7.04.2022, 10:00
Оқылды: 138

Тамаша бір курс өтті...

Кез келген мемлекеттегі мал шаруашылығының даму деңгейін ветеринарлық қызметтің жағдайына қарап бағалауға болады. Мал өнімдерін өндірумен айналысатын сан алуан меншік нысандары мен түрлі кәсіпорындар сапалы әрі уақтылы ветеринарлық қызметтерге сүйенбей алға баспайды. 

2

Мамандар мен ветеринарлық мекемелердің ерекшеліктерін анықтауда жасалатын жұмыстарды талдаудан өткізу  – ветеринарлық қызмет көрсетудің маңызды бағыты екені даусыз.

Мал шаруашылығының өнімді дамуына қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бұл қызмет түрінің әлеуметтік-экономикалық мәні – мал шаруашылығы өндірісінің ұдайы кеңейіп отыруына ықпал ететін нақты тауарды қолданысқа енгізу. Қызмет көрсетушінің беделіне, оған деген сеніміне, білімі мен кәсібилігіне байланысты сұраныс артады.

Мамандардың құрамы, олардың біліктілік деңгейі, азаматтығы, кәсіби қызметін жетілдіруге деген ұмтылысы, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануы – ветеринарлық қызметті жетілдірудің басты факторлары болып табылады.

«Дәрігер адамды емдейді, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген сөзді білмейтіндер кемде-кем. Иә, расында, ветеринарлар тек тәжірибелі мал дәрігері емес, алдыңғы қатарлы инновациялық ғылым мен өндірістен хабары бар маман болуы керек. Өйткені оның мойнында бүкіл адамзаттың амандығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты кәсіби білім мен дағдыларды жетілдіру қай салада да өте қажет шара. Білімді тереңдетіп, кәсіби шеберлікті шыңдайтын біліктілікті арттыру курстарынан  өткен  жөн.

Бұл қазіргі уақытта, яғни мал мен мал шаруашылығы өнімдерін импорттау және экспорттау бойынша мемлекетаралық қатынастар кеңейгенде, жаңа ауру қоздырғыштарының кесірінен мал ауруларының да жаңа түрі пайда болған кезде өте маңызды. Саладағы тәжірибелі ветеринар мамандар жағдайды қадағалап, талдау жасап, өз бақылауында үнемі ұстап тұра алмайды. Осы орайда БҚИТУ инженерлік-гуманитарлық факультеті басшылығының ветеринария саласындағы мамандандырылған жоғары оқу орындары мен колледждердің тәжірибелік ветеринар мамандарының, оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық. Кафедра ғалымдары «Ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алудың ветеринариядағы инновациялық әдістері» тақырыбында өзекті және қазіргі таңда сұранысқа ие сабақтар әзірледі. Ол сабақтар студенттерге эпизоотология, паразитология, репродукция биотехнологиясы, акушерлік және гинекология, сондай-ақ хирургиялық патологиялар мен жануарлардың жұқпалы емес ауруларына қатысты қосымша теориялық және практикалық білімдердің жеткілікті түрде кеңейтілген сипатын ұсынады.

Биыл 28 наурыз бен 1 сәуір аралығында Экология және биотехнология кафедрасының базасында Атырау және Батыс Қазақстан облысындағы ветеринарлық стансалардың басшылары мен мамандарының біліктілігін арттыру курстары өтті. Сондай-ақ оған Орал қаласындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжі мен БҚИТУ оқытушыларынан жалпы саны 16 тыңдаушы қатысты. Е.Байтілесов, М.Шәлменов, Г.Абсатиров, С.Қанатбаев,  А.Дінекешев секілді ғылыми, практикалық және педагогикалық тәжірибесі бар экология және биотехнология кафедрасының ғалымдары тьютор ретінде төбе көрсетті.

Біліктілікті арттыру курстары ғылыми-өндірістік кешен болып табылатын БҚИТУ ИГФ (инженерлік-гуманитарлық факультет) биотехнология ғылыми-зерттеу зертханасы базасында өтті. Бұл кешен ауыл шаруашылығы, ветеринария, ет және сүт өнімдерін өңдеу технологиясы, сондай-ақ экологиялық және химиялық салалардағы басым бағыттар бойынша жоғары ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи құрылғылармен жабдықталған. Биотехнология ғылыми-зерттеу зертханасының базасында халықаралық стандарттарға сай ғылыми-өндірістік кешен болып табылатын вивариум жұмыс істейді. Оның негізінде эмбриондарды трансплантациялау және ветеринарлық қызметтің басқа да басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеу жасайды. Ғалымдар, аспиранттар, магистранттар, университет студенттері жануарларға зертханалық жұмыстарды орындаумен қатар практикалық зерттеулер жүргізе алады. Ветеринарлық емханада тәжірибелік ірі қара, ұсақ мал, құстар (тауық, бөдене, қырғауыл), қоян және зертханалық тышқандар бар. Жалпы, бұл кешен ұсынылған білім беру қызметінің сапасын және студенттердің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Теориялық бөлімде заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы презентациялар мен мамандандырылған бейнероликтер көрсетілді. Практикалық бөлімде студенттерге университеттің ветеринарлық клиникасының жануарларынан алынған биоматериалдар бойынша инфекциялық және паразиттік патологияларды диагностикалау және алдын алудың заманауи әдістері көрсетілді. Сондай-ақ қажетті бекіту құралдарымен, заманауи аспаптармен жабдықталған ветеринарлық клиникада жануарларды көбейту биотехнологиясының жаңа әдістері, патологияларды емдеу және алдын алудың жекелеген хирургиялық амалдары тікелей ауыл шаруашылығы жануарларына көрсетілді.

Сабақтардың әр циклінен кейін қатысушылар пікірталас жүргізіп, ой алмасты. Курс соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Мұндай сабақтар тыңдаушылар тарапынан мақұлданып, алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Лаура Байтілесова,

химия ғылымдарының кандидаты,

БҚИТУ ИГФ экология және биотехнология кафедрасының меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале