Футболдан Қазақстан шемпионаты бірінші лек командалары арасындағы ел біріншілігінің 19-туры аясында Оралдың «Жайық» командасы өз алаңында Ақтау қаласының «Каспий-Ж» клубын қабылдады.

Ойын басталған сәттен-ақ қонақтар шабуылды үдетіп, алаң иелерінің қақпасына жиі қауіп төндірді. Дегенмен оралдық футболшылар қарсы шабуыл ұйымдастыру арқылы жауап қайтарып отырды. Осындай қарымта шабуылдардың бірінде «Жайық» ойыншылары жақсы мүмкіндікке ие болып, қарсылас айып алаңында ереже бұзылды. Бас төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеге жас ойыншы Темірлан Үмбетов келді. Алайда оның соққысын ақтаулықтардың қақпашысы қайтарып, командасын голдан аман алып қалды. Осыдан кейін Вячеслав Невольников шәкірттері шабуылды үдете түсті. Алаң иелері допқа көбірек ие болып, қарсылас қорғанысын әбігерге салғанымен, шешуші сәтте дәлдік жетіспеді.
Қалған уақытта қос команда қанша тырысқанымен, таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Осылайша Оралдағы кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.

Бұл нәтиже «Жайыққа» бір ұпай сыйлады. 19 турдан кейін оралдық клубтың еншісінде 27 ұпай бар. Команда турнир кестесінде 5-орында келеді.
Енді «Жайық» футболшылары 27 тамызда сырт алаңда «Ақтөбе-жас» командасымен кездеседі.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»