19.03.2023, 19:08
Оқылды: 60

Тұрғындар белсенділік танытуда

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының Орал қаласындағы сайлау учаскелерінде қалай өтіп жатқанына куә болдық.

WhatsApp Image 2023-03-19 at 18.36.47 (1)

Ең алдымен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің спорт залы ғимаратында орналасқан №415 сайлау учаскесіне бардық. Мұндағы дауыс беруге келгендердің дені студент-жастар. Сайлау комиссиясының төрағасы Роза Зайнуллинаның айтуынша, таңғы сағат 07:00-де сайлауды мемлекеттік гимнмен ашып, жұмыстарын бастап кеткен.

WhatsApp Image 2023-03-19 at 18.36.47

- Біздің учаскемізде жұмыс қарқынды жүруде. Дауыс беруші тұрғындар да белсенділік танытып жатыр. Жалпы 917 сайлаушы тіркелген болса, сағат 10:30-ға дейін соның 35-40 пайызы дауыс беріп үлгерді. Көбі студенттер болғанымен егде жастағы азаматтардың ерте келгені қуантты. Мәселен, бұған дейінгі сайлауларда үйден дауыс беретін 1940 жылы туған атамыз да келіп өз таңдауын жасады. Біз де сайлауға келген қарияларымызды тосын сыймен қуантудамыз. Сонымен қатар дауыс беруші 500-ші тұрғынға арнайы сыйлық дайындап отырмыз, – деді комиссия төрағасы Роза Оңғарбайқызы.

Одан кейін №268 сайлау учаскесіне жедел жеттік. Мұнда тұрғындарды патриоттық әндермен қарсы алып жатыр екен.

68058a4f-183e-4b49-a16c-0e74df54f897

- Осы уақытқа дейін небір нәубет кезеңдерді өткерген елдің жарық күні енді туғандай болады маған. Тарих бәріне куә. Тарих бәрін біледі. Біз тек алдағы уақыттан үміт үзбей, жарқын келешекке сенім артуымыз керек. Ол үшін өзгеріс жасай алатын жастарға қолдау білдіру – міндет. Алдағы мерекелеріміз құтты болсын! Жұрт аман болсын! – деп тілегін айтты 65 жастағы қала тұрғыны Нұрлан Салахаддинов.

№268 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасы Зейнұр Мұхтар он сегіз жасқа толып, алғаш рет таңдау жасағалы жатқан 29 студенттің сағат 11:05-ке дейін 19-ы келгенін айтты. Біз осы сайлау учаскесіндегі тәуелсіз бақылаушы Әділет Қуановты сөзге тарттық.

- Сайлау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын бақылап отырмыз. Әзірге ешқандай құқықбұзушылық жағдайлары орын алмады. Сол себепті айтарлықтай сын-пікірлер жоқ. Келушілерге бес бюллетень ұсынылып, дауыс беру талапқа сай орындалуда, – дейді Әділет Болатұлы.

Бірқатар сайлау учаскесін аралап жүріп сайлаушылардың осы науқанда белсенді боп жүргенін байқадық. Сонымен қатар біз көрген сайлау комиссиясының мүшелері ата-анасына ілесіп келген балаларға ұлттық нақыштағы сыйлықтар және ертегі кітапшаларын табыстап жатыр. Бірі көрші-құрдастарымен келіп, енді бірі отбасымен бірге дауыс беруде. Солардың бірі – №450 сайлау учаскесінде дауыс берген Құспановтар әулеті.

- Қай сайлаудың болмасын мемлекет үшін саяси маңызы зор. Сондықтан осы елдің азаматы ретінде жыл сайын отбасымызбен келіп, таңдауымызды жасаймыз. Бүгін де жолдасымды, балам мен келінімді және немеремді ертіп келдім. Сайланған депутаттар мемлекеттің дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Сондай-ақ ел ішіндегі түрлі мәселелерді көтеріп, шешімін табуға атсалысады деген сенімдемін, – деді дауыс беруші Исатай Тасжанұлы.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале