14.09.2021, 10:16
Оқылды: 123

Тасқаланы түлетті

Тасқала ауданы әкімдігінің ғимаратында өткен алқалы жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев үш жыл аудан әкімі қызметін атқарған Алдияр Халеловтің жұмысына оң баға берді.

3

– Ауыз су тарту, елді мекендерді абаттандыру, ауылішілік жолдар салу секілді мәселелерді шешуге және ауданның әлеуметтік дамуына зор үлес қосқаны үшін Алдияр Сансызбайұлына алғыс айтамын. Менің тапсырмама сәйкес Тасқалада біраз жұмыс атқарылды. Аудан аумағындағы жеті бөгет құрылысының аяқталуы шаруашылықтардың өрге басуына септігін тигізуде. Сондай-ақ наубайхана, құс шаруашылығы мен ұжымдық бау-бақша егу секілді кәсіпкерлік түрлері жандана түсті. Ең бастысы, Алдияр Сансызбайұлы көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істей білді, - деді өңір  басшысы.

Жиынға қатысқандардың бірқатары аудан басшысының атқарған қызметіне қатысты жылы лебіз айтты.

– Алдияр Сансызбайұлы – біздің өңірге іскерлігімен танылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарған жұмысы баршылық. Ауданда мал басы көбейді. Соңғы үш жылда  тұрғындар ұжымдық бау-бақша егумен шұғылданды. Оған бастамашы болған – Алдияр Халелов. Аудан орталығында зәулім мешіт салынуда. Осы құрылыстың жүргізілуіне аудан әкімі ұйытқы болды, - деді аудан тұрғыны Ганмирлан Тұрғаналиев.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Гүлдана Берниязова аудан жастарының бастамаларына ұдайы қолдау білдіргеніне ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Алдияр Сансызбайұлы ауданда атқарылған жобалар жөнінде баяндап,  Тасқала жұртшылығының ұйымшыл екенін атап өтті.

Актив жиыны кезінде облыс әкімі Ғали Есқалиев Алдияр Халеловтың облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғанын  хабарлады.

 

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале