27.11.2023, 14:30
Оқылды: 11

«Тамашев» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі көкөніс егуді қолға ала ма?

Ақжайық ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Тайпақ ауылындағы «Тамашев» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігінде барды.

IMG-20231127-WA0146

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан кооператив пен кәсіпкерлік обьектісі жұмысын биыл бастаған. Келер жылы ісін одан әрі дамытпақшы.

Құрамында бес ауыл тұрғынын қосқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшесі Аманжол Тамашев бағдарлама бойынша 2,5 пайызбен берілетін несие рәсімдеп, оған картоп егуге арналған бір 4 қатарлы, бір 2 қатарлы жер жырту құрылғысын, 1-плуг, 1-культиватор, 1-борона сатып алған.

IMG-20231127-WA0145

- Бау-бақша егумен бұрыннан айналысып келеміз. Осы кезге дейін ісімізді дамытудың жолын таппай келген едік. »Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қажетті техника алудың сәті түсті. Енді өзіміз сияқты бақша егіп, іс қылып жүрген бірнеше отбасымен бірігіп, кооператив құрдық. Енді бірлесе отырып, көкөніс егуді қолға аламыз, - дейді «Тамашев» АШӨК мүшесі Аманжол Тамашев.

Жайық жағасындағы 10 гектар жерінің жартысына картоп еккен шаруа пияз пен сәбіз салуды да қолға алмақ. Сонымен қатар ауылда өнім сақтайтын қойма тұрғызуды да ойластырып жатыр.

- Коопреатив меншігінде 109 гектар жер бар. Мақсат өз өнімімізбен аудан, облыс халқын қамту. Сонымен қатар егіс көлемін арттыру. Ол үшін барынша жағдай жасадық, - деді Аманжол Тамашев.

Кооператив жұмысымен танысқан өңір басшысы ауыл азаматтарының басы қосылып, бақша егуді қолға алғаны жақсылықтың нышаны екенін айтты.

- Бірігіп жасаған шаруа берекелі болады. Кооперативтің әр мүшесі өзіне жүктелген жұмысты тиісті деңгейде атқарса, кәсіп оңға басары сөзсіз. Оның үстіне жаңа техникаға өтемақы беріледі. Сондай-ақ облыс орталығына қоймалар салып жатырмыз. Артылған өнімді тұрақтандыру қоры арқылы сол жерге сатуға болады, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі коопреативке біріккен жандар мен кәсіп ашам дегендерге келер жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаражат берілетінін де айтты.

Жалпы ауданда кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлібек Бәкіровтың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алуға 125 өтінім түсіп, оған 854 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ол өтінімдердің 98-і қаржыландырылған. Кәсіп ашам деп несие алғандарға 708 миллион теңге бөлінген.

- Өтінімнің 45-і 360 миллион теңгені игерді. Ол қаражатқа 135 бас асыл тұқымды ірі-қара, 268 бас сүтті бағыттағы тауарлы мал, 701бас жандық, бау-бақша салуға арналған түрлі техника, брусщатка және полифасад өндіретін құрылғы алынды, - деді Ақжайық аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлібек Бәуіров.
Бүгінде кәсібін бастаған шаруалар мал басын рәсімдеп, техникасына қажетті құжаттарды дайындап жатыр.
Аудандағы кәсіпкерліктің дамуына көңілі толған облыс әкімі қой басын асылдандыруға көңіл бөлу керек екенін баса айтты.
Одан соң «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігінде болған Нариман Төреғалиұлы сүтті мал өсіруді қолға алған кәсіп иесі Есетай Ермековтың шаруасымен танысты.
«Ауыл аманаты» бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген кәсіпкер 10 бас симментал тұқымды ірі-қара сатып алған.
- Малды Павлодар облысынан алып келдім. Болашақта ауданда сүт белдеуін қалыптастыруды көздеймін. Болашақта мал басын көбейтіп, ауданды ғана емес, көршідес Атырау облысының Индер ауданын да сүт өнімдерімен қамтуды қолға алсам деген ойдамын, - деді кәсіпкер Есетай Ермеков.

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне бірігіп, ісін одан әрі дамытсам дейтін Есетай Ермеков саусақ бірікпей, ине ілікпейді деген принцепте. Сол үшін кооперативке бірігетін бақша егушілер мен мал өсірушілер екі жаққа тиімді бағытта жұмыстанады деген ойда.
Кәсіпкер жұмысымен танысқан облыс басшысы өңірдің басқа да сүт өнімін шығаратын кәсіп иелерімен тығыз жұмыстануды ұсынды.
- Облыста сүт өңдейтін «Каверин» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіп дамып, көп көлемде сүт шығып жатса, олар өзі келіп сүтті сатып алады. Сол бағытта жұмыстанған жөн, - деді облыс әкімі.

Түгелбай Бисен,

Фотоға түсірген: Нұрбек Ихсан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале