызы заңнама жөнінде мүлде хабарсыз болып шықты. Сондықтан кездесу БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың сайлау жүйесіндегі жаңашылдық және өзгерістер турасындағы хабарламасымен басталды.
Одан кейін Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Темірғалиев 2024 жылы өткен жалпыұлттық референдум мен 4 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы туралы баяндап берді. Өткен жылы аудан бойынша сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші 68,1 пайызды құраған. Ол 2025 жылдың 2 наурызға тағайындалған Қайыңды ауылдық округі әкімінің сайлауын дайындау мен өткізудің іс-жоспарын толық айтып берді. Ағымдағы жылы Казталов, Жаңажол, Көктерек ауылдық округі әкімдерінің өкілетті мерзімі аяқталады. Яғни осы округтерде әкім сайлаулары өтпек.
Жиында аудан ақсақалдары Мұқанғали Бектілеуов, Марат Тоясов, Уәлиолла Әбішев, Тауфих Мұқанов, қоғам белсенділері Руслан Сұлтанов, Нұрлыбек Хайруллин, Аманжол Неғметов, «Жария» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мэлс Залиевтер өз ойларымен бөлісті. Ойын еркін білдіріп, елдік мәселелерді жиі қозғайтын жандарды мазалайтын сұрақтар аз емес. Кездесуде учаскелік сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру, комиссия жұмысының ашықтығы мен жариялылығы, кандидаттарға қойылатын талаптарды жеңілдету, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына тапсыру рәсіміне қатысу, сайлаудағы ескі жүйеден қалған практикадан бас тарту тәрізді мәселелер көтерілді.
Өткір әрі сындарлы диалогта жүйедегі өзгерістердің нәтижесі де көрінді. Айталық, бұрын сайлауға байқаушы болып қатысып, комиссияның куәландырылған хаттамасының көшірмесін ала алмаған, бейнежазба жасай алмаған кездерім болды деген қоғам белсендісіне Мэлс Залиев мұндай түсініспеушіліктердің келмеске кеткенін айтты. Оның пікірінше, комиссия мүшелерінің де, байқаушылардың да қолданыстағы заң аясындағы біліктіліктері өскен. Дейтұрғанмен, бұл бағытта бірге атқарар жұмыс әлі де көп. Аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев осындай ағарту жұмыстарын сайлау тағайындалған округ тұрғындары арасында ғана емес қалың көпшілікпен де жүргізу қажеттілігін айтты. Депутат дүниежүзілік сайлау күніне орай Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының алғыс хатымен марапатталған болатын. Әділ Жоламанов марапатты тапсыра тұрып, көпшілікпен келелі кездесулердің жалғасын табатынын айтты. Жиналғандардың сауалдарына БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Губашевта жауап беріп, тек өзара сенім мен бірлескен әрекет электоралдық белсенділік пен сайлау мәдениетін арттыратынын еске салды.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясы