12.11.2021, 9:12
Оқылды: 143

Трактор тізгіндеген талант

Әке-шешесінің жалғыз ұлы, үш қарындасының қамқоршы ағасы, Орал шәріндегі көп қыздың арманы Әділ қазіргі таңда жақсы жетістіктерімен көзге түсіп жүр. Ата-анасының айтуынша, бес жасынан бастап домбыраға, әнге құмар боп өскен. Есейе келе, осы құмарлық оны үлкен өнерге жетеледі. Екінші сыныпта күй үйірмесіне қатысып, домбыраны әбден меңгеріп алды.

адил

Қазіргі таңда жастар жиналатын ортадан қалып көрген емес. Себебі  ол айтатын әндер көпшіліктің жүрегіне жол тартты. Иә, Әділ ата-анасының, ұстаздардың тәлім-тәрбиесінің арқасында дарынын дамыта білді. Сол кісілерге қарап бой түзеді.

Дәстүрлі әндер байқауына қатысып, талай рет аламанның алдынан көрінді. Бүгінде уақытының көп бөлігін шығармашылыққа арнап жүр. Алдағы өмірін де тікелей жазу-сызумен, айтыспен, әншілікпен байланыстырғысы келеді.

– Еңбектену, қарым-қабілетімізді шыңдау – біздің міндет. Әрбір жас өз саласында бірінші болуға талпынып, тынбай ізденіп, қабілет-қарымын көрсете білсе, қазақ рухының биіктей түсуіне өз үлесін қосар еді. Мен бар уақытымды, күш-жігерімді өнерге жұмсап жүрмін. Ана сүті, ата қаны арқылы келген қасиет мені өрге жетелейтіндігіне сенемін. Қызығы да, шыжығы да көп өнерге сапалы қызмет етсек, арман не? Домбыраны үйренуге деген құлшыныстан басталған бұл жол бүгінде өлеңге, әнге қарай ойысты. Осы кезге дейін жеткен жетістіктеріме бір сәт қарасам, өмірімнен шығармашылықтың ойып тұрып орын алғанын түсінемін, – дейді Әділ Ахметов.

Әділ бір жерде ән айтады, бір жерде өлең оқиды. Кейде айтысамын деп домбырасын арқалап, басқа өңірге кетіп бара жатады. Иә, ол сондай сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Осы өңірдегі аға-әпкелерінің жолын жалғап, болашақта айтысқа батыс мақамдарын басқаша иірімдермен алып шыққысы келеді. Ән жазу да ойынан кеткен емес. Әйтеуір, не істесе де, халыққа сапалы дүние ұсынуды, пайдасын тигізуді мақсат етеді. Сонда ғана арман-мұратына жететінін біледі.

Бұрынғы заманда адам ақын деген атты алып жүру үшін бірнеше өнердің иесі болуы керек екен. Қазіргі таңда өлең жазатын адам ғана ақын саналады. Әділ сол бұрынғы үрдіс бойынша бойына бірнеше өнерді жиып жүр. Ол қай-қай істі қолға алса да, шынайы ынта-ықыласпен кіріседі. Оның өнермен пайда табу үшін емес, өз-өзін дамыту, шыңдау, халыққа мағыналы туынды ұсыну мақсатында айналысатыны бізді қуантты.

Әділ бес жасынан бастап ән айтады. Кішкентайынан басталған әнге деген құмарлық оған ән жаздырды. Түрлі кездесулерде, әлеуметтік желілерден әндерін тыңдап жүрміз. Кең далада, ат үстінде келе жатып ән салғанды ұнататын оның дәстүрлі ән, вокал жанрларына жаны жақын. Ол өзінің ән жаза алатынын осыдан екі жыл бұрын байқапты. Ыңылдап отырып, бұрын естімеген әуендерді домбырамен ойнай береді екен. Оның кейбіреуі сақталса, кейбіреуі сақталмай қалыпты. Өзіне ұнайтын, сәтті шықты-ау деп есептейтін авторлық әндерін оңашада ғана орындап, көпшіліктің алдында сол әнді айтуға жүрексініп жүріпті. Жазған әнін өзгеге тыңдатудан қашу – әрбір ән шығарушы адамға тән қасиет. Сөйтіп жүріп бірнеше туындыны дүниеге әкелгенін байқамай да қалыпты.

– Өзіме анама, алыстағы махаббатыма, туған жеріме арнаған әндерім ұнайды. Біртүрлі шынайы көрінеді. Жақында Дәурен Шамұратов ағамның сөзіне жазылған «Қайтер екенмін?» әні жарыққа шықты. Бұл әнді ең сәтті шыққан  деп есептеймін. Бір күні таңертең, сағат 8-9-дың шамасы болуы керек, Дәурен ағам әннің сөзін жіберді. Қолыма гитара алып, ән жазуға кірістім. Көп ұзамай әнді watsapp желісі арқылы ағама жіберіп едім, ол хабарласып, ұнағанын айтты. Әрине, сол кезде жақсы дүние жасағанымды білген жоқпын. Қаратөбелік Мерей Амангелдиев деген әнші ағам әнімді тыңдап, жақсы баға берді. Қазір «Қайтер екенмінді» сол кісі орындап жүр. Туындым өңделіп, таралып, неше түрлі пікір айтыла бастағанда ерекше бір сезімге бөленеді екенсің. «Оралдың жігіттері жазыпты» деп Алматы жақтағылар тыңдайтынын естігенде толқып та кеттім. Бұл әннің:

«Жаза алмай қалсам қайтер екенмін,

Қайтер екенмін жараңды.

Кет десең, қимай қайта кетермін,

Намыстан мен де жаралдым,

Бірақ та ғашық адаммын», – деген жолдары әннің қандай көңіл күймен жазылғанын көрсетіп тұрған секілді. «Әне, ақының келе жатыр... Ұлан-асыр ойланып...» деп Мұқағали Мақатаев айтпақшы, кез келген туынды толғаныстардың, үзіліссіз ізденістің жемісі ғой, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, өнер адамына көп ізденіс керек екені рас. Оған қоса үлкендердің ақыл-кеңесі де артық етпейді. Әкесі мен анасының, аға-апаларының, жанашыр туысқандарының пікіріне жиі құлақ түреді. Солар айтқан жолмен жүрсе, адаспайтынына кәміл сенеді.

Оның айтыста тіл кескен сәттері көп. Айтқысы келген нәрсесін кейде жеріне жеткізіп айта алмай қалдым деп өкінеді. Сахнада айтыскердің неше түрлі күй кешетіні анық. Қарсыласқа жауап қайтарарда санада сайраған сансыз ақпараттың қайсысы дөп келетінін анықтай алмай қалатын кездері де жоқ емес. «Қап, осыны былай айтсам, үйлесе кетер ме еді, қарсыласқа былай айтқанымда, жауабым өтімді болар ма еді», – деп сан соғып қалатын сәттері де бар.

Ол арасында өлең жазады. Жанайқайын, ешкімге айта алмайтын сырларын, құпияларын өлеңге төгеді. Көп уақыт бойы сана ішінде шашылған сұрақтардың жауабы табылғандай болғанда өлең жазуға бет бұрады.  Жазу үшін де үлкен дайындық керек екенін жақсы біледі.

Жорамалдарын, көзқарастарын іштей әбден пісіріп, дәлелдегеннен кейін жазуға отырады. Мазмұнды басшылыққа алады. Өлеңнің қалыбы мен мазмұны жарасым тапқанда ғана оқырманның жүрегіне жол тартады деп ойлайды. Мазмұнды, яғни ойды сәтті қалыптау және оның өзгеге әсер етуі, кеудедегі өртпен өзгенің жүрегін еріту – хас шебердің ғана қолынан келетін іс. Қадыр ақынның «Жап-жақсы жырды кейде біз, түзеумен жүрміз бұзып- ап» деген өлеңінде де осы мәселенің қозғалғаны анық.

Өнерді жанына серік еткен Әділдің техникадан да хабары бар. Оны жаз мезгілінде үй шаруасына көмектесіп, мал азығын жинауға атсалысады деп естіп жүрміз. Өнерге жақын жандардың көбіне техникадан хабары бола бермейді. Әділ трактор тізгіндеп, мал азығын жинау науқанына қатысады екен. Мұны да бір өнер деп есептейміз.

Биылғы жаз кезіндегі көңілсіз көріністер де жас таланттың есінде ұмытылмастай сақталған. Маңғыстаудағы қуаңшылықты көріп, жүрегі сыздаса, интернетті шарлап кеткен мал өлекселерінің суреттері жанын ауыртқан. Қабырғасы терісінің сыртынан арса-арса болып көрініп тұратын, қоқыс аралап жүрген жылқылар көңіліне түрлі ой салыпты. Осылайша жан аярлық халге түскен тіршілік иелерін көріп, мал азығын көптеп жинап алуға белсене кіріскен екен.

– Үш ай бойы шөп шауып, мал азығын жинап, ата-анама қолғабыс ету – мен үшін бір абырой. Құдайға шүкір, малды қыстан алып шығуға жететін шөпті жинап үлгердік. Ауылдың ауа райы, адамдары, аспаны, көшелері мені ерекше әсерге бөлейді. Құрт-майын жеп, айраны мен қымызын ішіп, бойға қуат құйылғаннан кейін қара жұмысқа кірісіп кетесің. Әрине, епті адам үшін трактор тізгіндеу ешқандай қиындық тудырмайды. Көптеп-көлемдеп жүріп атқарған ісіміз болды бұл. Үлкендер ақыл-кеңесін айтты. Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену – өмірлік ұстанымым. Берілген нұсқау бойынша жұмыстандық. Өзіміз үшін үлкендердің үйреткендерін асқан ыждағаттылықпен тыңдағанымыз да рас. Қазіргі заман адамдары қолы қара майға былғанып, трактор жөндеп, шөп шаппақ түгілі, күнделікті тіршіліктің қамымен сенбі, демалыста да ауылға барып келуден қалып бара жатыр ғой.  Әрбір қазақ баласы ауылды ұмытпаса екен. «Адамнан ауыл көшпейтіні» рас болса, болашақта қаладағы тіршілік керуені ауылға қарай ойысатынына сенемін, – дейді Әділ Ахметов.

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің II курс студенті Әділ қазіргі жастарды бір сынап өтті. Ол қатарластарының уақыт өте келе ұмытылып қалатын ұсақ-түйекке қарайған уақытты құрбан қылатындығына қынжылады. TikTok, instagramm әлеуметтік желілерін ақтарғанша, пайдалы іс-әрекетпен айналысу керегін айтты. Біреудің сағат нешеде, қай жерден сәлем жолдағаны, қай рестораннан тамақтанатыны, онда не нәрсеге тапсырыс беретіні адамдарға не үшін қызық екенін түсінбейді. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз заман ағымына ілесемін деп кейде шектен шығып кететін қазақ жастарының түбі өз-өзін тауып, қазақ руханиятын өркендетуге мүдделілік танытарына сенеді.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале