5.05.2021, 12:40
Оқылды: 1112

Тәуелсіздік – ел тұғыры

Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес, зайырлы ел болды.

 тт

1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.

Арысы қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы – аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту – ұрпақ міндеті. Қазақта: «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл» деген қанатты сөз бар.Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу, ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.

Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Мұны бұрынғылар жақсы түсінді.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

 

Эльмира Сүлейменова,

Құрманғазы атындағы

 саз колледжінің тарих пәнінің оқытушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале