15.06.2026, 21:14
Оқылды: 13

Түркістанда VIII халық ойындарының алауы тұтанды

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының VIII халық ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Төрт жылда бір өтетін кешенді жарысқа еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар үш қаладан келген 2300-ден астам спортшы қатысуда.

DSC05639

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұрлыхан Көшеров пен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұхамедов қатысты.

Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұрлыхан Көшеров халық ойындарының еліміздегі бұқаралық спортты дамытудағы орны ерекше екенін атап өтті.

DSC05611

– Халық ойындары – спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймайды. Өңірлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Түркістан төрінде өтіп жатқан бұл дүбірлі дода спорттың дамуына жаңа серпін беріп, жастарды салауатты өмір салтына баулуға ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін, – деді Нұрлыхан Оралбайұлы.

Биылғы халық ойындарында қатысушылар спорттың 10 түрінен сынға түседі. Бәсекедғ елдің ең мықты командалары анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болады.

Ауқымды додаға Батыс Қазақстан облысының құрамасы да қатысуда. Өңір намысын арқадаған 116 спортшының қай-қайсы да тек жүлде үшін күресетінін аңғартты. Алғашқы жарыс күндерінің өзінде облыс спортшылары бірқатар спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді.

DSC05593

VIII халық ойындары еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ең ірі кешенді жарыстардың бірі. Сондықтан Түркістан төріндегі тартысты бәсекелер жанкүйерлер назарын өзіне аударып отыр.

 

Автор: Бекзат Қанәділ

Фото автордан

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале