18.05.2022, 19:21
Оқылды: 181

Түлектерді жұмысқа орналастыруға баса көңіл бөлінеді

17-18 мамыр күндері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» іс-шарасы ұйымдастырылды. Жәрмеңке аясындағы дөңгелек үстелге БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен университет басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қатысты.

WhatsApp Image 2022-05-18 at 20.17.20

Түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету мақсатында «Мансап және бизнес-серіктестік» орталығы ұйымдастырған шара барысында бітіруші курс студенттерінің мемлекеттік мекемелер мен бизнес нысандары өкілдерімен бетпе-бет кездесуіне мүмкіндік жасалды. Түрлі бағдарламалар, кәсіпорын-ұйымдардағы жұмыс тәртіптері түсіндіріліп, шеберлік сағаттары өткізіліп, бос жұмыс орындары ұсынылды.

Жұмыс берушілермен өткен дөңгелек үстелде сөз алған университет ректоры А.Наметов жоғары оқу орнында сапалы мамандар, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрлар даярлауға баса мән берілетінін атап өтті. – Бүгінгі жиынға студенттердің тәжірибеден өтуіне, жұмысқа орналасуына септігін тигізіп жүрген үлкен компаниялардың басшылары қатысып отыр. Түлектерді еңбекпен қамту – маңызды мәселе. Осы мәселені жан-жақты талқылайтын боламыз, – деді Асқар Мырзахметұлы.

Жастардың болашағына алаңдаған Жәңгір хан университетінің ұжымына ризашылығын білдірген облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Өтеғұлов білікті кадрлар тапшылығы – өзекті мәселе екенін жасырмады.

– Тарихы тереңнен басталатын Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті қабырғасынан түлеп ұшқан танымал азаматтар аз емес. Іргелі оқу орнында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардан хабардармыз. Әсіресе, университетте теория мен практиканы бір-біріне ұштастыру бағытындағы жұмыстар нақты жолға қойылып келеді, – деді Арман Кәрімұлы.

Университеттегі «Мансап және бизнес-серіктестік» орталығының директоры Замзагүл Сұлтанова БҚАТУ түлектерінің жұмысқа орналасу жағдайы мен ағымдағы мәселелер төңірегінде баяндама жасады. Студенттерді тағылымдамадан өткізіп, көп жағдайда өздеріне жұмысқа қалдыруға ниетті жұмыс беруші компаниялар басшылары арадағы өзара әріптестік байланыс үшін университет басшылығына алғыстарын жеткізді.

WhatsApp Image 2022-05-18 at 20.17.20 (1)

Іс-шара соңында Жәңгір хан университетімен ынтымақтастықта жұмыс жасап жүрген бірқатар мекеме басшылары ректордың «алғыс хатымен» марапатталды.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале