22.03.2020, 17:58
Оқылды: 159

Тілес Жазықбай: «Халқымызды той-томалақ, қонақтықты тоқтатуға шақырамын»

Tiles-ZHAZYKBAY

Теледидардан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған коронавируске қарсы күрес қорына 41 млн. доллардан астам қаржы жиналғанын естідік. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолға алынған шараларды қолдауға шақырды. Қазіргі қиын сәтте іскер топ өкілдерінің қаржылық қолдау көрсетуі маңызды. Еліміздегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер Елбасының бастамасына үн қосып, қолдау білдірді. Елбасының бастамасымен коронавирус індетімен күресу мақсатында құрылған қоғамдық қор отандық бизнес өкілдері мен маценаттарды және ел азаматтарын осы іске белсене атсалысуға шақыруда. Мұның бәрі құптарлық, қуанарлық іс.

Еліміз қиын жағдайда бірігуі, бір адамдай қимылдауы қажет. Жұртымызды той-томалақ, қонақтықты тоқтатуға шақырамын. Тәуелсіздік алғалы Қазақ елінде алғаш рет төтенше жағдай жарияланды. Бұл індеттің аса қауіптілігін аңғартты. Қамсыз отырғанымыз жарамайды. Бұрынғыдан келе жатқан «Сақтансаң сақтармын» деген сөз анық келіп тұр.

Ұқыптылық, тазалыққа қатты мән берейік. Әсіресе амандасуда әзірге қол алыспай, құрметімізді, ілтипатты басты изеп те білдіруге болады. Халқымыздың бір-біріне көмек қолын созуы, жанашырлығы осындай қиын кезеңде керек.

Адамзаттың кемелденген уақытында да тосын қатерге дайын еместігін көрдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған алдын-алу шараларын қолдаймыз. Мұның бәрі болашағымыз үшін жасалып жатқан амалдар екенін әрқайсымыз түсініп, қолдау беруге шақырамын.

Тілес Жазықбай,

ақын, ардагер журналист

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале