7.12.2021, 11:24
Оқылды: 116

Тері жасушаларының трансплантациясы сәтті жасалуда

Орал қаласында тұңғыш рет тері жасушаларының трансплантациясы жасалды. Бұрындары денесінің 50-60 пайызын күйік шалғандардың қатарға қосылуы екіталай еді. Тіпті қант диабетімен ауыратын науқастардың табанына шыққан іріңді жаралардың салдарынан олардың аяқтарын кесуге тура келетін. Тері жасушаларының трансплантациясы арқылы сырқаттардың денесінде енді жарақаттың ізі де қалмайтын болды. 

WhatsApp Image 2021-12-07 at 09.54.52

Облыстық көпбейінді аурухананың №10 хирургия  бөлімінде  25 төсек-орын бар. Науқастар іріңді патологиямен, практологиялық аурулармен және күйік шалу бойынша түседі. Биыл медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырып, жаңа технологияларды енгізу мақсатында біздің хирургия бөлімі елімізде тұңғыш рет тері жасушасының трансплантациясын енгізді. Мұны тері қабатын ауыстыру, яғни бір денедегі теріні зақымданған тұсқа тігу отасымен шатастырмау керек. Тері трансплантациясы кезінде біз алдымен арнайы құтыға тері жасушаларын биотехнологиялық үдеріс арқылы өсіреміз. Бір миллилитрлік құтыда миллион жасуша болады. Жасушаларды  ыдыратып, 8-10 данадан құтыға саламыз. Содан науқастың іріңді жарасын мұқият тазалап, фиброспрей  арқылы тері жасушасын екі сағат сайын шашамыз. Биыл тері трансплантациясы қант диабетімен ауыратын және денесінің көп бөлігін күйік шалған 23 науқасқа  жасалды. Олардың барлығы дерлік жазылып шық­ты. Емдеудің мұндай жаңа әдісі енгізілместен бұрын науқастардың  іріңді жаралары ұзақ уақытқа дейін  кетпейтін. Тың технология өз тиімділігін  беруде, – дейді облыстық көпбейінді ауруханадағы №10 хирургия бөлімінің меңгерушісі Сатыбалды Шукулов.

Орал қаласының тұрғыны Құрман Әубәкіров 2008 жылы қант диабеті дертіне шалдыққан. Содан бері аяғы мен иығына іріңді жара  жиі шығады екен. Ауруханада жатқан науқаспен аз-кем тілдескен едік.

– Ата-анам да қант диабеті ауруынан қайтыс болды. Бұл дертке шалдыққан адам үнемі күтіммен жүреді ғой. Қайда барсам да қалтамнан инсулин мен глюкометрді тастамаймын. Иығым мен аяғыма, тіпті басыма дейін іріңді жара шығады. Жара шыққан сайын ота жасап, іріңді алып тастайды. Соңғы рет 24 қыркүйек күні табаныма шыққан жараға ота жасалды. Содан 30 қыркүйек күні еңбекке жарамсыздық парағын жауып, ауруханадан шықтым. Жараның орны жазылып келе жатқандай болған соң, жұмысқа шығып кеттім. Төрт-бес күннен кейін сол аяғым күп болып істі. Кететін шығар деп дәрі ішіп жүр едім. Бірақ жазылмады. Ауруханаға келіп, қайта ота жасатып, табанымның тері жасушасына трансплантация жасаттым. Фиброспрей шашқан кезде аяғым шымырлап, солқылдады. Қазір жағдайым жақсы. Сауығып келемін. Ісіктері кетті. Бұрын мұндай жаңа технологиялық тәсіл болған жоқ. Қант диабетіне шалдыққан анамның аяғындағы ірің денесіне жайылып кетпесін деп аяғын да кескен еді, – дейді ол.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале