31.01.2023, 10:30
Оқылды: 90

Танымал тарихшының еңбектері жарық көрді

Өткен аптада «Атамекен» өнер ордасында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Орал қаласы және Казталов ауданының құрметті азаматы Тұяқбай Рысбековтің ғылыми еңбектерінің тұсаукесері өтті.

китап рысбеков

Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, университеттің проректорлары мен профессорлық-оқытушылық құрамы, білім беру мекемелерінің қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Тарихшының өмірі мен шығармашылық жолын кеңінен көрсету мақсатында дайындалған «Бәйтерек» бейнебаяны көрсетілді.

Айта кетсек, Тұяқбай Зейітұлы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесін бітірген соң, еңбек жолын өзінің туған жері Үшарал орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін білімін шыңдау үшін Сергей Киров атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында зеректігінің арқасында озат студенттердің қатарынан көрініп, түрлі ғылыми экспедициялар құрамында болған. Факультет жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмыстарына да белсене араласқан. Қоғамдық жұмыста өзінің алғырлығымен танылған жас жігіт 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген студенттермен бірге жоғары және орта арнаулы оқу орындары министрлігінің жолдамасымен Александр Сергеевич Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына қызметке орналасқан. 1977 жылы Қазақ Мемлекеттік университеті тарих кафедрасының аспирантурасында кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғаған. Білім беру саласында елу жылдан аса уақыт қызмет еткен ол – 25 монография мен очерк, 26 оқулық пен әдістемелік құралдардың ауторы. Сонымен қатар ғалымның «Туған өлке тарихы», «Қазақстан тарихы», «Бөкей орда тарихы», «Тарихпен тілдесу», «Батыс Қазақстандағы халық ағарту тарихының очерктері» және басқа да зерттеу еңбектері жарық көрген.

Жиын барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының А. Байтұрсынов атындағы орденін тарихшы-ғалымның өңіріне салтанатты түрде тақты.

– Ардақты ағайын, бүгін Ақ Жайықтың рухани-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде айшықты қолтаңбасы бар академиктің кітаптары оқырмандарға жол тартқалы отыр. Тұяқбай Зейітұлының есімі өңірімізге кеңінен танымал. Ол – қашан да өзінің дара болмысымен ерекшеленіп тұратын тұлға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп жазған. Осы орайда ұлттық тарихи сананы қайта жаңғырту жолында академиктің аянбай еңбек еткенін айтуға болады. Оған өзі ректорлық қызмет атқарған жылдары ғылымға бет бұрған шәкірттерге рухани бағыт бергені дәлел. Сонымен қатар студент-жастарды тәрбиелей жүріп, қолынан қаламы түспегенін бәріміз білеміз. Өңір тарихшыларының көшін бастап жүрген академиктің жазары таусылмасын, отбасы аман болсын! – деді Нариман Төреғалиұлы.

Екі тілде жарық көрген екі кітаптың тұсауын облыс әкімі мен профессор Мұрат Сабыр кессе, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры, ветеринария ғылымдарының докторы Асқар Наметов пен М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың ғылыми істер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденов рәсімді әрі қарай жалғастырды.

Тарихшы Тұяқбай Рысбековтің айтуынша, әрқайсысы 500 данамен шыққан төрт кітабының екеуінде облысымыздың өткен заманннан бүгінге дейінгі тарихы баяндалады. Мектеп оқушыларына арналған бұл екі еңбекте өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайына қатысты мәліметтер жан-жақты жазылған. Сондай-ақ өңіріміздегі тарихи оқиғалардың себебі мен салдары анық көрсетілген. Аутордың 2017 жылы таңдамалы шығармаларының бес томдығы оқырманға жол тартқан еді. Аталған төрт кітаптың қалған екеуі соның 6-7-томдық жалғасы болып жарық көруде. Оның 6-томында өнерге өз үлесін қосқан Батыс Қазақстан облысындағы майталмандардың еңбегі жайлы жазылса, 7-томына жалпы Республика көлеміндегі тарихи деректер енгізілген.

Алқалы жиында зиялы қауым өкілдері Тұяқбай Зейітұлының азаматтығы, қызметке адалдығы және шығармашылығы турасында пі-кірлерін білдірді. Осы ретте филология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр ғалымның еңбектері жөнінде сараптамалық ой-пікірін ортаға салды. Ол ең алдымен «Батыс Қазақстанның ғылым және өнер жұлдыздары» деген кітапты таныстырды. Сондай-ақ мұнда әр кезеңде өмір сүріп, ақыл-парасатымен, шешендігімен, ізденістегі табандылығымен қоғамның дамуына ықпал еткен әдебиет, өнер мен ғылым қайраткерлерінің өмір жолын кезіктіруге болатынын нақтылап айтты.

– Бұл кітап тұлғаны тануға арналған. Ал тұлғаны толық тану өз кезегінде, адамның өмірі, қызметі, ортасы, ұлттың өркендеуі үшін атқарған ісі жайында жан-жақты сауалдарға жауап бере алатындай деңгейде болуы шарт. Осы орайда Тұяқбай Зейітұлының кім туралы немесе қандай жағдай жайлы жазса да, терең ізденісіне сүйене ғылыми тұжырым жасайтынын байқай аламыз. Атап өткен кітаптың алғашқы тарауы ақындар мен жазушыларға арналған. Соның ішінде белгілі жазушы Хамза Есенжановтың шығармашылығына кеңінен тоқталған. Онда «Ақ Жайық» трилогиясы – тарих, шежіре, архив материалдарымен толық танысқан, жастайынан ел әңгімесін естіп өскен зерделі зерттеушінің романы» деген баға береді тарихшы-ғалым. Мұндай салмақты пікір білдіру үшін үздіксіз іздену керек деп есептеймін. Автор әдебиеттанушы-ғалым Қажым Жұмалиевке арналған мақаласында оның жазушылық қырын ашып, туындыларының бүгінгі таңда оқу бағдарламасынан тыс қалғанын қозғайды. Айтқандай, бірқатар поэмасына шолу жасап, онда сол кездегі қоғамның жағдайы шебер суреттелгенін атап өткен. Осы жерде біз Т. Рысбековтің тарихшы ғана емес, әдебиет саласында да іргелі зерттеулерге барып жүргенін аңғарамыз, – деді жан-жақты шолу жасаған Мұрат Бөкенбайұлы.

Жиын соңында академик Тұяқбай Зейітұлы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале