30.11.2021, 9:28
Оқылды: 172

Тәуелсіздік тұғырым

Көк аспанда еркін қалықтаған қыранға айналуды қазақ жұрты айлар, жылдар, ғасырлар бойы аңсады. Жазира далада аунап-қунап, арғымақты жүгендеп, желмен жарыса шапқан азат ұлттың бодандықтың бұғауында қалуы еңсесін езді. Бірлікті, елдікті, ерлікті насихаттаған текті халық бір сәтте адам аярлық халге түсті. Еркіндікті аңсаған қанша адам опық жеді, қанша боздақ оққа ұшты.

14c8efc9-a493-4fbe-9554-ead5c8cd35d0

Бодандықтан босаймыз, тәуелсіз ел, ұлт боламыз деген үкілеген үміт жолында бір ғана көтеріліс болмады. Ақырғысы – «Желтоқсан оқиғасы» еді. Алаңға шыққан жап-жас ұлдар мен өрімдей қыздардың қаны судай ақты, бізге жеткен-жетпеген мәліметтер жоқ емес.

Біздің қайсар ұл-қыздарымызға күйе де жақты, шаштан сүйреп, тірілей көміп те жатты, бір тобын тар қапасқа тоғытып та үлгерді. Осындай құрбандықтың нәтижесі – бүгінгі бейбітшілік.

Биыл осы қадірлі, қастерлі дербестікке қолымыз жеткеніне, тәуелсіздіктің тұғырына шыққанымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақыт арасында ұлттық мақсаты айқын, қадір-қасиеті бар, ұлттық құндылықтары ұлықталған, экономикасы қалыптасқан елге айналдық.

Тәуелсіздіктің ақ таңын көріп өскен жастар қандай бақытты! Ендігі елдің ертеңі өскелең ұрпақтың қолында, жастардың қолында, біздің қолда. Кез-келген ұлт өз болашағын ұрпағымен сабақтастыратыны айқын. Әр ұрпақтың пешенісіне жазылған, басына бұйыртқан заман ағымы, кезең тынысы болады. Ал бүгінгі ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақ деп білемін.

Біз ата-баба жолын үзбей, жалғаушымыз. Осы елдік жолында талай атқарар істер, ел алдындағы өтеу керек парыздарымыз бар. Мемлекеттің еңсесін одан әрі көтеру жолында асқан білімділік, шеберлік керек. Білімді жетілдірем дегенге де, шеберлікті шыңдаймын дегенге де барлық жағдай жасалған. Тек, өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадамдар жасау керек!

Дербестік жолында жанын қиған тарландардың, батыр, батыл, қаһарман ұл-қыздардың есімі тарих парақтарына таңбаланды. Оларды ел де, жер де, келер ұрпақ та ұмытпайды. Туған жер топырағы оларды мәңгі бақи кеудесінде әлдилеп өтеді...

Ару Сағындықова

Орал қаласының №2 сотының жетекші маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале