4.04.2023, 9:30
Оқылды: 45

Тәрбие кілті

 

 Казталовта өткен келелі кеңестен

Жалпақтал ауылы, Ғ. Молдашев атындағы орта мектепте керемет бір шара өтті. «Ұлағатты ана – ұлт мерейі». Аудан мектептері жанындағы аналар кеңестерінің осынау форумын ұйымдастырған – Казталов аудандық білім беру бөлімі. Бүге-шігелеп, ненің қалай болғанын баяндап беру мақсатым емес, бүгінгі алыпұшып тұрған жылдамдық заманында ел «қымс» еткен жаңалықтан заматта құлағдар болып үлгереді ғой.  Айтпағым, осы кездесуде ортаға салынған ойлар, әсерлі әңгімелер, әдемі сәттер және тұжырым. Жасыратыны жоқ, қазірде қоғамның тынысы ауырлап, жағымдысынан гөрі жағымсызы көбейіп тұрғандай сезіледі. «Өмірді тұрмыс билейді» деген бар,  бұл жағдай  әлеуметтік ахуалдың төмендеуінен бе, әлде басқа ма, оның  себебін тап басып айту қиын. Әйтеуір, тәрбие саласынан бір, бір емес-ау, әлденеше олқылық жіберіп алдық па деген ой жиі мазалап жүрген тек  сіз бен біз (оқып отырған жандарды айтам) ғана болмаспыз... Не істемек керек? Қайтсек түзерміз,  мынау біртүрлілеу болып бара жатқан бағытты? Қайтіп оралармыз айнымас Ұлттық Алтын Қазығымызға? Міне, Сарыөзен мен Қараөзенді ен жайлаған Казталов өңірінің аналары осы төңіректе ақылдаспаққа, өзара үлгі алыспаққа  жиналыпты.

20230403_092522

Ойға түйіп аларлықтай, қадеге жарарлықтай біраз нәрсе айтылды. Форум спикерлері – Гүлдана Дүйсекова, Айғаным Жұмағалиева, Гүлназ Айтқалиева, Ләззат Абуханова, Мейірімгүл Жүсіпова және шақырылған қонақтар – Баян Қабиева, Күнсұлу Шакенаева, сосын, осы жолдардың авторы, яғни Дариға Мұштанова – кезек-кезегімізбен өз ойларымызды, көрген-білген, жиған-тергенімізді ортаға салып,  сан тақырыпта  еркін сыр шертістік.

«Көпбалалы анадан – көпнемерелі әжелікке жеткен әйел – дана  әйел! Немерелерін тәрбиелеуді әже қолына алса – Құдайдың бергені! Тап-таза статус! Өмір сабақтарындағы «қатемен жұмысты» жүргізсе, осындай адамдар жүргізсін, тыңдаса, осындай адамдарды тыңдасын жастар...» деген ой келеді кейіпкерлердің парасат-пайымдарына  қарап отырып.

«Инемен құдық қазғандай» дейді-ау оқуды, инемен құдық қазғанның көкесі осы тәрбие жұмыстарында, меніңше... Төрт баланың анасы, өзі бір мектептің директоры болып отырған  спикердің әңгімесінен осыны түйдім. «Жолдасым да мұғалім. Балаларымызды мейлінше  ұлтжандылыққа,  білімге,  адамгершілікке тәрбиелеп,  өмірге дайындап жатырмыз. Нәтижесін уақыт көрсетеді»  дейді ұстаз десе, ұстаз,  тәрбиеші десе, тәрбиеші маманның өзі.

Көзге көрінбейтін, бірақ үздіксіз,  ұдайы жүргізуді талап ететін, жемісін ұзақ күттіретін  жұмыс демей не дерсің тәрбиелі адам қалыптастыру ісін. Иә, жұмыс. Міндетті жұмыс. Адами парыз. Қызын кітап оқуға қалай баулығанын айтып берген ананың әңгімесі де тартымды-ақ. Алдыңғы балалары өнер жолын таңдап, соның оқуына түсіпті. Оның да өзіндік қиындықтары (түрлі байқауларға қатыстыру,  киім, аспап,  жолақысы т. б. шығындар) бар екенін көзбен көріп, бастан кешіп шыққасын, кішісін басқа мамандыққа бұрмаққа шешіпті ата-ана. Мектеп бітіруіне әлі біраз бар қызының профильдік тәрбиесін ерте бастан қолға алған. Сондағы қарулары – әдеби  кітап.  Ауданға белгілі ұстаздар әулетіне келін болып түсіп, атасының кітапқұмарлығын көре қалған ана  пандемия кезіндегі оқшауланған жағдайды баласының пайдасына жаратыпты – көзі  тірісінде атасы ешкімді жақындатпай ұстап, текшелеп жинап кеткен мұра – кітаптардың «кілтін ашыпты» қызына. Яғни шамалап бастап айтып, бірге оқи түсіп, кейінгісін өзіне қалдырып дегендей білдірмей баулыған ғой әдебиет  әлеміне. Интернетке үйреніп қалған баланы кітап оқуға мәжбүрлемей, тапсырма беріп,  беттеп оқытпай, табиғи құштарлығын ояту деген тәсіл осы емес пе? Қызы – оқу үздігі және кітапхананың  кітабынан – кітап  қоймай оқитын «книгоман» болған да шыққан. Атасының жолымен мұғалім мамандығын өзі таңдапты, биыл мектеп бітіргелі отырған қыздары. Жеңіс пе – жеңіс. Мамандық таңдауды жетіп барғанда, әбден аттестатты қолға алғанда немесе 11-сыныпқа келгенде асығыс, жеңіл-желпі емес, әріден ойлап, санаға сіңіру арқылы жүзеге асыру деп осыны айтады. Бәрінен де ақ кимешекті ананың әңгімесі қызық. Түгел келтірейінші: «Бала жасымнан машина жүргізу арманым болды.

Рульге отыруға керім қызығатынмын.  «Шопыр болып қайда барасың, одан да тігіншілікке оқысаңшы, көйлегіңді өзің тігіп кисең де», – дейтін  шешем. Ол күнде қолдан тігеміз ғой барлығын... Әкем қарсы болған жоқ. Сосын, совхоз басшысына барып, шопырлыққа оқығым келетінін айттым. Ол кісі сөзге келген жоқ, хатшысын шақыртып, дереу жолдама жазғызып берді. Қыздардың машина айдауы деген сирек қой, қуанып кеткен сияқты. Сонымен, аудан орталығынан үш айлық курс бітіріп права алып келдім ауылыма. Маған бір бензовоз берді совхоз! Ой, сондағы қуанғаным! Сөйтіп,  өмір бойы шопыр болып пенсияға шықтым. Күйеуім де өзім сияқты маман болғасын, түсіністікте өмір сүрдік. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп жатады ғой,  мен ондай қиындықты байқамадым, ал. Үш баламызды өсіруде де түк қиындық көрген жоқпын, бір үйдің жалғыз ұлына тұрмысқа шыққанмын. Үйде енем бар, немерелерін сол кісі бағып өсіріп берді, мен жұмыстан қалмадым. Ол кезде үлкен-үлкен машиналар ғой, «ГАЗ-53», «УАЗ» дегендей, солардың рулінде отырдым. Қазір, Құдайға шүкір,  өзім де енемін.  Келін жұмсағалы тіпті керемет, өзім бұрыннан да үй шаруасына икемсіздеу адам, ішкі жұмысты түгел соған тапсырдым. Менікі – мал  қарау,  немерелерді балабақшаға, мектепке апару-әкелу сияқты сыртқы шаруалар...  – Балаларыңды ғой машинамен тасып жүрсің? – деп сұраймын мен мына ақжарқын әңгімеге  қызығып  кетіп.

– Машинамен тасимын.

«Келін қайын ененің топырағынан жаралады» деген, бәріне көлік жүргізуді үйретіп қойдым. Бас-басына бір-бір права, көлік, – деп  күледі кимешекті ақ әже тыңдаған жұртқа ду-ду қол соқтырып. Әлгінде өзім оқып берген өлеңіммен үндесе кеткен әңгімеге  мен де мәзбін:

– Қолымды  босаттың шыныаяқ-кеседен

Сенімен көгерер көгерсе –  көсегем.

Келінім – керімім, сырласым – сыйласым,

Үн-түнсіз үлгі алған Енеден – Шешеден.

Азырақ  өзгеше,  біздегі  «заң»  басқа

(Заңдарды  болмайды бағытқа  алмасқа) –

Қонағым  көп  менің... салтымыз  бөлектеу

Достарым  тағы  бар –  шетінен  марғасқа.

Шай  құйып, ас  асып,  иіліп  тұрасың

Сен  алған ақ бата –  бақытты  құрасын.

Немере иіскеп мен  шалқып отырам

Бақытты əжемін. Ырзамын, расым!

... Форум болғасын форматы бөлек,  жанға жақын,  шынайылыққа толы өтті бұл күн.

Келін мен ене, ерлі-зайыптының арасы, әке мен бала, қыз бен ұл т. б.  толып жатқан күрделі мәселелерді бір сәт былай қоя тұрып, өмірдің шуағына шомғандай болдық.

«Осындай ойлы да жайлы, жан-жақты шаралармен ауылауылдарды түгел  аралап шықса да артық болмайды» деген тұжырымға келді жиылғандар. Бұл да бір мектеп. Тәрбиенің кілті, бәлкім, осындайосындай кездесулерде   болар?!.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің иегері,

ҚР  Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале