16.10.2018, 11:53
Оқылды: 59

Таяқ жеуден аман қалған «полицей»

Күні-түні қоғамның тыныштығын қадағалап, тентектерді тәртіпке салатын полиция қызметкерлерінің жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, темірдей төзімділікті талап етеді. Күнделікті орын алатын түрлі оқиғалардың басы-қасында жүретін оларға жүктелетін жауапкершілік жүгі де ауыр. Бұл саланың жұмысын өз көзіммен көру көптен көкейде жүрген ойдың бірі еді, жақында оның да сәті түсті.

DSC_0008

         Жасыратыны жоқ, басында аталмыш саланың қызметкерлерімен бір күнімді өткіземін деп оқталғанымда, «Шыдай алам ба екен?» деген ой санамның сөресінде біразға дейін «сіресіп» тұрды. Өйткені таңертең жұмысқа барып, кешкісін үйге қайтып үйреніп қалған біз үшін бір тәулік бойы жүру қиынның қиыны еді. Шынымды айтайын, таңға дейін көз ілмейтінімді ойлағанымда, «қазада» қап кететін ұйқымды аядым. Оның үстіне «Қандай оқиғаларға куә болар екенбіз?» деген «ұры» ой кіріп алып, шықпай қойғаны…

         Сонымен, не керек, жұма күні таңертең Орал қаласының ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері Жеңіс алаңының алдынан мені қызметтік көлікпен алып кетті. Шаған жағалауы, БҚМУ, кірістер басқармасы, Жеңіс алаңы сияқты тағы да басқа өздері жауапты аймақтарды аралап жүріп, маған жұмыстарының жай-жапсарын түсіндірді.

         Аталған аймақтарды екі айналып шықтық. Шаған жағалауының айналмалы жол трассасынан «Лада» аутокөлігін тоқтаттық. Жүргізуші – жап-жас жігіт. Жоғары оқу орнының екінші курс студенті екен. Күндізгі жарық шамын жақпағаны үшін оған хаттама толтырып, алты мың теңге айыппұл салды. Орнымыздан енді қозғала бергенімізде, рация арқылы облыстық аурухана жаққа баруымыз керектігін хабарлады. Дереу сол жаққа құстай ұша жөнелдік. «Шаран» және «Митцубиси» аутокөліктерінің иелері темір тұлпарларын рұқсат етілмеген жерге қойып қойған. Полиция қызметкерлері оларға айыппұл салып, көліктерінің нөмірін шешіп алды.

         – Күн сайын таңертеңгі 08.00ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қаланың тәртібін қадағалаймыз. Қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қарап, мас адамдарды, кезбелерді тиісті орындарға жеткізу – біздің міндетіміз. Сағат 20.00-ден кейін түнгі бөлім жұмыс істейді. Қала тыныштығына жауаптымыз, – дейді батальон инспекторы, лейтенант Нұрхан  Дүйсенов.

Орталық «Мирлан» базарының жанынан өте бергенімізде, ішімдікке «тойып алған» бір үлкен кісіні көрдік. Қасына тоқтап, көлікке салып алайық десек, «Отырмаймын, мені босатыңдар» деп байбалам салмасы бар ма. Әйтеуір, зорға дегенде отырғызып алып, қаладағы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына алып бардық.

         Түске таман қаладағы басқа аймақтарда нендей жағдай болып жатқанын көру үшін Конькин көшесінен бастап («Омега» зауыты) С. Тюленин көшесі аралығындағы аймаққа жауапты жол-патрульдік полициясының көлігіне отырдым. Мен мінген бойда М. Өтемісов пен

         С. Жақсығұлов көшелері бойында екі аутокөлік соқтығысқаны туралы хабар түсті. Тездетіп сол жаққа бардық. «Пассат» пен «Митцубиси» аутокөліктері түйісіпті. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген екен. Қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полициясы батальонының бөлімше командирі, аға сержант Арман Сүлейменов анықтаушы келгенше оқиғаның мән-жайын тексерді.

         – Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, ең алдымен, зардап шеккендер жоқ па, соны қараймыз. Егер болып жатса, «Жедел жәрдем» келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетеміз, – деген Арман Сүлейменов өздерінің жұмыс барысы жайлы толық баяндап берді.

         – Сағат 07.00-де базаға жиналып, қару-жарағымызды аламыз. 07.30-да таңғы тексеріс басталады. Онда өз міндетімізді дұрыс атқаруымызды тапсырады. Содан кейін әрқайсымыз өз аймақтарымызға кетеміз. Бізге белгіленген аймақтан шығуға болмайды. Рацияда арнайы құрылғы бар, сол арқылы орталық тексеріп отырады. Егер көрші экипажға көмек керек болып жатса немесе сол экипаж бос болмаса, орнын жабу үшін аймақтан шығуға рұқсат етіледі. Ал ешқандай себепсіз аймақтан шығып кетер болсақ, шара қолданылады, – дейді А. Сүлейменов.

         Жол-көлік оқиғасы болған жерде көп тұрған жоқпыз. Өйткені «Белая казарма» аялдамасында адамды қағып кетті деген «дабыл» қағылды. Салып-ұрып сол жерге жеттік. Біз барғанда «Жедел жәрдем» көлігі әлгі адамды көлікке салып жатыр екен. Бұрын мұндай оқиғаны көрмегесін бе, бірден жақын барып қарауға жүрексіндім. Кішкенеден соң барып, «Жедел жәрдем» ішіндегі қызметкерлерден зардап шегушінің хал-жағдайын сұрадым.

         Аман екен. Жол жиегінде жемісжидек сатып тұрған бір сатушы келіп, азаматтың көлікке қағылуына өзі кінәлі екенін полицияға айтып жатты. Жаяу жүргіншілер жолынан емес, жолдың қақ ортасынан өтпек болғанда «Ауди» аутокөлігінің «астынан» бір-ақ шыққан. Анықтаушы келгеннен соң «Ауди» айып тұрағына апарып «қамалды».

         Таңертеңнен бері кішігірім ғана оқиғалардың куәсі болған маған бұл жағдай кәдімгідей әсер етті. Енді «адам қағып кетті» деген хабар түспесе екен деп іштей тілеп отырғаным сол еді, рациядан «Қазақстан» аялдамасынан 7-8 жастағы кішкентай қыздың көлікке қағылғандығы айтылды. «Жедел жәрдем» көлігі бізден бұрын барып, кішкентай қызды алып кеткен.

         – Жаяу жүргіншілер жолына жақындай бергенімде, бірдеңе соғылғандай болды. Дереу тоқтап, түсіп қарасам, жерде кішкентай қыз жатыр. Көтеріп алып, көлікке жатқыздым. Содан «Жедел жәрдем» шақырдым. Құдай сақтап, аман қалды. Еш жері сынбаған, тек жерге құлағанда маңдайын жарақаттап алған, – деді оқиғаның қалай болғандығын баяндаған жүргізуші.

         Арада он минут өтер-өтпестен  бір жігіт келіп, «Менің қызымды қаққан кім? Сен бе?» деп маған қарай жұдырығын ала ұмтылмасы бар ма. Аузынан арақ исі мүңкіп тұр өзінің. Қасымдағы «уақытша» әріптестерімнің араласуымен сабасына әрең түсті. Әйтпесе, мені «жүнін жұлған тауықтай» қылуы әбден мүмкін еді. «Бүлдіршіні көлікке қағылып, ашудан өзін ұстай алмай тұрған адамға жұдырық жұмсағаным дұрыс болмас. Қанша ұрып-соқса да, қаққан қазықтай тұра бер, жігітсің ғой, өліп қалмассың» деп іштей өзімді сабырға шақырумен болдым.

         Құдай сақтап, бәрі сәтімен аяқталды.Азды-көпті болған оқиғалардан бөлек, көлікпен әрі-бері жүргеннің өзі кешке дейін әбден сілікпемді шығарды. Шаршағаным соншалық, «шамым» сөнейін деді. Әлі таңға дейін жүретінімді ойлағанда…

         Небір жындылардың түнгі клуб сияқты жын-ойнақтың жеріне түнде жиналатын әдеттері емес пе, көретінді осы түнде көретін шығармын деп топшылағанмын. Алайда төбе шашыңды тік тұрғызатындай оқиға орын алмады. Тек рұқсат етілмеген жерге көлік қойғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпағаны, жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағаны және жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін бірнеше жүргізушіге айыппұл салынды.

         Түнгі сағат үштер шамасында көшеде мас күйінде жүрген жас жігітті уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына жеткізіп тастап келе жатқанымызда, «Саяхат» аялдамасынан 5-6 жасөспірімді көрдік. Түрлеріне қарасаң, кәмелетке толмағандар сияқты. Тоқтатып, құжаттарын тексерейік деп жақындай бергеніміз сол еді, бізді көріп бәрі тым-тырақай қаша жөнелді. Арттарынан қуайық кеп, жандары қысылғаннан біреудің шарбағына кіріп кеткен екеуін ұстап алдық. Біреуі кәмелетке толмаған екен, ал екіншісі одан екі-үш жас үлкендігі бар. Кәмелетке толмағанын Абай бөлімшесіне апарайын деп жатқанымызда: «Аға, жіберіңіздерші, мына дос баламның үйіне қонуға бара жатыр едім, енді түнде көшеде жүрмеймін» деп қиылған соң, ескерту жасап, босатып жіберді.

         «ЭлДивино» ойын-сауық кешенінің алдында бір топ жігіттің төбелеспек болып жатқандығы туралы хабар түсісімен, сол жерге бардық. Білектерін сыбанып алған жігіттер сөзге келісе алмай, шу шығарғалы тұр екен. Бізді көріп, сабаларына түсіп, тарқасып кетті.

         Таңғы сағат бесте көзім бір ашылып, бір жұмылып, таңның атуын тағатсыздана күттім. Мұндайда сағат тілі де жылжып болмайды ғой өзі… Айтпақшы, «Тұлпар» деп аталатын кезекші бөлім қаланың ішінде қандай оқиға болып жатқанын бейнекамералар арқылы көріп, баяндап отырады екен. Сосын «Янтарь» деген де бар. Ол көлік жүргізушілерінің бұрын-соңды жол тәртібін бұзды ма, айыппұлы бар ма, соның бәрін тексеріп, жол-патрульдік полициясына хабарлап отырады.

         Кез келген саланың ішкі «асүйіне» кіріп, жұмыс барысымен танысып көрмейінше,  ол сала жеңіл көрінетіндігі жасырын емес. Полиция қызметкерлерімен өткен бір күнімде олардың қызметтерінің қиын екені соншалық, екінің бірі алып жүре алмайтынына көзім жетті.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале