5.04.2021, 22:34
Оқылды: 143

Түлектер киіз үй сыйлады

Таяуда ауылымыздың мектебінің 2006 жылғы түлектері ауылға киіз үй сыйға тартты.

 Түлектер киізүй сыйлады

Бұл түлектер туған жеріне ат басын жиі бұрып тұрады. Осыдан бес жыл бұрын олар мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына байланысты мұғалімдеріне шипажайға 14 күнге жолдама сыйлап, қуантқан еді. Одан бөлек мектепке спорттық жабдықтарды алды.

– Шәкірт-түлектеріміз 2016 жылы Жаңақала аудандық емдеу-сауықтыру орталығына демалуға жолдама алып берді. Жайлы да ыңғайлы медициналық кешенде жақсы демалып қайттық. Оқушыларымызға алғысымыз шексіз. Аналық, ұстаздық жүрекпен олардың дендеріне саулық, жанұяларына бақыт тілейміз, - деп ризашылықтарын білдірді Ақбөбек Сағиқызы, Шолпан Жаншықызы, Бибігүл Адайқызы және Гүлзада Бисенбайқызы.

Әр айтулы жылда мектептеріне құрмет көрсететін қыз-жігіттер биылғы он бес жылдықтарына ауыл игілігіне деп әкімдікке киіз үй сыйлады. Киіз үй – өзіндік  баға жетпес өнер туындысы, қазақ халқы үшін өмір салты мен әдет-ғұрпының, дүниетанымының, санғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы.

– Киіз үй елдің қуанышын, түрлі шараларды, далалық ойындарды өткізу кезінде аса қажет. Ауыл жұрты қыстан аман-есен шықтық деп, бір-бірімен төс қағыстырса, түлектер ұлттық көрісу күніне орай киіз үй тігіп, оның ішінде ауыл ақсақалдарына көрісіп, қымыз ішіп, елдің ықыласына бөленіп, батасын алды. Осындай игі істі жалғастыратын азаматтарымыз көп болсын, - деді мектеп директоры Мирдан Ғимранұлы.

Іргетасының қаланғанына 90 жыл жуықтап қалған ауылымыздың тарихы бай. Ауыл үлкендеріне бұл жердің кешегісі мен бүгіні толық мәлім. Ауылда 1686 тұрғын бар, 328 отбасы түтін түтетіп отыр. 31 шаруа қожалығы, 16 жеке кәсіпкер ауыл тұрғындарына жұмыс беріп отыр.

Ауыл азаматтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Туған жерге тағзым» акциясын қолдап келеді. Туған  жеріне көмек қолын созып, көркеюіне үлес қосу көпшіліктің парызына айналғандай. Сыйымдылығы 120 кісілік, 16 қанатты киіз үй Есенсай округінің төрінде тұратын болады.

 

Ілияс Баймұратов,

Есенсай ауылдық округінің әкімі

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале