2.06.2022, 12:15
Оқылды: 120

Тіл меңгеру деңгейі төмендемейді

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін орындау мақсатында ҚАЗТЕСТ бойынша Орал қаласында тестілеу өтуде. 30 мамыр күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде басталған сынаққа мемлекеттік қызметкерлер қатысуда. 

6

ҚАЗТЕСТ-тің құрылымдық жүйесі 5 бөліктен тұрады. Тыңдалымда диалогтар мен монологтарды есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған 20 тапсырма, лексика-грамматикалық құрылымда грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған 40 тапсырма беріледі. Тест тапсырушылар оқылым бөлігінде әр түрлі мазмұнды, түрлі стильдегі мәтіндерді оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған 40 тапсырманы орындаса, жазылым бөлігінде тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты диктант, мазмұндама және эссе жазады. Ал айтылымда тақырып бойынша пікірін білдіріп, сұрақтарға жауап береді.

– Бұл жүйе 2006 жылы бастау алды. Мақсатымыз – мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін қаншалықты деңгейде меңгергенін анықтау. Биылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің 2022 жылғы 3 мамырдағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес ҚАЗТЕСТ сертификаттық тестілеуі докторантура үміткерлеріне міндеттелді. Докторантураға түсушілер кез келген 5 деңгей бойынша ҚАЗТЕСТ сертификатын ұсыну арқылы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 1000-ға жуық адам тесттен өтпекші. Ақ Жайық өңірі жалпы жыл сайын аталмыш сынақтан 1000-2000 адамды өткізіп жүр. Қазақстанда биыл 12000 адам қазақ тілі бойынша білімін сынамақ ниетте. Жыл сайын 10000-12000 адамды тесттен өткіземіз. Пандемия кезінде 5000 адамды ғана қамтыдық. Шектеу шаралары жоқ кезде жоспарды толық орындауға тырысамыз. Лексикалық, грамматикалық сұрақтар қойылады. Қатысушылар жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін kazakhtest.kz сайтына кіріп, сынаққа алдын ала дайындала алады. Сұрақтардың 60 пайызына дұрыс жауап белгіленсе, сертификат беріледі, – деді Ұлттық тестілеу орталығының маманы Жанар Болатқызы.

Жалпы ҚАЗТЕСТ жүйесі Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасы аумағында әр түрлі қызмет түрлерімен айналысатын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі ретінде 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. ҚАЗТЕСТ – халықаралық тілдік білімді бағалайтын TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген.

– Тыңғылықты дайындалған адам сұрақтарды белгілеуде қиналмайды. Тапсырмалар қарапайым болғанымен, дұрыс жауапқа ұқсас нұсқалар көп. Сондықтан әрбір сауалды ыждағаттылықпен оқып, әбден түсініп алмай жауап қатуға асықпаған жөн. Мереке-мейрамдар, салт-дәстүр, жаңа технология жөнінде де сұрақтар болды. Айтылымда берілген түрлі тірек сөздер арқылы ойымызды еркін жеткіздік. Бұл бөлімде бізге дайындалуға 1, сөйлеуге 4 минут берілді. Жалпы ҚАЗТЕСТ қазақы тәрбие алған, қазақ мектебінде, қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты мамандықтарда оқығандар үшін оңай. Ал орыс тілді мамандардың қазақ тілін тез меңгеріп кетуіне ықпал етеді. Тест нәтижесін 2 аптадан соң білетін боламыз, – деді Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Әсемгүл Ғұбайдуллина.

Облыстық тіл басқармасы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасымен бірігіп, аталған мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін жүзеге асыруда тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Жүйе бойынша 100 мыңнан астам тест тапсырмаларының қоры әзірленіп, қолданысқа енгізілген.

– Тестілеу 3 маусымға дейін жалғасады. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадрлық резервіне, ҚР ҰҚК академиясына, «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер, мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің мамандары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мұғалімдері білі-мін сынайтын болады. Жүйе 2 кезең (диагностикалық, сертификаттық) бойынша жүр-гізіледі. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары өткізетін сынақ тапсырмаларын орындауға 140-150 минут уақыт беріледі, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Света Қадырбайқызы.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале