9.06.2020, 21:01
Оқылды: 94

Тұрғын үй саламын деген компанияларға жер рәсімделіп, инфрақұрылым тартылып беріледі

Инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңесте сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев Зашаған кентінен бой көтеретін Ақжайық шағын ауданының құрылысы туралы баяндады.

334DDF50-F558-4CB3-88AE-12E680EA1AF5

– Бүгінде облыс әкімдігі мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Аталған банк жылына мемлекеттік бағдарламалар аясында 36 мың шаршы метр, жеке құрылыс компанияларынан 120 мың шаршы метрді құрайтын пәтер сатып алатындығын мәлімдеп отыр. Жаңадан бой көтеретін шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің әр шаршы метрі 140-150 мың теңгені құрамақ. Алғашқы кезекте ірі және құрылыс саласында тәжірибелері мол жеке құрылыс компаниялары тартылып, ұстаздар мен дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне арналған үш көпқабатты тұрын үйлер салынатын болады, – деді Ә.Антазиев.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған шағын ауданнан 84 мың тұрғынға есептелген 25 мыңнан астам пәтерді құрайтын 1300-дей көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Қазіргі уақытта жаңа шағын ауданға жергілікті бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстары толықтай аяқталған. Жеке құрылыс компаниялары көпқабатты тұрғын үй салуды бастаған бойда қажетті инженерлік желілер құрылыс нысанына дейін жеткізіліп беріледі. Сондай-ақ жаңа ауданнан мектеп, балабақша, емхана мен дәріханалар, музыка және өнер мектебі, сауда орындары мен базарлар, спорт кешені мен стадиондар салынады деп жоспарлануда.

– Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несие алып, баспаналы болуға дайын отырған салымшыларымыз бар. Олардың бәрін бірдей бір мезетте қолжетімді баспанамен қамту оңай шаруа емес. Біздер ірі құрылыс компанияларын Ақжайық шағын ауданынан тұрғын үй салуға шақырамыз. Жоғарыда айтқан сала қызметкерлеріне арналған үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын биыл бастауымыз керек. Олардың әрқайсысы 80-100-деген отбасын баспанамен қамтитын болады. Ол пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы ретінде тіркелген полиция қызметкерлеріне, мұғалімдер мен дәрігерлерге берілуі қажет. Ал тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлеріне әкімдіктен үй алуға қажетті алғашқы жарнаның жартысын құрайтын арнайы сертификат беріледі. Ол қаражат 500 мыңнан 1 миллион теңге аралығын құрайды. Тұрғын үй саламын деген компанияларға жер рәсімделіп, инфрақұрылым тартылып беріледі. Қызығушылық танытқан, жақсы жобасы бар құрылыс компанияларын үй салуға шақырамыз, – деді өңір басшысы.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале