8.01.2021, 9:27
Оқылды: 278

Тайпақтың тұңғыш тракторшы Райханы

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында еңбекке қабілетті халықты өнімді еңбекке, адамдарды масылдық пиғылдан қайтаруға, жалпы еңбектің құнын көтеруге бағыт ұстану қажеттігі айтылды. Аталмыш мақалада: «Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмірдің сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады», - делінген. Заманы бөлек болғанымен кеңестер одағы тұсында еңбегімен ел құрметіне бөленген аға ұрпақтың өкілдерінің еңбек жолы жас ұрпаққа өнеге екені сөзсіз.

 Тракторшы

Қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесі есіңізде шығар. Сол шығармада «Шұға десе, Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Шіркін, Шұға десе, Шұға», – деп Шұғаны суреттейтін жолдары бар еді ғой. Ғұмыр-тағдыры, өмір сүрген қоғамдық формациясы Шұғаның кезіндегіден өзгеше болса да, Ақ Жайық өңірінен шыққан тұңғыш тракторшы қыз Райхан Мамаеваның  фотосүгіретін көргенімде: «Райхан десе, Райхан болыпты-ау», - дедік еріксіз. Жансыз суреттегі нәзік бейне-кескінін, салмақты әрі көрікті жүзін көрген адам қарамай сіңген темір тұлпарды шұрық үйіріп айдады дегенге сенбес еді.

*  *  *

Өткен ғасырда кеңес үкіметі орнағаннан кейін трактор руліне отырған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ангелина Прасковьяның (Паша) өнегесі халыққа барынша насихатталды. Одан кейінгі тың игеру науқаны тұсында да тал шыбықтай бұралған қыз-келіншектер ауыр техниканы тізгіндеуге ұмтылды. Жаңалыққа елеңдеп, жақсылыққа ұмтылатын қазақтың арулары да мұндай науқаннан тыс қалмады. Қайсар һәм қайратты қыздар трактор айдап, ерлермен қатар еңбек майданында атойлады. Солардың бірі – бұрынғы Тайпақ ауданындағы «Есенсай» кеңшарының балауса тұрғыны Райхан Мамаева одақтық деңгейде танылған қазақтың тұңғыш  тракторшы қыздарының бірі болатын.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тыл ардагері, абыз ақсақал Ғазез Хаймулдин «Есенсай» кеңшарында алдымен бас зоотехник, соңынан кеңшар директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1963 жылы жалындаған жас маман Қиылбай қыстауында комсомол-жастардың шопандар бригадасын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Бригаданың даңқы алысқа тарап, игі істің нәтижесімен қанаттанған 29 жастағы директор мал шаруашылығына көмекке қыз-келіншектерден тракторшылар бригадасын құруды қолға алады. Ол кезде коммунистік партия «механизаторский весобуч» деген бағытты ұстанатын. Түлектер онжылдықты бітіргені туралы аттестатқа қоса механизаторлық не шопырлық куәлік алып шығатын. Осы кезде Райхан Мамаева онжылдық мектепті бітіріп, Орал қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға барады. Алайда албырт жастың жолы болмай, ауылға қайтып келеді. Оның екі ағасы Болат пен Қапез де тракторшы болатын.  Әкесі ертерек өмірден озған Райхан еңбек етіп, жалғыз анасы Рахиланы қуантқысы келді. Содан Есенсай ауылындағы үш айлық тракторшылар курсын бітіріп, еңбекке араласады. Келесі жылы көктемгі егіске қатысады. Ол кезде кеңшардағылар дәнді дақылдар егетін. Тракторшы бойжеткен ауылдастары Ақсүйрік Рсалиева, Ақаташ Қуанышева, Жаңылсын Құсанова, Бақытжамал Сағынбаева, Жұмазия Бейілова,  Ағила Оразовамен бірге тракторшылар бригадасына қосылады. Бригададағы 11 қыздың көбісі мектеп қабырғасынан шыққан, уыздай жас еді.

- 1967 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Жұмақаевтың қолдауымен бригада құрылды. Бригаданың жетекшісі етіп бұрыннан тракторшы болған, 40-тар шамасындағы коммунист Зинекеш Омарованы қойдық. Қыздарға бірдей етіп салтанатты жағдайда киетін жұмысшы киімі мен комбинезон тігілді.

Бригаданы мал азығын дайындауға шығардым. Ол кезде арендалық жұмыс тәсілі өндіріске енгізіле бастады. Соның мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіріп, еңбекақының шөп шауып бітірген соң төленетінін, оған дейін 70 пайыз алдын ала төлем берілетінін түсіндірдім. Бригаданы құйқалы шабындыққа шөп шабуға шығардым.

Әлі есімде, қыздар өзге шөпшілерге қарағанда,  жалақыны екі есе көп алатын. Бригада құрамында үш ер-азамат болды. Бірі Жаңылсынның жұбайы стогметші – Мақсот, екіншісі Әлібек – орақ қайраушы, орақ қайрау қыздарға қиын тиеді деп қостық, үшіншісі механик-жөндеуші – Серік Қауымбаев, оның астында машинасы, аутошеберханасы бар. Тракторшы қыздар түсте тамақ ішуге станға келгенде, Серік темір түлпарларды тексеріп, майлап-сайлап, жұмысқа дайындайды. Әйел заты нәзік келеді емес пе, олар қиналмасын деп осылай етіп ұйымдастырдық. Бозала таңнан қараңғылық қоюланғанша уақытпен санаспай, еңбек ететін тракторшының жұмысы қай уақытта жеңіл болып еді?! Қыз-келіншектер бригадасы үмітімізді ақтады, жоғары көрсеткіштер көрсетті, белсенді жұмыс істеді. №3 ферманың мақтаулы бригадасына айналды.

Тәртіпті, ауылдың тәрбиелі қыздары ғой. Ерлерден гөрі әйелдердің еңбек өнімділігі жоғары болатынын байқадым. Кейбір ер-азаматтар демалыста ішімдік ішеді де, келесі күні жұмысқа шықпай қалады. Немесе қалғып-шұлғып жүреді, әйтеуір. Бір жігіттердің таңертең тракторды «ерттеп мінгенімен» шөп шабуға бармай, Жайықтың жағасына тракторын қойып, ұйқыны соғатынын білдім. Бір күні сол жігіттердің біріне ұялтайын деп екі тракторшы қызды ілестіре бардым. Үйленбеген жігіт еді. Қыздар шырт ұйқыда жатқан тракторшыны оятты. Соңынан әлгі жігіт: «Ғазеке, одан да сабағаныңыз жақсы еді, ұят болды ғой қыздардан», - деп кешірім сұрағаны бар. Қыздар бригадасы болғанда кеңшардағы ер-азаматтар намысқа тырысып, жұмысқа белсене қатысып, жинақы жүретін, - деп еске алды Ғазез аға.

1969 жылы тракторшы Райхан Мамаева Алматы қаласында өткен республикалық  жас тракторшылар арасындағы жарысқа қатысып, 1-орын алды. Оған Ресейдің Тула облысындағы Плавск қаласында  өтетін тракторшы-жер жыртушылар арасындағы ІІІ Бүкілодақтық жарысқа жолдама беріледі.  Тракторшылар жарысы 4 қазанда Тула облысындағы Молочные дворы поселкесіндегі облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының алқабында өтті. Алматыдан ауыл шаруашылығы министрлігінен Райханды жарысқа жіберіңдер, көмектесіңдер деген нұсқаулар кеңшар басшылығына түсіп жатты. Жарыс басталардан 10 шақты күн бұрын кеңшардың басшылары өзара ақылдасып, шаруашылықтың бас инженері Жексенбай Есенғалиевтің қалтасына ақша салып, ауылдың дәмі деп қызыл балықтың уылдырығын қоржынға салып, ауыл боп Райханның тілеуін тілеп, екеуін жолға аттандырады. Райхан жұмысқа алғыр, байсалды, көп сөзге жоқ жас еді, 15 одақтас елдерден барған тракторшылар арасынан бағы жанып, жүлделі орын алды. Сонымен қатар халық шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бас комитетінің қола медалімен  марапатталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бүкілодақтық жарыста Қазақстанның намысын қорғап, мәртебесін асқақтатқан еңбекқор тракторшыға арнап трактор жа-сатуға бұйрық шығарады. Минск трактор зауытынан шыққан, маңдайшасында «Призеру  Всесоюзного конкурса пахарей в Тулской области трактористке «Есенсайского» совхоза Райхан Мамаевой» деп жазылған қалақшасы бар көк трактор шаңды бұрқыратып, ауылға жетіп келеді. Оны ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қарсы алып, «Біздің Райханның тұлпары» деп қуанады, бір-бірінен сүйінші сұрап, мәз болады. Ауылдың талай ойын баласы тракторды айналшықтап: «Біз де Райхан апа секілді тракторды ерттесек», - деп арман қанатына мінеді. Жаңа «МТЗ-82» тракторы Райханға салтанатты жағдайда табыс етіледі. Бұрыннан  темір тұлпарының құлағында ойнайтын тракторшы қыз енді жаңа техникасымен табыстың тайқазанын тасытады. Талай мәрте социалистік жарыстарда жеңімпаз атанады. Талай мәрте марапат қағаздарын алады. Қазіргі уақытта мұндай арнаулы трактор берілсе, жеке меншікке айналар ма еді, ол кездегі тәртіп бойынша жаңа техника кеңшардың иелігіне өтеді. Сол жылдары Райхан бастаған есенсайлық тракторшы қыз-келіншектер туралы деректі фильм түсіріледі. Бәлкім, сол фильм облыстық телеарнаның архивінде шаң басып жатқан шығар...

1971 жылы Р.Мамаева сегізінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Тайпақ сайлау округінен депутат болып сайланады. Райханның кандидатурасын ұсынған аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы,  бюро мүшесі Ғ.Хаймулдин болатын. Депутат болған Райхан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Ақ Жайық өңірінің өсіп-өркендеуіне, ауыл тұрғындарының әл-қуатын көтеруге  еңбек сіңірді. Сол кездері Тайпақ ауданы суландыру, егіншілік, мал өсіру жетістіктерімен өзгелерден оза шапқаны мәлім. Кейбір тұрғындар жеке арыз-шағымдарымен, көкейтесті мәселелерімен депутат қызды іздеп келіп, одан қолдау табатын. Кейін Ғазез аға мен облыстық комсомол комитетінің қолдауымен тракторшы қыздар Орал ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түседі. Алайда отбасылық жағдайларына байланысты оқуды тастап кетеді.

Райхан апа жас болса да, есімі елге танылып, мадақ пен мақтауға қарық болса да, көкірегін керіп, астамсымайды. Кезінде бірге трактор айдаған әріптестері Райхан десе, алдымен оның қарапайымдылығын, адамгершілігін  ауызға алады. Жоғарғы Кеңеске депутат болғаннан кейін көбінесе жиналыстарда жүретін. Ондайда өзінің нормасын қасындағы қыз-келіншектердің мойнына артпас үшін түн ортасы ауғанша жұмыс істейтін. Райханның өмірлік жұбайы Сапар Бисенов жарының көркем мінезді, адамды сыйлауы, ерекше болғанын айтады. «Маған өмірінде қарсы келмеді. Мен біреудің екі қыздан кейінгі бұлғақтап өскен жалғыз ұлы едім. Мінезім тік, бұлтақтағанды ұната бермеймін. Есенсай ауылының Ақшкол деген бөлімшесінде Райханның үйімен көрші тұрдық. Бала күнімізден бірге өстік. Райхан менен төрт жас кіші, 1949 жылы 8 наурызда туған. Мен 1970 жылы әскер қатарынан келіп, келесі жылы екеуміз үйленіп, бас құрадық.  Екеуміздің анамыз апалы-сіңлілердей тату болды», - деп еске алады Сапар аға.

Атам қазақ қыз-ғұмырдың қысқалығын оларды қырдың қызыл қызғалдағына теңеп көрсетеді. Жатжұрттыққа жаралған қыз баланың бағы, болашағы «Кісі есігі – темір» дегендей, барған жеріне байлаулы болады. Райхан келін болып түссімен, басына ақ орамалын тартып, өзінің келіндік міндетіне жауапкершілікпен қарады. Сапар фермада есепші, тракторшылардың бригадирі болды. Көп ұзамай шаңырақты шаттыққа бөлеп кішкентайлар дүниеге көріне бастады. Жетпіске келген енесінің көзі көріңкіремей, оны бағу үшін Райхан тракторымен қош айтысады. Осылайша ол кейуананы мына жалғаннан өткенше мәпелеп бағып, ақ батасын алады. Біреулердің қисық-қыңыр сөзін елемейді. «Мен өмірбақи депутат болмаймын. Отбасылы адаммын, жұбайымның көңілінен шығып, балаларды адам етсем болды», - дейтін марқұм ешкімнен тайсалмастан. Керек жерінде өз дегенінен қайтпайтын қайсарлығы, өжеттігі бар-тұғын. Кейін аз уақыт бригадада аспаз, мектепте киім ілуші болып істеді. Сапар аға №3 фермаға 20 жыл меңгеруші болды. Сол кездері де шаңырағынан кісі арылмайтын. Райхан келімді-кетімді кісілерді қабақ шытпай қарсы алып, лезде дастарқанын жайнатып, қонақ етіп жіберетін. 2000 жылы Сапардың отбасы облыс орталығына таяу Селекционный ауылына көшіп келеді. Тайпақтан шыққан тұңғыш тракторшы әйелдің өмірінің соңғы жылдары осы ауылда өтті.

Тракторшы1

Райхан депутат болған кезінде Алматы қаласына жылына үш рет сапар шегетін.  Кейде омыраудан шықпаған кішкентайымен баратын. Ондайда жұбайына бірге барайықшы деп қиылғанымен, қазақы ауылдың сөзінен қашатын Сапар құрдастарым «депутат әйелінің қасынан салпылдап қалмайды» деп айтады деп  арланып, бармайтын. Тракторшы құрбысы Ақсүйрік Рсалиева Райханның тұрмыс құрғаннан кейін тракторымды сағындым, айдаймын деп қиғылық салмағанын, бұрынғы даңқы аспандаған жылдарды еске алып, көп айтып, ашыла да бермейтінін, тек өзіне тән ғадетімен жымиып қоятынын айтады. Шамасы, бұл оның тегімен келген парасаттылығынан шығар.  Райхан отбасымен бірге тұрған қайын апасымен сыйластық қалпынан танбаған. Екі баласы апасының бауырында өскен. «Ініңіздің балалары – сіздің  ұл-қызыңыз. Пісіріп жесеңіз де, өзіңіз білесіз. Қалғаны біздікі», - деп күледі екен ол. Райхан апа мен Сапар аға жеті  ұл-қызды тәрбиелеп, қатарынан кем қылмай өсірді. Райханның аналық мейірімділігі, ешуақытта балаға дауыс көтермейтіні, даналығы замандастарының жадында қалды. Оның барлық іс-әрекеті, тәлім-тәрбиесі, әйелдік ұстыны көпке үлгі етерліктей. Перзенттерінің бәрі де үйлі-баранды, жоғары білімді, түрлі салаларда қызмет етеді. Бүгінде үрім-бұтағы жайылып, желкілдеген құрақтай жеті  немере, жеті  жиені өсіп келеді.

- Райхан  дүниеден 2012 жылы 63 жасында өтті. Демікпені теріс емдеген десті дәрігерлер. Біраз жерге апардым. Төсекке таңылып қалғанында, өзім қарадым. Тракторшы боламын деп шаң-тозаң жұтып, содан болды-ау кеселі деп ойлаймын. Менің бетіме жел боп тимеген асыл жарымның салиқалылығына, байсалдылығына өмірбақи тәнтімін. Бір-бірімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді сақтай білдік. Райханым бетіне бір әжім түспестен, әдемі қалпында көз алдымнан ғайып болды, - деп терең күрсінді 75 жасқа шаршамай-шалдықпай жеткен Сапар аға. Солай деді де, Райханмен кенже қызы үшеуі Алматы қаласына қыдырып барғандағы соңғы түскен фотосуретке қарап, қалың ойға шомды. Ағаның жанарынан сағыныштың сарытабын көргендей болдым. ...Менің көз алдыма көгілдір айдында жүзіп жүрген жалғыз аққу елестеді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале