12.11.2021, 10:55
Оқылды: 220

Тойды дабыраға айналдырмайық

«Орал өңірі» газетінің 32-ші санында "Қазақтың тойы қандай болуы керек?" деген мақала жарық көрген екен. Әркім өз пікірін айткан. Мен  соған орай пікірімді айтсам деп едім.

фб

Бұрын бабаларымыз құданы түс мезгілінде ауылдың ақсақалдарын қатыстыра отырып қабылдаған. Келін де үйге күндіз жарқырап, оң аяғымен аттап кірген. Ал күйеу баланы күндіз көріп, ағайындары мен балдыздары да мәз болған. Кететін кыздың тойы ерте басталады, тойдан бұрын ауылдың үлкендері шақырылып, қызға бата береді. Мұндай бата беру дастарқанында арақ-шарап болмағаны жөн. Бұрын тойда  жастар мен үлкендер бір дастарқанда отырмаған. Жастар бөлек ойын ойнап, ән-жыр айтып, мәре-сәре болған.  Келген құдалармен ауылдың  ақсақалдары, ағайын-тума әңгіме-дүкен құрып, жөн сұрасып, жақын танысқан. Қазіргі тойларда айқай-шудың көптігінен басың айналып, келген құдалардың аты түгіл, руын да есте сақтай алмай қаласың. Төрт-бес сағаттық шудан есеңгіреп шығасың. Сондықтан той-томалақты дабырсыз, қатты музыкасыз өткізуге мән берген дұрыс. Тыныш отырыстарда айтылған ғибратты сөздер жастардың құлағында қалады. Ал қазіргі тойларда даңғаза музыканың астында қалуда. Бір кезде тілек бұрышы деген болды. Оған әркім өз тілегін жазып қалдырушы еді. Біле білген адамға бұл да игі іс. Өмір өтеді, адамдар кетеді, жазылған тілек мәңгілік қалады. «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» демекші, той өткізгенде бабаларымыздан қалған әдет-ғұрыптардың озығын алып, тойды артық шығынсыз, мамыражай  жағдайда  өткізгенге не жетсін.

Марат  Тұрашев,

зейнеткер,

Орал  қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале