24.09.2019, 18:34
Оқылды: 250

«Тәртібі нашар балалармен тұлғалық қатынас орнатылмайды»

«Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау бойынша республикалық кеңес мүшелері өңірімізге жұмыс сапарын қорытындылау жиынында аталмыш жұмыс тобының жетекшісі Динара Зәкиева отбасы жайлылығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда облыс бойынша ведомоствоаралық байланыс жақсы жолға қойылған деп бағалады. Айта кетейік, кеңес мүшелері облыс орталығы мен бес аудандағы 87 нысанды аралап шықты.

WhatsApp Image 2019-09-24 at 16.18.42

Жалпы алғанда денсаулық сақтау саласының жұмыс барысы өте жоғары деңгейде екендігін, медициналық мекемелер мен сала қызметкерлерінің талапқа сай жұмыс атқарып жатқандығын айтты.

– Білім саласына келер болсақ, Орал қаласы бойынша 32 мектепке жөндеу жұмыстары қажет. Соның ішінде интернаттардағы жағдайды жақсарту – басты мәселе, ол жерлердегі моншалардың санитарлық жағдайы талапқа сай емес. Облыс бойынша суицидті болдырмау бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылып, көрсеткіш төмендегені байқалса, жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүргізілуі өте әлсіз. Балалар арасында психологиялық қалып-күйді анықтау мақсатында, ең болмаса, қарапайым сауалнама жүргізбейтін мектептер де бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жыныстық қылмыстардың алдын алу бағытында тірек пункттеріндегі учаскелік полицейлердің жұмысын күшейту, қала орталығындағы қараңғы аулалар мен саябақтарды жарықтандыруға басты назар аудару қажет, - деді Динара Болатқызы.

Кеңес мүшелері облыс аудандарын аралау барысында бірқатар оң тәжірибе мен үлгі тұтарлық істерді байқаған, сонымен қатар кемшіліктер де жоқ емес. «Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау бойынша кеңестің мүшесі, кеңесші Рысты Жұмабекова Бәйтерек ауданы бойынша жұмыс тобына жетекшілік етіп, аталмыш аудандағы 23 нысанды аралады.

-Аудан бойынша қосымша білім беру жұмысы жоғары деңгейде жүргізілетіндігіне және туризм, өлкетану саласына қызығушылық танытатын жас өрендер санының көптігі көңілімді марқайтты. Ал бірде-бір әжетханасы іске жарамсыз, ауласы мен дүние-мүлкі қирап жатқан Асан ауылындағы мектептің аянышты халіне, өгей әкесі мен ішімдікке құмар анасынан қашып, тағдыр тәлкегінде жүрген 15 жасар қыз баланың қыл үстіндегі тағдыры, оған жанашырлық танытып, қамқорлығына алатын бірде-бір пенденің табылмауы жаныма қатты батты. Сондай-ақ аудан-ауылдағы интернеттің нашарлығы салдарынан «Е-халық» базасының біраздан бері жаңартылмауы – өрескел кемшілік, – дейді Рысты Мағауияқызы.

Аталмыш кеңес мүшесі, кеңесші Мәнсия Исқазина жетекшілік ететін топ Тасқала және Бөрлі аудандарындағы 28 нысанды аралап, қолайсыз отбасы және көп балалы санатындағы екі отбасының тірлігімен танысқан. Аталмыш топ мүшелері аудан әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі комиссия жұмысын, отырыстар негізінде жүктелген тапсырмалар мен қабылданған нақты шаралар туралы құжаттардың реттілігін, аудандағы колледждер мен интернаттар жұмысының ұйымдастырылу деңгейін оң бағалады. Тез арада шешімін табуы тиіс мәселелер қатарында «Шұғыла» сауықтыру лагерінде балалардың демалуы мен денсаулығын қалпына келтіруге жағдай жасау, Бөрлі колледжін күрделі жөндеуден өткізіп, аталмыш білім ошағын білікті психолог маманмен қамту, бірде-бір аула клубы жоқ ауданда мектептен тыс орталықтар жұмысын жолға қою қажеттігі айтылды.

Теректі және Ақжайық аудандарын аралаған жұмыс тобының жетекшісі – ҚР ІІМ ювенальды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев кешкі мектептер жұмысын бірізділендіруге баса мән берді.

– Сабақ оқымайды, мұғалімнің айтқанын тыңдамайды деген сылтаумен тәртібі нашарлау баланың бәрін бірдей кешкі мектепке тоғыта беру дұрыс емес. Мұндай мектепке ауыстырмас бұрын аталған баланың мәселесін арнайы комиссия жан-жақты қарастырғаны жөн. Теректі ауданындағы кешкі мектепте қазіргі таңда 180 адам білім алуда, оның 60-ы – балалар. Соның ішінде 18 бала мектепішілік, тоғыз бала құқық қорғау құрылымдарының есебінде тұр. Кешкі мектеп тәрбиеленушілерімен жұмыс барысында тұлғалық қарым-қатынас орнату, мәселені тереңірек талдау жетіспейді. Соның салдарынан аталмыш ауданда 15 жасар қыздың өгей әкесін өлтіру фактісі тіркелді. Қылмыстық оқиға орын алғаннан кейінгі тексеру жұмыстары барысында мектеп тарапынан берген мінездемеде қыз бала туралы «Сабаққа жиі қатыспайды» деген сипатта бір-ақ сөйлем келтірілген. Сондай-ақ Жаңа өмір ауылында өз-өзіне қол жұмсаған Шаған мектебінің 5-сынып оқушысымен жүргізілген тренинг қорытындысында да оған «оптимист» деп баға берілген. Бұл оқиғалар аталмыш бағыттағы жұмыстар дұрыс бағытта жүргізіліп жатпағандығын көрсетеді, – деп атап өтті жұмыс тобының жетекшісі.

Ақжайық ауданы бойынша аудан әкімі мен жергілікті бөлім басшылары, кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі аудандық комиссия мүшелерінің қатысуымен жиын өтіп, жергілікті билік өкілдеріне 300-ден астам бала білім алатын Абай атындағы мектеп-гимназияның апатты жағдайы, ашық-шашық қалыпта жатқан трансформаторларды құлыптау, жуырда ашық жатқан трансформатордың ішіне кіремін деп ток соққан баланың жағдайының енді қайталануына жол бермеу, аграрлық саладағы қат мамандарды оқытумен айналысатын аграрлық-техникалық колледжде білім алушы жастар санын арттыру туралы ескертілген.

БҚО әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева республикалық жұмыс тобының мүшелеріне атқарылған ауқымды жұмыс үшін алғыс айтып, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде жою үшін жұмыс жоспары жасақталатындығын жеткізді. Сонымен қатар өз тарапынан балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған ата-аналарға жауапкершілік тағайындау, саналы ата-аналыққа дайындау орталықтарын ашу туралы ұсыныстар көтеріп, аталған мәселені заң жүзінде іске асыру қажеттігін айтты.

Аяужан Кереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале