«Таза Қазақстан» – дақпырт пен даңғазадан ада, жалған іс пен жалаң сөз араласпаған, тазалықты ту еткен, өскен жер, өнген ортаны өркендеткен өзекті бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды.

Бұл – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатқа қамқорлық көрсетуге, қоғамды жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары бас қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік, ысырапшылдықпен күрес, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылады.
Жаңарудың жарқын үлгісі
Бауыржан Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
– «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың аса маңыздылығын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды.
Бұл тұжырымдар мемлекеттің басты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет».
Мәселеге әр қырынан келуге болады. Алдымен, ойға оралатыны – айналаны аялау, яғни қоршаған ортаны қорғау. Сыртқы әлемнің сұлулығын сақтау. Ауаның да ақысы, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау. Яғни өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктің тазалығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан Президенттің: «Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру», деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз қажет.
Екінші, мемлекетімізді көркейту. Тазалық ұғымын басты өлшем етіп алу. Яғни туып-өскен, өніп-өркендеген ел-жұртыңның, аяулы атамекеніңнің тазалығы. «Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек», деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ортақ үйдің орнықты дамуы – келелі келешектің кепілі.
Үшінші, өзіміз мекен етіп жатқан жеріміздің тазалығы. Әр шаңырақтан шуақтың кетпеуі. Мерейлі мекеннің мәртебелі болуы. Әр тұрғынның берекелі баспанасында тазалық ұғымының салтанат құруы. Ел басшысы осыған орай «Тазалық әр үйден басталуы керек» деген тұжырым жасады.
Төртінші, ұрпақты тазалыққа баулу. Тазалық табалдырықтан бастау алады. Туған үйіңнің табалдырығынан. Басқан баспалдағыңнан. Құтты қадамыңнан. Жүрген жолыңнан. Шарлаған шақырымыңнан. Беттеген белесіңнен. Шыққан шыңыңнан. Қысқасы, тазалық пен тәрбиенің түйісетін тұстары көп. Президенттің: «Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», деген сөзін осы тұрғыдан түйсінген жөн.
Бесінші, сананы тазарту. Бойдың тазалығын, ойдың тазалығын сақтау. Тегінде мұны бесінші қатарға емес, бәрінің алдына, яғни бірінші қатарға қойсақ та болар. Өйткені сана дегеніміз – бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас дүниенің өзегі. Сана тазарса, барлық нәрсе тазарады. Тазару жаңаруға, жаңару жаңғыруға бастайды. Осының бәрі Мемлекет басшысының мына тұжырымынан туындайды: «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз». Біз бүгін осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімелесеміз.
Сонымен, әңгімемізді «Сана тазармай, қала мен дала тазармайды» деп бастадық. Ендеше, сана қалай тазармақ? Ол қалай іске асады? Оған сіздер қандай үлес қоса аласыздар? Қай тұрғыдан атсалысуларыңыз мүмкін? Міне, өздеріңізбен бірге осы жөнінде сөз қозғаймыз.
Өркениетті елдердің өрісті өнегесі
Еділ Жаңбыршин, Халық Кеңесінің мүшесі:
– Осыдан 21 жыл бұрын техника ғылымдарының докторы атағын қорғаған кезімде Ташкенттен келген ғылыми кеңестің мүшесі Усман Ходжаев деген профессор маған: «Сіз физиканың экологиясын індете зерттеген екенсіз. Ендігі жерде көзге көрінбейтін әлемнің экологиясын зерделегеніңіз абзал», деп кеңес берді. Өзбек ғалымының сөз астарында сана тазалығы, ой мөлдірлігі жатыр. Сананы тазарту үшін жүрегіміз тыныш, таза болуы шарт. Жер бетіндегі игілік атаулының бәрі де адам қолымен жасалады. Өкініштісі, бүлдіруші де – адамзат.
Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты болып жүрген кезімде, радиоактивті қалдықтарға қатысты заң жобасын әзірлеу кезінде Норвегия еліне іссапармен бардық. Сонда арнайы өкілдерден қоқыс полигонына ертіп баруды өтіндік. Бізге Драммен қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонды көрсетті. Қоқыс алаңына ұқсата алмайсыз, қолқаңды қабар күлімсі иіс мүлде сезілмейді. Өйткені қоқысқа төгілген заттың 98 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Жағымсыз иіс таралмауының тағы бір себебі, мұнда тамақ қалдықтары төгілмейді. Ал біздің елорданың өзінде полигонға төгілетін қоқыстың 44 пайызы – тамақ қалдығы. Оның бәрі қоқыспен мидай араласып іріп-шіріп жатыр. Норвегтер тамақ қалдығын бөлек ыдысқа, тұрмыстық қалдықты өзге қапқа жинап, қоғамдық қоқыс жәшігіне салады.
Тағы бір таңдандырғаны, арнайы дүкен бар екен. Әркім өзінің үйіндегі тұтынбайтын, бірақ әлі де кәдеге асатын артық-ауыс мүлік-мүкәмалын осы дүкенге өткізеді. Осы арадан өзге норвегиялық келіп, қажетіне жарайтын затын таңдап ала алады. Норвегтерден осындай игілікке қалай жеткенін сұрағанымда, тәрбиені балабақшадан бастағандарын айтты. Яғни балдырған балабақшаға барғанда тәрбиешілері оған тұрмыстық қалдықтарды қалай сұрыптау қажеттігін үйретеді. Отбасында әке-шешесі қоқыс қалдығын дұрыс сұрыптамаса, баласы ескерту жасайды. Сана мәдениетін қалыптастыруға бұл мемлекет 40 жылға жуық уақытын сарп еткен. Ел бүгінде игілігін көріп отыр.
Тағы бір мысал, Қытайдың 10 миллионнан астам тұрғыны бар Чанша деген қаласына барғанымызда да, қоқысты өңдеп, игілігіне малынып отырған халықтың тіршілігіне тәнті болдық. Мұнда арнайы зауытта күніне 10 мың тоннаға дейін қоқысты өртеп, энергия көзін айырады екен. Осы қалдықтың 9 мың тоннасы күнделікті тұтынудан шықса, қалған 1 мың тоннасы – кәріз жүйесінен жиналған лас суды тазалайтын стансаларда сүзіліп үйілген лай. Сыртынан қараған жанға мұнда қоқыс өндіретін зауыт бар десе сенбейтіндей, айналасы абаттандырылып, көгалмен көмкерілген. Бүтіндей бір қаланың қоқысын өртегенде ешқандай қою түтін ауаға таралып, атмосфераны ластамайды. Өйткені бірнеше сүзгіден өткізеді. Қоқыс қалдығын өртегенде түсетін күлдің өзін құрылыс материалын шығаратын цех, кәсіпорындар пышақ үстінен бөліп әкетеді. Қысқасы, бір ел сана мәдениетін балабақшадан баланың зердесіне тоқу арқылы тазалықтың шыңына шыққан. Екінші мемлекет технологияның әлеуетін молынан пайдаланып, игілікке кенеліп отыр. Менің түсінгенім, екі елдегі басты құндылық – азаматтарының жүрегіндегі тазалыққа баса мән беруі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» ұғымы әр адамның өз үйінен, ауласынан, көшесінен, ауылынан, қаласынан басталатынын үнемі айтып келеді. Сана тазарғанда ғана біз осынау ауқымды түсініктің астарына тереңдей үңіле аламыз.
Адамның ойы да сұлу болуы керек
Серік Егізбаев, Құрылтай депутаты:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы туралы айтқанда: «Бұл – жай ғана сенбілік немесе уақытша акция емес», деп атап өтті. Бұл, ең алдымен, әрбір азаматтың ішкі мәдениеті, сана тазалығы мен арының айнасы, бәрімізді біріктіретін жалпыұлттық идеология. Егер біз қалаларымыз бен ауылдарымыздың мұнтаздай таза, көркем болғанын шын қаласақ, өзгерісті өз бойымыздан бастауымыз керек. Өз ойымызды, ниетімізді, табиғатқа деген көзқарасымызды түпкілікті өзгертпейінше, сыртқы орта ешқашан түзелмейді. Өйткені таза орта – мөлдір сананың жемісі.
Абай Құнанбайұлы Он тоғызыншы қарасөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды», деп текке айтпаған. Ұлттың іргесі отбасындағы тәрбиеден қаланады. Классик жазушы Антон Чеховтың: «Адамның бойындағының бәрі: жүзі де, киімі де, жаны да, ойы да сұлу болуы керек», деген сөздері осыны меңзесе керек.
Сана тазалығы әр үйдің босағасынан, отбасы жылуынан бастау алуға тиіс. Ұрпақтың бойына «Адал азамат» деген биік ұғымды сіңіре алсақ қана қоршаған ортаға шын жанашыр, жауапты қоғам қалыптастырамыз. Бүгінде экологиялық мәдениет пен тазалық түсінігі мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары мәртебеге ие болды. Ата заңымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттігіміздің негізгі қағидаты болып шегеленді.
Ауыл – біздің рухани бесігіміз. Атамекеннің әрбір сүйем жерін таза ұстау, өзен-көлдерімізді қорғау, жайылымдарды тоздырмау ата-баба аманатына адалдығымыз болса керек. Санасы тұнық, еңбекқор, туған жерін жан-тәнімен сүйетін азамат қана Ұлы даламыз бен қалаларымызды гүлдендіре алады.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясын жаңа деңгейге шығарып, «Ұлттық тазалық стандартын» әзірлеуді тапсырды. Бұл – жай ғана техникалық құжат емес, азаматтардың мінез-құлқын, адамгершілік нормасын, елге деген құрметін айқындайтын құндылық. Туған жерін ластайтындарға, табиғатқа қиянат жасайтындарға қоғамда «нөлдік төзбеушілік» атмосферасын қалыптастыруымыз керек.
Ата-бабамыз: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!» деп бекер айтпаған. Президентіміз бастап берген жалпыұлттық идеология әрбір үйдің, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Санамызды тазартып, ниетімізді түзеп, білек сыбана еңбек етсек, еліміздің қаласы да, даласы да көркейе түседі.
«Таза Қазақстан» – ортақ жауапкершілік
Бибігүл Жексенбай, Бас редакторлар клубының президенті:
– «Таза Қазақстан» бастамасы қоғам алдына маңызды міндет қойды. Ол – туған жерге жанашырлықты әр азаматтың күнделікті ұстанымына айналдыру. Еліміздің жаңаруы әрқайсымыздың өз ісімізге, қоғамдық ортаға деген жауапкершілігімізден басталады. Президент Ұлттық құрылтай отырыстарында адал азамат қалыптастыруға, заң мен тәртіпті орнықтыруға, ысырапшылдықты тыюға ерекше мән берді. Тазалық мәдениеті осы міндеттермен тікелей сабақтас. Өйткені қоғамдық сананың деңгейі адамның күнделікті әрекетінен көрінеді.
Тазалық тұрақты дағдыға, одан әрі қоғамдық нормаға айналуы керек. Ұлттық құрылтай жұмысына қатысқан азамат ретінде бұл бастамалардың қоғамдағы нақты сұраныстан туғанын жақсы түсінемін. Сенаттағы қызметімде де қабылданған шешімнің құндылығы оның адам өміріне әкелген өзгерісімен өлшенетініне көз жеткіздім. Осы тұрғыдан халықаралық тәжірибеде назар аударарлық сабақтар бар. Мысалы, Норвегия тәжірибесі еркіндік пен жауапкершіліктің бірлігін көрсетеді. Бұл елде табиғат аясында еркін серуендеу құқығы табиғатты сақтау міндетімен ұштасады. Норвегияның Қоршаған орта агенттігі демалған орынды ретке келтіріп, қоқысты өзіңмен бірге алып кету қажеттігін түсіндіреді. Табиғатты пайдалану құқығы оны күтіп ұстауға міндеттейді. Сусын ыдыстарын кепілақымен қайтару жүйесі де осы ұстанымды қолдайды. Арнайы белгісі бар бос пластик бөтелке мен алюминий құтыны өткізіп, кепілақыны қайтарып алуға болады. Infinitum жүйесінде өндірушілер мен импорттаушылардың жауапкершілігі де қарастырылған. Бұдан шығатын қорытынды – азаматтың дұрыс әрекет жасауына қолайлы жағдай қажет. Қалдықты тапсыру жеңіл әрі түсінікті болса, жауапты тұтыну күнделікті әдетке айналады.
Жапония тәжірибесі де тазалық мәдениетінің тәрбиеден басталатынын аңғартады. Бұл елдің мектептерінде оқушылардың сынып пен ортақ кеңістікті бірге тазалауы Tokkatsu тәрбиелік іс-әрекеттер жүйесімен байланысты. Токио университетінің зерттеушілері оны бірлесіп жұмыс істеуге, өзара қарым-қатынас пен жауапкершілікке үйрететін тәжірибе ретінде сипаттайды. Өзі күткен ортаның қадірін бала ерте түсінеді. Өзгенің еңбегін бағалауды үйренеді. Біз осы тәрбиелік мазмұнға мән беруіміз керек. Баланың жасына сай, қауіпсіз әрі педагогикалық тұрғыдан ойластырылған ортақ іс ұқыптылықты бойға сіңіреді.
Сингапур тәжірибесінде жүйелілікке басымдық берілген. 1968 жылы 1 қазанда Ли Куан Ю бастаған «Keep Singapore Clean» бастамасы іске қосылды. Ол қоғамдық ағарту мен тұрғындарды жұмылдыруды тәртіп талаптарымен ұштастырды. Бұл бағыттағы жұмыс кейін де тұрақты жалғасты. Сингапурдың Ұлттық қоршаған орта агенттігі бүгін де қоғамдық аумақтарды тазалау, халықты ағарту және заң талаптарын орындату бағыттарын қатар жүргізеді. Құқықбұзушыларға сот шешімімен қоғамдық орындарды тазалау жұмысы тағайындалуы мүмкін.
Халықаралық тәжірибені өз жағдайымызға бейімдеп, нақты іске айналдыру айрықша маңызды. «Таза Қазақстанның» болашағы осы ортақ жауапкершілікке байланысты. Тазалық әр отбасындағы тәрбиеге, әр азаматтың әдетіне, бүкіл қоғамның өмір салтына айналуға тиіс.
Біз табиғатқа тәуелдіміз
Ирина Тен, Құрылтай депутаты:
– Қоршаған ортаның табиғи байлығы, орман-көлі, ағын суы, асау толқынмен таласқан теңізі – бәрі-бәрі кейде шеті-шегі жоқ, сарқылмайтын ресурс секілді көрінеді. Теңіз дейтінім, өзім Арал өңірінің тумасы болғандықтан, экология тақырыбы маған бала күннен таныс. Сандық түбінде өткеннің белгісіндей қалған ескі суреттерді, әкем жиған альбомды ақтарып отырып, теңіз бауырында өскен алдыңғы толқынға қатты қызығатынмын. Аяныштысы, мен өсіп- жетілген сайын бұрын екі арасында кеме қатынаған, асау да айдынды теңіз тартыла берді. Арал тағдыры елімізге ғана емес, дүниежүзіне сабақ болды. Сол себепті біздің буынның ең негізгі міндеті – табиғатты сақтау ғана емес, оны қалпына келтірумен де байланысты дер едім.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында, «Таза Қазақстан» концепциясында осыған ерекше мән берілген. Осы ретте Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин мырзаның ұстанымын мен де қуаттағым келеді. Экономиканың экологиялық мәселелер есебінен дамығаны дұрыс емес. Ірі кәсіпорындар табиғатқа келтірген орасан зор залалы үшін жауапкершілікке тартылуға тиіс.
Партия жастары үшінші жыл қатарынан ірі қала, ауданаралық жол, автомагистралдардың бойында қоқыс жинап, тазалыққа үн қосатын эстафета ұйымдастырып келеді. Қоқыс тастамауға шақыратын осындай өміршең бастамалардан өзге жүргізушілер сабақ алса, жол үстінде табиғатты ластамаса екен дейміз. Себебі тазалыққа әрбір адам жауапты. Қалыптасқан, санасы сергек адам оған бейжай қарамайды. Саналы ұлттың артында тазалыққа жаны құмар, мәдениетті ұлт тұрады.
Әріптестер Жапония, Норвегия, басқа да дамыған елдердің үлгісін мысал етіп жатыр. «Тазалық таза жерде емес, тазалық сақтаған жерде болады». Дөп айтылған сөз. Біз де алдағы жылдары қоқыс жинайтын адамдардың санын көбейтуден қоқыс тастамайтын буын қалыптастыруға көбірек күш салуымыз керек.
Қоқысты өңдеу өнеркәсібіне қатысты мәселелер – өз алдына бөлек, үлкен тақырып. Ол да кешеуілдемей, ілесе дамуға тиіс. Біз табиғатқа тәуелдіміз. Таза ауамен тыныстап, ас-суымыз, керек-жарағымыздың бәрін содан ажыратамыз.
Еліміздің әсем табиғаты – бізге дейінгі буынның қалдырған байлығы. Сол аманатқа қиянат жасамай, кейінгі толқынға қалдыру – бізге парыз. Саналы таңдау дегеніміз осы.
Қоршаған ортаға жанашырлық – нағыз патриотизм
Әйгерім Серікжанова, Халық Кеңесінің мүшесі:
– Өзіңе, сөзіңе, ісіңе адал болу, заң мен тәртіпті сақтау, өз құқығыңды қорғай отырып, өзгенің құқығын таптамау секілді түсініктерді елді, жерді таза ұстау деген ұстаныммен жалғастыруға болады. Тәуелсіз елдің патриоты болу деген қолға қару алып, Отанды сыртқы жаудан қорғау деген түсінікпен ғана өлшенбейді. Отанды сүю – отбасына, мемлекетке, қоршаған ортаға жанашырлық. Президент «Таза Қазақстан» бастамасы туралы айтқанда аула тазалығынан бөлек, сананың, жүректің тазалығы туралы ой қозғады. Меніңше, жекелеген мемлекеттік институттар, білім ордалары, азаматтық қоғам – бәрі бірігіп әрекет еткенде ғана идеядан басталып, жалпыхалықтық сипат алған «Таза Қазақстан» жобасы нәтиже береді. Рас, цифрлық технологиялар адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты сұранысты жылдам өтеуге ықпал етеді.
Мысалы, жуырда біз креативті индустриялар саласында жаңа цифрлық платформаны іске қостық. Онда креаторлар өз жобаларын ұсынып, оған қажетті қаржыландырудан басқа да керек-жарағын түгендейді. Сол секілді бірнеше әріптесімізбен «Таза Қазақстан» ұстанымы аясында іске асатын жобаларды әзірлеудеміз. Оның ішінде цифрлық платформа, GIS жүйесі қамтылады. Тіпті саябақтарда қоқыс тастау дерегін анықтап, мониторинг жасайтын арнайы бақылау камераларын орнату мәселесін IT мамандарымен талқылап, қарастырып жатырмыз. Уақыты келгенде ол да үйлесе жатар. Одан бөлек, күнделікті өзіміз пайдаланатын әлеуметтік желінің әлеуетіне, коммуникация құралдарына иек артқанымыз да жөн. Экология мәдениетін үлгі ету, қала, ауыл тазалығына шығатын жұмысшылардың есіл еңбегін насихаттау – баршамызға ортақ міндет.
Салақ ұлт болмайды
Қуат Бораш, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры:
– Маған дейін сөйлеген әріптестердің ой-пікірін зерделеп отырғанда Мемлекет басшысының «Халқымыздың дүниетанымын, өмірлік көзқарастарын өзгертуіміз қажет. Егер ол өзгермесе, жасалып жатқан реформалардың бәрі бекер» деген сөзі ойыма оралды. Адамзаттың жаратылысында ұқыпты немесе салақ ұлт деген жоқ. Құдай бәрін бірдей етіп жаратқан. Оны өзгертуге заң мен тәртіп тәжірибесі ықпалдасады. Біз неміс халқын таза, ұқыпты ұлт ретінде мысал етеміз. Бірақ сол ұлтпен қатар, тұтас Еуропаның өзін XV ғасырға дейін антисанитария өте қатты жүдеткен. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды, басқа да заттарды, бәрін түгел терезеден лақтыра беретін жаман әдетке үйреніпті. Көшеде сапырылысқан халық күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмай, зәрезап болған. Ол аздай, өлексенің иісі әр іргеден мүңкіп, ауру тарап жатқан кез. Германияның оңтүстік-батысындағы тарихи Швабия аймағында орын тепкен Вюртемберг графтығының билеушісі V Ульрих қоқысты тыюға білек сыбана кіріседі. Бірден халық қоқыс қалдықтарын түнде ғана шығарсын әрі оны белгіленген орынға апарсын деген өкім шығарады. Алайда тұрғындар оған құлақ аса қоймайды. Көп кешікпей сол өкімге қоқыс тастайтын үйдің көршісі, заңсыздықты көре тұра ол туралы ешкімге тіс жармаса, оған үлкен айыппұл салынады деген жарлық шығады. Көршінің қоқыс тастағанын билікке жеткізгендерге сол қоңсыласы жерінің бір бөлігін береді деген үкім қосылады. Соның ізімен бірте-бірте қоқысты бейберекет лақтыру тыйылып, аймақта тәртіп орнайды да, екі-үш ұрпақ алмасқан соң тазалық мәдениеті неміс ұлтының ұстынына, діліне айналады. Осындай тәжірибелерді мысал еткенде қоқыс тастағанға жоғары айыппұл салатын Сингапурдың тәжірибесін де аттап өте алмаймыз. Менің айтпағым, тек айыппұлдың жайы емес. Озық технологиялардың мүмкіндігін де молынан пайдалану керек. Белгіленбеген жерге қоқыс тастайтындарды бейнебақылау камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау арқылы да қоғамға әсер етуге болады. Оның сәтті үлгісін бірнеше қала, облыс көрсетіп келеді.
Тазалық – ұлтымызға ежелден жат емес. Қазақ ұғымында бұған қатысты жүздеген, мыңдаған мақал-мәтел, аталы сөздер бар. Олардың көпшілігі күнделікті тыныс-тіршілігімізде жиі қолданылады, санамызда берік жатталған. Біз осы үрдіспен ұлттық тамырдан тарта отырып, барша бұқараның, жастардың санасына әсер ете білгеніміз абзал.
Тазалықтың артында орасан еңбек жатыр
Альберт Есалиев, «Астана тазалық» ЖШС-ның бас директоры:
– Қаланың тазалығын қамтамасыз ету оңай іс емес. Дегенмен одан да маңызды міндет бар. Ол – адамдардың тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту. Мен бұл мәселені қаланың тазалығын қамтамасыз ететін кәсіпорынның басшысы ретінде күн сайын көріп жүрмін. Таңертең тұрғындар таза көшеге шығады. Ал сол тазалықтың артында таң атпай жұмысқа кірісетін, кейде түн ортасына дейін еңбек ететін, қыстың аязында да, жаздың аптабында да өз міндетін атқаратын адамдар бар. Көшені тазалау біздің күнделікті жұмысымыз болса, тазалықты сақтау әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Осы екі бағыт қатар жүргенде ғана тұрақты нәтижеге қол жеткіземіз.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоршаған ортаны күтіп ұстауға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған жұмыс жүргізіліп келеді. Айталық, «Астана тазалық» кәсіпорны мектептермен бірлесіп, оқушыларға арналған ашық сабақтар легін бастауды жоспарлап отыр. Оларға тазалықтың артында адам еңбегі тұрғанын, қоршаған ортаның бәрімізге ортақ екенін, әрбір адамның өз әрекеті үшін жауапты екенін жеткізгіміз келеді. Меніңше, мұндай сабақтар құрғақ дәріс түрінде өтпеуі керек. Балаларға тазалық қызметкерлерінің күнделікті жұмысын көрсету, арнайы техниканың қалай жұмыс істейтінін түсіндіру, қалдықтардың қалай жиналатынын таныстыру керек. Бала сол еңбекті өз көзімен көргенде ғана оның маңызын тереңірек түсінеді. Бүгін тазалық қызметкерінің жұмысымен танысқан оқушы ертең көшеге қоқыс тастамауға саналы түрде ұмтылуы мүмкін. Біз осы арқылы балалардың бойында еңбекке құрмет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырғымыз келеді. Себебі балаға тазалық туралы айтумен қатар, оның мәнін түсіндіру қажет. Мұндай тәрбие отбасында басталып, мектепте жалғасып, қоғам тарапынан қолдау тапса, жақсы нәтижеге жеткізеді.
Екінші мәселе қалдықтарды сұрыптауға байланысты. Өздеріңіз білетіндей, қоқысты бөлек жинау мәдениетін дамытуға тұрғындарға қолайлы жағдай жасау қажет. Сұрыптауға арналған контейнерлердің қолжетімді болуы, олардың уақтылы босатылуы, жиналған қалдықтардың тиісті бағытқа жеткізілуі маңызды.
Сананың кемелдену көрінісі
Сымбат Шәкіров, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, PhD:
– «Сана тазалығы – ұлт мәдениетінің өлшемі» дегеннің астарына тереңдей үңілсек, адам болмысына, қоғам мәдениетіне, ұлттың рухани келбетіне қатысты бірқатар маңызды философиялық ой жатыр. Айналамызды тазартуға ұмтылып жүрген біз санамызды қаншалықты тазарта алып жүрміз? Сана дегеніміз не? Оны неден қалай тазарту қажет? Дөңгелек үстелде қозғалған тақырыптың тоғысар тұсы да осы болса керек. Философиялық тұрғыдан сана – адамның дүниені танып-білу, өзін-өзі түсіну, өз әрекетіне баға беру мен қоршаған ортамен саналы қатынас орнату қабілеті. Таза сана – өз қатесін түсінеді, оны мойындап, түзетуге ұмтылады. Өйткені адам кемелдігінің өлшемі оның қателесуінде емес, өзін-өзі жетілдіру қабілетінде. Сана таным арқылы тазарады. Алайда білімінің кемерінен асуы сана кемелдігінің өлшемі емес. Сондықтан да білімді адамның бәрі парасатты бола бермейді. Екінші, сана ар арқылы да бұлақ тұнығындай тазарады. Қазақ дүниетанымында ар – адами қасиеттің ішкі өлшемі. Адамды әрдайым сырттан бақылау мүмкін емес, әр әрекетін де заңмен реттеу де қиын. Десе де адам өз арының алдында жауап беруі – оның адамгершілік кемелдігінің белгісі. Үшінші, сана жауапкершілік жүгін арқалай алу арқылы да тазарады. Өзінің әрекеті тек қарақан басына ғана емес, өзгелерге, қоғамға, табиғатқа, сонымен қатар келер ұрпаққа игілігін төгетінін түйсіне алғанда оның санасы даму деңгейіне көтеріледі. Сана – өзінің өзегінен өткізе қабылдаған ақиқаттың өмірлік ұстанымға, сол қағиданы күнделікті әрекетке айналдыра алғанда ғана кемелденеді.
Таза сана өзгеше ойлаудан тартынбайды, өзгенің пікірін тыңдай алады, қайшылықты күшпен емес, парасат-пайыммен шешуге ұмтылады. Әркім өз әрекетіне сын көзбен қарап, қатесін мойындай білгенде, ардың талабын сыртқы фактордан жоғары қоя алғанда, жеке басының мүддесінен гөрі қоғам мен табиғат алдындағы жауапкершілікті ойлағанда, ең бастысы айтқан сөзі мен әрекеті өзара қабысқанда ғана сананы тот баспайды.
Балаға ата-ана сыншы
Әбділда Мейірбеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры:
– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – экологиялық сананы қалыптастырумен байланысты. Экологиялық сана, мәдениет қалыптаспай, тазалыққа жете алмаймыз. Мұнда жекелеген адамдардың экология мәдениетінен бастап, өндірістік мәдениетті де қаперден шығармауға тиіспіз. Еліміз қоқысты сұрыптап жинайды деген үлкен бастама егемендіктің елең-алаңынан айтыла бастады. Алайда әлі күнге дейін осы жұмыстарға көңіл толмайды. Әлбетте, қоқысты сұраптап жинау арқылы қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жаратуға болады. Оның сыртында, қоқысты дұрыс жинаудың өзі де – тәрбие. Экологиялық мәдениеттен баршамыздың хабарымыз болса, бұл шаруа әлдеқашан үйлесіп, көл-көсір пайдасы тиер еді. Қоқысты өңдеу экономиканың бір тетігі ретінде қаланып, табиғи ресурстарды үнемдер едік.
2016 жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мәселесімен біршама айналыстым. Соның ізімен қалдықтарды жинау жүйесінің тиімді жолын да ұсынып жатырмыз. Өкінішке қарай, қазір тозған, сыйымдылығынан асқан, экологиялық талапқа сай келмейтін полигондар көбейді. Оны алдын алудың түп негізі қоқысты сұрыптап, дұрыс жинаудан басталады.
Біз саналы ұрпақ қалыптастырамыз деген ұстанымды нақты іспен көрсете білуіміз қажет. Қайбір жылдары елдегі барлық ЖОО-да экология пәні міндетті компонент ретінде оқу бағдарламасына қосылған еді. Қазір мұндай талапты енгізу әр білім мекемесінің өз қалауында. Өкінішке қарай, күнделікті тіршілік, сапырылысқан шаруаның арасында экология мәселесін айтуға әрбір отбасының уақыты жете бермеуі мүмкін. Меніңше, тазалық қағидатының негізі білім мекемелерінде, әсіресе мектепте қалыптасады. Бала көргенін істейді. Сондықтан мұғалімдердің тазалық, экология туралы айтқан білімін үйде ата-ана тәрбиемен толықтырып отыруға тиіс. Балаға ата-анасы үлгі. Егер үлкендер қоқысты үйде бөліп жинауға дағдыланса, санасы сергек ойын баласы тазалық мәдениетін бірден бойына сіңіріп жетіледі. Экологиялық мәдениет, экологиялық сана осылай қалыптасады.
Обал мен сауаптың салмағы
Айдана Құлманова, Қазақстандық даму институтының сарапшысы:
– Дөңгелек үстелдің бұл жолғы тақырыбы сана тазалығына арналып отыр. 2004 жылы ысырапшылдықтың зардабы туралы зерттеуімен Нобель сыйлығын алған кениялық ғалым Вангари Маатаи өзінің ғылыми еңбегінде заманауи экологиялық қағидаларды толық қамтитынын паш етті. Эколог ғалым әлемдік сыйлық алған еңбегінде reduce (тұтынуды азайту), яғни артық зат сатып алмау; reuse (қайта қолдану) әр затты тозығы жеткенше тұтыну; recycle (қайта өңдеу) – қалдықты сұрыптап шикізатқа айналдыру; respect (құрметтеу) – адам еңбегіне құрметпен қарау ұғымына баса тоқталады.
Кейбір елдерде тәрелкедегі бір түйір дәннің өніп, ас болып алдыңызға келуі жолында адамдардың қаншама еңбегі жатқаны айрықша бағаланады. Осы дәннің тағамға айналуына дейінгі жұмысты арқалаған жандарға құрмет таныту ұғымы ерекше. Осы қарапайым түсінікті түйсінген әрбір адам ысырапшылдыққа жол бермейді. Мұны неге айтып отырмын? Полигондарға төгілген қоқыстың ішінде иістенетін де, бұзылып шіріндіге айналатын да – тамақ қалдығы. Тағам қалдығын қайта өңдеу әрекеті тым шабан, есесіне, тұрмыстық қатты қалдықтарды, темір-терсекті қайта кәдеге жарату жүйелі жолға қойылып келеді. Мұндай заттардан иіс-қоңыс шықпайды.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылы жүргізген қорытындысында қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу ісі қарқын алса, керісінше, коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату тым кенже қалғаны айқындалды. Өкінішке қарай, біз тағамды тұтынуда ысырапшылдыққа әлі де жол беріп келеміз. Техниканы, пластик кесінділерін қайта өңдеп, басқа өнім шығаруға қолданудың мүмкіндігі жоғары. Ал тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуді емес, обал мен сауапқа баса мән беріп, ысырапшылдыққа ұрынбауымыз керек.
«Жасыл экономика» тұжырымдамасының өзегі – ресурстарды қайта өңдеу. Бұл экономикалық дамудың экологиялық жауапкершілікпен тығыз байланысты екенін, яғни кез келген табысты экономиканың негізінде табиғатты қорғау қағидаттары жатқанын айқындай түседі.
Бауыржан Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
– Бүгінгі басқосуда талқылаған мәселе бірқатар ұғыммен сабақтасып жатыр. Мұны Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады», деп атап көрсетті.
Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу, бұл ұғымды ұлттық брендке айналдыру жөнінде міндет қойып отыр. Ұлт болмысын өзгертетін жалпыұлттық қозғалыстан қай-қайсымыз да шет қалмауымыз керек.
Түйін
Қоршаған ортаның тазалығы адамның ішкі тазалығынан, яғни сананың жаңғыруынан бастау алады. Осы орайда «Таза Қазақстан» мемлекеттің экологиялық саясаты мен ұлттың ішкі мәдениетін тоғыстыратын басты идеологиялық тұғыр. Ысырапшылдықты тыйып, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ табиғатқа тұтынушылық көзқарастан арылу – бүгінгі буынның келер ұрпақ алдындағы перзенттік аманаты. Демек, қала мен даланы қоқыстан, ал қоғамды енжарлықтан арылтудың жалғыз жолы – әрбір азаматтың ортақ іске деген жауапкершілігін терең түйсініп, ең алдымен санасын тазартуы.
Қуаныш Нұрданбекұлы, Сәндібек Асанәлі,