23.02.2019, 20:43
Оқылды: 30

Тасқалада су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болды.

IMG_4724(1)

Биылғы қалың түскен қардың салдарынан бұл аудан көктемде су тасқыны болуы мүмкін аймақтар қатарына кірген болатын. Ауданда көктемгі еріген қар суынан келетін келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ауылдың кіреберісінен ұзындығы 800 метр канал қазылған. Сонымен қатар су басу қаупі бар Шамов каналын, қар суы өтетін тас жол бойындағы сақиналарды қардан тазарту жұмыстары атқарылуда. Аудан орталығындағы көшелер қардан тазартылуда. Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі А.Молдағұлова, М.Мерәліұлы, Қ.Мұңайтпасов көшелерінің қардан тазарту жұмыстарын тексерді. Сондай-ақ су тасқыны бола қалған жағдайда ауыл тұрғындарын баспанамен, ыстық тамақпен қамту мақсатында Тасқала ауынында үш жерден эвакуациялық пункттер жасақталған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жаслан Жұмашевтың айтуынша, биыл қардың мол түсуіне орай облыс орталығымен қатар Тасқала, Бәйтерек, Қазталов аудандарында су тасқынының қаупі бар. Кейбір аудандардағы қардың қалыңдығы қалыпты нормадан үш есе, яғни, 60 сантиметрден асуда. Ауа-райын болжаушы мекеменің мәліметінше, алдағы аптада қар жауып, бұрғасын болады. Төтеншеліктер Жайық, Шаған, Деркөл секілді өзен-көлдердегі мұз қабатын кесу жұмыстарын бастағалы отыр.

-Су тасқынының алдын алу мақсатында біздің тарапымыздан барлық шаралар атқарылуда. Ауыл тұрғындары өз аулаларындағы қарларды шығарып, үй төбелерін қардан тазартса екен дейміз. Себебі шатырлардағы қарлардың қалыңдауынан үй төбелерінің құлауы жиілеп отыр,-дейді Ж.Жұмашев.

Аудандағы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларымен танысқан өңір басшысы жұмыс қарқынын арттыруды, қар тазалауға қосымша жеке кәсіпкерлердің техникаларын жұмылдыру керектігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі су тасқынын алдын алу жұмыстарына барлық ауыл тұрғындарын, мекеме-кәсіпорын қызметкерлерін, жастар жасақтары мен еріктілер тобын жұмылдыруды тапсырды.

Нұрбек Оразаев,

ФОТО: Александр Куприенко  

IMG_4535

 

 

52725429_2244416822264292_1947775064669683712_n

IMG_4822

IMG_4533(2)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале