28.08.2021, 12:54
Оқылды: 1659

Тасқала ауданында «Отбасы банк» арқылы үй алуға болады

Тасқала ауданының әкімдігі Орал – Саратов бағытындағы республикалық жолы бойына жайқалтып орман өсіруді жоспарлауда. Бұл жөнінде жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ғали Есқалиевке аудан басшысы Алдияр Халелов айтты.

1

Аудан әкімі орман алқабының сұлбасын көрсетіп, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдарымен бірлесіп жұмыстанатынын жеткізді.

Оның сөзінше, күре жолдың 8 шақырым жиегіне тал-терек егіледі. Аудан аумағынан тұрғындар мен жолаушылардың тынығуына арналған 6,25 гектар жер учаскесі дайындалуда. Жол бойында салынып жатқан кемпингтер айналасы жасыл желек болатыны да ойластырылған.

2

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев орман алқабын кеңейтуге мүдделі екенін, осы учаскені болашақта коммуналдық мемлекеттік мекеме қарамағына беруге жұмыстанатынын баяндады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев құзырлы мекемелердің басшыларына Тасқаладан Оралға дейін созылып жатқан жер учаскесін орман алқабына айналдыру жұмысын егжей-тегжейлі зерттеуге кірісуді тапсырды.

12

Ауданның басшысы Алдияр Халелов 10-15 гектар аумаққа тал-терек егу қазан айында басталатынын айтты.

Облыс әкімі Ғали Нәжимеденұлы Орал – Саратов жолы бойындағы жанар-жағар май құйюға арналған АЖС (АЗС) құрылысымен танысты.

Мердігер ЖШС басшысы Алтынбек Ташимовтың айтуынша, белгіленген учаске бойынша жанар-жағар май құюға арналған бекет және кемпинг салынады.

14

«Құрылыс аумағының жалпы аумағы – 1,5 мың шаршы метр. АЖС жанында 15 жүк көлігіне арналған ақылы тұрақ салынады. Кемпингтің жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтуде. Келесі жылы оның құрылысын бастаймыз. Екі нысанның жобалық құны – 575 миллион теңге. Сонымен қатар, СТО және автожуу орындары ашылады», – деді Алтынбек Ташимов. Одан бөлек Тасқала ауданының аумағында инвесторлар есебінен құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі кезде жалпы 80 мың басқа арналған 2 инкубатор салынуда. Әр инкубатордан тәуілігіне 30 мың дана жұмыртқа өндіріледі деп жоспарланған. Инвесторлар құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы құрылыс жұмысына қиындық тудырғанын, соған қарамастан желтоқсан айында ғимараттарды дайындап, бройлер өсіруді қолға алатындарын айтты.

6

Облыс басшысы инвесторларға жоба жөнінде ақпаратқа қанық екенін, құрылыс жұмысы жоспардан кешігіп жатқанын ескертіп, мемлекеттік бағдарламалар ауқымында жеңілдетілген несие алып, фабрика құрылысын ширатуды ұсынды.

Аудандағы игі істердің бірі – Тасқала ауылының оңтүстік-батыс бөлігінде үй құрылысына арналған 66 учаске дайындалуда. Қазіргі уақытта екі мердігер инженерлік-коммуналдық желілерін жүргізіп, су құбырын тартып, автожолдарын толық асфальттауда.

5

«Инфрақұрылым жобасы қазан айында аяқталады. Осы жерге біртекті үй салуды инвесторларға ұсынудамыз. Әзірше бұл жобаға үш компания қызығушылық танытуда. Үйлердің сәулет үлгісін алдағы уақытта құрылыс мердігерлерімен келісіп пішеміз», – деді Тасқала ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Губаев.

Айта кетерлігі, Тасқаланың жаңа шағынауданында бой көтеретін баспананы «Отбасы банк» несиесі негізінде сатып алуға болады.

11

«Аудан әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы келісімге сай 66 үйді сатып алу тетігі банк бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін займ иесінің депозиті болуы тиіс. Несиенің пайыздық ставкасы салымшының жинақ мерзімі мен бағдарлама шарттарына байланысты болады. Облыс орталығынан бөлек, «Отбасы банк» арқылы ауданда үй сатып алу – тұңғыш жүзеге асып жатқан жобаның бірі», – деді «Отбасы банк» АҚ БҚОФ басшысы Аида Ипатова.

9

Облыс әкімі Ғали Есқалиев «Теміржан» шаруа қожалығының күнбағыс егіс алқабына барды. Одан кейін Ақтау ауылында орналасқан бұлақтың абаттандырылуымен танысып, бұлақ басында ақсақалдармен кездесті.

 

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале