Орал қаласының аумағында «Назар аудар, балалар!» деген атаумен жедел-профилактикалық іс-шара өтті. Өткен аптада Зашаған кентіндегі Мұрат Мөңкеұлы көшесінің бойындағы саябаққа полиция қызметкерлерімен бірге біз де түнгі рейдке шықтық.

Дәл осы саябақтың жанында учаскелік полиция пункті бар. Алдымен сонда жол тарттық. Бізді Абай полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция капитаны Нұрлыбек Қыдырашев (суретте) күтіп алды. Құрылым қызметкері аталмыш саябақ аумағындағы рейдтік іс-шараға жауапты көрінеді. Уақытқа зер салсақ, сағат 22:00-ге бірнеше минут қалыпты. Осыны пайдаланып капитанға көкейдегі сұрақтарды қойдық.

– Жедел-профилактикалық іс-шараның басталғанына екі аптаның шамасы болды. Мұндағы мақсатымыз – түннің бір уағында заңды өкілінсіз жүрген кәмелет жасқа жетпеген жеткіншектерді анықтау. Қазіргі кезде тұрғын көп шоғырланған бірнеше жерде осындай рейд жүргізіліп жатыр. Сағат 22:00-ден кейін көшеде ұсталған балаларды полиция пунктіне жеткізіп, ата-анасына хабарласамыз. Егер бұл жасөспірімнің бірінші құқықбұзушылығы болса, онда заңды өкіліне ескерту беріледі. Ал егер бір ай ішінде қайта қайталанып отырса, ата-анасына айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 3-бөлігіне сәйкес 7 АЕК-ті (30 274 теңге) құрайды. Айыппұлды жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда, оның 50 пайызы ғана өндіріп алынады. Ата-анасы ауылда тұрып, баласы қалаға оқуға келген жағдайда, оның заңды өкілі ретінде қаладағы туысын келісімшарт негізінде бекіте алады. Мұндай жағдайда бала сол заңды өкілімен бірге түнгі уақытта жүре алады. Көбінесе түнде ұсталған жасөспірімдер жанында ересек адам бар екенін айтып, «Бұл – менің туған ағам», «Туған әкемнің інісі» деп туыстық жақындығын алға тартады. Алайда баланың заңды өкілі болып бекітілмеген туыстары оның түнгі уақытта жанында жүруіне негіз бола алмайды. Кәмелетке толмаған бала үшін заң алдындағы жауапкершілік ата-анасына немесе ресми түрде заңды өкілі болып бекітілген адамға ғана жүктеледі.
Мынадай жағдайлар да болды. Кей балалар түнде ұсталғанда, өзінің жеке басы туралы дерегін мүлде айтпайды. Себебі ата-анасына хабарласуға қорқады. Бәлкім осыдан соң ата-анам көшеге шығармай қалады деп те күдіктенетін шығар. Егер баланың заңды өкілі полиция пунктіне келе алмаса, онда жасөспірім бейімдеу орталығына жеткізіледі. Ата-анасы не заңды өкілі келгенге дейін осы орталықта болады. Мұнда балаларға қажетті бар жағдай жасалған. Осындай сипаттағы құқықбұзушылыққа жиі ілігетін балаларды арнайы тіркеуге алып, бақылауда ұстаймыз. Сондықтан ата-аналарға айтарым, балаңыздың қауіпсіздігі мен болашағын ойласаңыз, оны түнгі уақытта қараусыз қалдырмаңыз, – деді рейдке жауапты полицей.
Сағат тілі 22:00-ді көрсеткенде әңгімемізді аяқтадық. Содан кейін оннан аса полиция қызметкері топ-топқа бөлініп, саябақ маңын аралауға кірісті. Анықтап қарасақ, саябақ маңында серуеншілер сиреген. Десе де, әр тұста жиылған адамдардың нөпірі байқалады. Олардың ішінде жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүруі де мүмкін. Орал қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Бектай Азаматтың тобына ілестік. Алдымен қасына екі жасөспірімді ертіп жүрген әйелге қарай беттедік. Сөйтсек, қос жеткіншектің бірі әйелдің өз ұлы, ал екіншісі баласының досы болып шықты. Инспектор әйелге қасындағы баланың досына заңды өкіл бола алмайтынын түсіндіріп, жеткіншекті полиция пунктіне алып кетті. Олармен бірге келген әйел сөз таластырып, полицейлерге: «Баламның досын жақсы білемін. Осыған дейін ештеңе бүлдіріп көрген емес. Көшеде үлкендердің мүлде қарауынсыз жүрген жасөспірімдер көп. Соларды неге ұстамайсыздар? Қазір жіберсеңіз, үйіне дейін өзім жеткізіп тастаймын» деп кейіді. Бірақ мұнысынан ештеңе шықпады. Полицейлер баланы заңды өкілі ғана алып кете алатынын айтып, түсіндірумен болды. Сол сәттерде пункттің іші 18 жасқа жете қоймаған жасөспірімдерге тола бастады. Баласының досы үшін енді не істемек деп тұрғанымызда, әлгі әйел мен баласын көптің арасынан таба алмай қалдық. Біраздан соң анасы келіп, оған ескерту жасалып, бала заңды өкіліне табысталды.
Рейд барысында тұрғындарға түнде қызмет ететін дәмханаларды да араладық. Ондағы даяшы, аспаз, сондай-ақ осында жұмыс істейтін барлық қызметкерді шақырып, жеке басының құжаттарын тексерді. Кезек «Көктем» сауда үйінің жанында тізілген дүңгіршектерге түсті. Шаурма жасайтын бір нысаннан баланың басы қылаң етті де, бізді көре сала лезде бұғып, жасырынып қалды. Дүңгіршектің артқы есігінен кіре бергенімізде, шамамен 7-8 сынып оқушысы үстелге басын қойып, теріс қарап отыр екен. Қолында телефоны бар. Сөйтсек ағасына хабарласып үлгеріпті. Соңымыздан бойшаң жігіт жүгіре жете, былай деп өкпесін айтты. «Сіздер бізге жұмыс істеуге мүлде мүмкіндік бермейсіздер. Бұл – менің туған інім. Өткен жолы да осы жерден ұстап алып, бейімдеу орталығына жатқыздыңыздар. Содан кейін мен інімнің заңды өкілі ретінде тіркелдім. Құжатымыз бар, міне, көріңіз. Жаз мезгілі ғой. Інім қыркүйекке дейін жұмыс істеп, мектепке қажетті құрал-жабдығын өз еңбегімен алғысы келеді. Көп шаруаны мен істеймін. Ол тек картоп пен пияз аршиды» деп жігіттің жанары мөлдіреп, полицейге қарады. Полицей жасөспірімдердің еңбек заңнамасына қатысты құқықтарын азаматтық қаперіне қайталап салды. Ол түсінген кейіпте басын изеп, анасына хабарласты. «Біздің де жұмыс уақытымыз аяқталуға жақын. Көлігім анау жерде тұр, қазір қайтамыз», – деді ол. Құрылым қызметкерлері жасөспірімнің дәл сол уақытта жұмыс істеп жатпағанын әрі жанында заңды өкілі бар екенін ескеріп, ағасына ауызша ескерту жасады.
Сағат түнгі 12-ге таяды. Көше бойында қолына гүл мен кішкене торт ұстаған көкөрімдерді көзіміз шалды. Жеке басын анықтау барысында олардың 18 жасқа толмағаны белгілі болды. Бірінің айтуынша, жақын маңда тұратын құрбысын туған күнімен құттықтап қайту үшін сыртқа шыққан екен. Сөйте бергенде, жанындағы тағы бір жасөспірім қыз өзін ересек адам санайтынын жеткізді. «Ағай, біздің мектеп бітіргенімізге біраз болды. Қазір колледждің үшінші курсында оқимыз. Түні бойы көшеде жүріп немесе бірдеңе бүлдіріп жүрген ештеңеміз жоқ. Құрбымыздың үйі 10-15 минуттық жерде ғана. Әрі көшелер де жарық», – деп ақталды ол. Алайда қыздардың бұл батыл сөзі оларды жауапкершіліктен арашалай алмады. Осылайша қолына гүл мен торт ұстаған қос жасөспірім полицияның пунктіне жеткізілді. Ата-аналары шақыртылып, 18 жасқа толмаған балаларды түнде 10 минуттық жерге де жіберуге болмайтыны түсіндірілді. Әрі бұлай қайталана берсе, олар полицияның есебіне алынатыны жөнінде де хабар берілді. Ескерту жасалған соң, қыздар заңды өкілдерімен бірге үйлеріне қайтарылды.
Бірер сағаттан соң саябақ аумағы тым-тырыс болды. Рейд кезінде 20-ға жуық жасөспірім полиция пунктіне жеткізіліпті. Олардың заңды өкілдеріне хаттама түзіліп, үйлеріне жіберілді. Бейімдеу орталығына тасымалдайтын қызметтік көлік бос қайтты. Себебі түнде ұсталған жет-кіншектерді заңды өкілдері дер шағында келіп, алып кетті. Полиция пунктінде жасөспірімдердің бірі полицейлерге: «Сіздерді алыстан көргенде басында қашып кеткім келген» деп ойын бүкпесіз жеткізді. Құрылым өкілі оған әр сөзге абай болу керектігін ескертті. «Жүгірмектің» қазір ғана айтқан сөзі де полицей кеудесіне ілінген бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты.
Қорыта келе, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты екенін еске салғымыз келеді. Сондай-ақ баланың «Он минуттық жерге ғана шықтым» деген уәжі түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруге рұқсат бермейтінін ескерген жөн. Сондықтан жасөспірімнің қауіпсіздігін ойлаған ата-ана заң талабын сақтап, баласына тиісті бақылау жасауы қажет.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»