3.02.2023, 14:45
Оқылды: 161

Туған жерін сағынған ақын

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Елеулі есімдер» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сазгер Бауыржан Құрманқұловтың шығармашылығына арналған «Беу, дүние-ай...» атты кездесу кеші өтті.

328082488_2074821989387807_6114600315367967840_n

Кешті Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалы ұйымдастырды. Қаламгердің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету, жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген іс-шарада ең әуелі экраннан қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла сөз алып, Ақжайықта туып, арайлы Ақтөбеде өскен арынды ақынға алғыс хат табыстады. Сонымен қатар облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің және орталықтың атынан алғыс хат ұсынды. Оған қоса Қазақстан Жазушылар Одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Ертай Ашықбаевтың аманатын табыс етті.
– Ұсынысымызды қабыл алған құрметті қонағымыз Бауыржан Құрманқұловқа мың алғыс! Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қырыққұдық елді мекенінде дүниеге келген бұл қаламгер біраз уақыттан бері Ақтөбеде тұрады. Ақынның ат арытып туған жеріне келіп, оқырмандарымен жүздесуі – қуантарлық жайт. Түрлі салада қызмет етіп, бойында біраз өнер тоғысқан ақынды Құдай тіл-көзден сақтасын! – деді Бауыржан Ергенұлы.

328694469_715677903379435_5012693643946005358_n
Кеш барысында Бауыржан Мырзахметұлы ой-пікірін ортаға салып, өлеңдерін оқып, «Сені іздеймін», «Ақты жұлдыз», «Хал мүшкіл, қалқам» атты әндерін орындап берді. «Құрдымға апарар жол» атты толықметражды фильм жөнінде де әңгімеледі. Ол осы кинода басты рөлдердің бірін сомдаған болатын. Мәди Сабыров, Альберт Ғазизжанов және «Інжу» тобы ән шырқаса, Әділ Ахметов, Ақмоншақ Есетова, Әсемгүл Муслимеден кеш иесінің өлеңдерін оқыды.

328678009_530388098928161_4987092836856393598_n
– Өнерсүйер, өлеңсүйер көрерменнің арасынан табылғаныма қуаныштымын. Кеш өте керемет өтуде. Мен бұрын ағамыздың тек ақындық қырын ғана білуші едім. Бүгін оның әндерін тыңдап, қуанып отырмын. Ақын жырлары туған жерге деген сағынышқа толы. Қаламгердің деніне саулық, басына амандық және шығармашылығына табыс тілеймін, – деді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

IMG_20230203_143108
Сырым Ааудандық «Сырым елі» газетінің редакторы, ақын Бауыржан Ширмединұлы сырымдық ағайынның ыстық сәлемін жеткізді. Ал сыныптас достары атынан Батырғали Жәңгірханов тебірене сөйлеп, ізгі ниет-тілегін білдірді.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев кеш иесінің «Әкеге хат», «Ауылдың балалары» атты әндерін орындады. Ал Орал қаласында орналасқан С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 лицейдің 7-сынып оқушысы Жоламан Рахман ақынның «Абдолла туралы сыр» деген өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт», «Кешір мені», «Беу, дүние-ай!» жыр жинақтарының және «Қыдыр ата» мистикалық хикаят, детективтік әңгімелер кітабының авторы Бауыржан Құрманқұлов ұзақ жылдар бойы құқық қорғау құрылымдарында, журналистика саласында қызмет етсе де, шығармашылықтан қол үзбеген.

328677344_5891507030926767_5603136442503829390_n

 

Бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары.
«Атам өлді –
Дүние селт етпеді,
Әжем өлді –
Дүние селт етпеді.
Әкем өлді –
Дүние селт етпеді,
...Сұмдық бір ой барады өртеп мені:

Өрті күшті сол бір ой, дерті күшті,
Маза берме й тарылтты кең тынысты.
Ертең мен де өлермін...
Сонда мынау
Селт етпей ме дүние?
...Қорқынышты!!!» дейді ақын. Осы өлеңімен-ақ талай жүректі селт еткізген Бауыржан Мырзахметұлының шығармашылығы зерттеуді қажет етеді.

Марлен Ғилымхан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале