17.01.2023, 10:00
Оқылды: 31

Тариф тағы құбыла ма?

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында монополиялардың пайдасын шектеу және инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету  арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар монополиялық нарықтарда инфрақұрылымға инвестиция салудың орнына жаңа тарифтік саясатқа көшу қажеттігіне назар аударылды. «Желілер мен қуаттардың тозу көрсеткіштерін кем дегенде 15 пайызға азайту керек», – деп тапсырды Президент. Осы тапсырманы орындау үшін қазіргі уақытта бірқатар іс-шара, соның ішінде табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілуде. Өткен жылдың аяғында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тариф саясатын жетілдіру шеңберінде «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекова жаңа тарифтік саясат туралы түсіндірді.

IMG-20230117-WA0002

Фото дереккөзі: egemen.kz 

– Соңғы жылдары  облыста коммуналдық қызметтер тарифтері  айтарлықтай өскен жоқ. Мәселен, жылдық инфляция деңгейі 20% болған кезде ақылы қызметтер бағасының өсуі 14,1%-ды құрады. Өңірдегі тарифтер инфляция индексінің ең төменгі деңгейінен жоғары көтерілмеді,  бұл көрсеткіш 4-6% шамасында болды. Жылыту тарифі 2019 жылдан бері өзгерген жоқ, салқын су тарифі – 3,69%-ға, кәріз  – 4,98%-ға, электр қуаты тарифі  10%-ға өсті, газбен жабдықтау тұрғындар үшін 1%-ға төмендеп, басқа тұтынушы үшін тариф 5,38%-ға қымбаттады. Болашақта инфляция деңгейін,  облыстағы инженерлік инфрақұрылымдардың тозуын есепке алсақ, коммуналдық саладағы тарифтерді өсірмей, сақтап қалу мүмкін емес. Тозығы жеткен желілерді  жаңартуға айтарлықтай инвестиция қажет, – деді спикер.

Қазіргі кезде облыс аумағындағы коммуналдық желілердің тозу деңгейі орта есеппен 60%-ды құрайды. Оның ішінде Орал қаласында жылу желілерінің тозуы – 50,7% (ЖЭО жабдығының ескіруі 87,8%), сумен жабдықтау желілерінің тозуы – 61,5%, кәріз желісінікі – 60%, электр желілерінің тозуы 82% шамасында. Тексеріс жұмыстары Орал қаласында жылумен жабдықтау қызметтерін көрсететін «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу желілері мен жабдықтарының тозу деңгейі жоғары екенін көрсетті.

Г.Қазбекованың айтуынша, бүгінде желілерді жаңғырту және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында ҚР заңнамасына өзгерістер енгізілмек. Мысалы, бұрын бекітілген тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгертуге стратегиялық тауарлар құнының өзгеруі, ұсынылатын, реттелетін қызметтер көлемінің ұлғаюы, ҚР Салық заңнамасына сәйкес салық мөлшерлемелерінің, бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің өзгеруі және басқалары  негіз болатын. Енді заңнамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін субъектілер өңірдегі (қаладағы) экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық жалақысын өзгерту, нысанды теңгерімге және (немесе) мүлікті сенімгерлік басқаруға алу, бекітілген инвестициялық бағдарламаны ұлғайту секілді негіздер бойынша да жүгіне алады. Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтер секторының инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындауға мән-маңыз берілуде. Соған сәйкес тарифтердің, оның ішінде орташа тарифтердің өсуі есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендету көзделген. Алайда тарифтер деңгейі-нің айтарлықтай өсуі онсыз да қымбатшылықтан ығыр болған қоғамда әлеуметтік шиеленістің өсуіне соқтыруы ықтимал.

– Осыған байланысты тапсырманы іске асыру әдістері қарастырылуда. Соның бірі тартылатын инвестиция көлемін бірнеше жылға түпкілікті тарифке түсетін жүктемеге бөліп қосу әдісін қолдану ұсынылып отыр. Осылайша 2030 жылға дейін желілердің тозу деңгейін 15%-ға дейін төмендету көзделуде. Тарифтің деңгейі табиғи монополия субъектісі ұсынған өтінімге байланысты болады. Өтінімдердің әрқайсысы жұртшылықты, сарапшыларды қатыстыра отырып, мұқият қаралады. Қазіргі таңда тарифтердің деңгейі белгісіз, бірақ оның көтерілуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады,  – деді Гүлжаз  Жәнібекқызы.

Осыған байланысты уәкілетті құрылым мемлекеттік реттеу үрдістерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сервистерді цифрландыру жұмыстарын жүргізуде. Тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекітер алдында уәкілетті құрылым жария тыңдаулар өткізеді, онда тариф пен инвестициялық бағдарламаның жобасы тұтынушылар алдында қорғалады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале