15.01.2021, 11:03
Оқылды: 269

Төресі еді жігіттің

Иә,  жолдасымыз, сенімді досымыз Ғабдолла Қырықбаев туралы біздің осындай түйін сөз айтуымыздың өзіндік сыры бар болатын. «Адам жақсысын мақта, адам жақсысын жоқта» дейді дана халқымыз. Дәлірек айтсақ, арамызда жүргенде айналасына абыройлы, сыйлы, мақтауға тұрған азамат болса, бүгінде үлкен сағынышпен еске алып, жоқтауға да тұратын жан еді ғой, шіркін, Ғабекең! Досымызды өткен жылғы маусымда әлемді жалмаған індет өмірден алып кетті.

 Төресі еді жігіттің1

Осындай абзал досымыз, қымбатты замандасымыз жайлы толғанысымызды баспасөз бетінде оның ағайын-туғандарымен ортақтаса бөлісейік деген мақсатпен естелік мақала жазып отырмыз.

Шыны керек, үлкен аманатты арқалаған осынау естелік мақаланы жазудың жүгі жеті батпан екендігі жасырын емес.

Ғабдолла – қасиетті Қаратөбе топырағының тумасы. Ол 1959 жылы желтоқсан айының 5 күні Ақмешіт ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Қалдығайты орта мектебін бітіріп, сол жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика және математика факультетіне оқуға түседі. Сол жоғарғы оқу орнын 1981 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде математика пәні мұғалімі болудан бастады.

1985-1989 жылдары  Қаратөбе аудандық «Білім» қоғамы басқармасының жауапты хатшысы, Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1990 жылы  “Аққозы” кеңшары партия комитетінің хатшысы болып сайланып, шаруашылықта абыройлы қызмет істеді. Еліміз тәуелсіздік алған соң, Қаратөбе аудандық әкімшілігінде маман, сектор меңгерушісі қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды.

1994 жылы Орал қаласына қоныс аударып, кәсіпкерлікті қолға алды. Заңгер мамандығын меңгерген соң, сол салаға бет бұрып, 2005 жылдан бастап жеке адвокаттық қызметпен айналысты.

Оның адвокаттық қызметке кіріскен соң, басына іс түсіп, көмекке жүгінген көптеген адамға заңға сай үлкен көмек қолын созғанына куәгерміз. Ол әрқашан алдына келген адамды кім болса да тыңдай білетін, олардың тағдырларына қаржылық емес, адамгершілік тұрғыдан қараушы еді. Ғабекең дүниеден озғаннан кейін де оның отбасына білмейтін, жасы бар, кәрісі бар, көптеген бейтаныс жандардың келіп, көңіл айтуы, адами қасиеттерін еске алуы – осы пікіріміздің айғағы деп білеміз.

Біздердің Ғабдолламен таныстығымыз сонау 80-жылдардың ортасынан басталған-ды. Сол таныстығымыз оның  күні кеше өмірден өткенінше жалғасқан үлкен достыққа, шынайы сыйластыққа ұласты. «Өзі жақсыға бір кісілік орын бар» деген, жаны жайсаң жігіт жатырқамастан, ортамызға сіңісіп кеткен болатын.

Досымыздың адамды өзіне тартып тұратын ерекше бір қасиеттері онымен араласқан азаматтардың бәріне мәлім. Сыйласқан адамға оның ақкөңіл адалдығы, кішіпейілділігі, жылылығы, ашықтығы еш бүкпесіз байқалып тұратын. Дүниетанымы мол, білімді азамат кез келген адаммен тез тіл табысып, түрлі тақырып төңірегінде өз ой-пікірін қозғап, әңгімені өрбітіп айтушы еді. Үнемі бір жаққа асығып бара жатқан секілді қимылы жылдам, қозғалысы тез, әрі өзін сергек, ылғи көңілді ұстайтын, әзіл-қалжыңы кімге де болса әзір Ғабекең ойдың адамы болатын, ойланбай сөйлемейтін. Кез келген жағдайды ақылға салып, саралап, қорытынды жасайтын. Бәріміз де Ғабекеңді адал, достыққа берік азамат ретінде мойындаушы едік.

– Азаматты биік көтеріп тұратын қасиеттің бастысы сабырлылық болса, сол ұстамдылық, парасаттылық оның бойынан табылатын. Дос болып араласқан жылдар ішінде оның орынсыз мінез көрсетіп, қатты дауыс көтергенін көрген емеспін. Қандай жағдай болса да ұстамды қалпымен, сабырлы мінезімен дұрыс шешімге келетін. Өмірде адамдар арасында достықтан, шынайы көршілік қарым-қатынастан туатын жақындыққа ештеңе жетпейді. Ғабекеңмен ақ пейілмен ақтарыла отырып, сырласқан сәттер есімнен кетпейді.

Онымен арадағы достығымды өмірімдегі үлкен байлығымның бірі деп білемін. Өкінішті, қайғырамыз, жоқтаймыз, әлі сенгің келмейді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, Алланың ісіне көнеміз. Ұрпағына өнегелі із қалдырған досымыздың жарқын бейнесі есімізде әрдайым сақталады. Жаны жәннаттың төрінде болғай, - дейді ең жақын досы, жолдасы Ғарапша Сахипов.

«Жақсы адамның артында да жақсы із қалады» дейді халқымыз. Студенттік жылдарында табысып, отау құрған өмірлік жары Күнайым екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттері отбасын құрып, ол бала-шағалы болып, ел қатарлы еңбек етіп, әке арманын орындап жүр.

Ғабекеңді өмірде бірге жүрген, көріп білген, араласқан азаматтар еш уақытта ұмытпайды деп ойлаймыз. Оның есімі, жарқын бейнесі көңіліміздің төрінен әрқашан да орын алады. Алла алдынан жарылқап, иманын саламат етсін дейміз.

 

Дос-жолдастары атынан 

Оңат Хамбетов, 

Марғұлан Нұғманов,

Аманжол Қарабаев,

Талғат Батырғалиев        

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале