9.12.2023, 22:02
Оқылды: 30

Түркияда БҚО камералық оркестрінің концерті өтеді

Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен ұлт мәдениеті, ұлттық өнердің құндылықтарын болашақ ұрпақ санасына сіңіруге сүбелі үлес қосып, халықтың ықыласына бөленіп, өз алдына дара ұжым болып қалыптасқан, «Қазақстанның Камератасынан» кейінгі дәрежедегі, Ақ Жайық өңірінде алғаш қадам жасаған Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі биыл алғашқы рет шетел асып, Түркия елі мен Қазақстанның арасындағы туысқандық, ынтымақтастық мәдени қатынасты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Түркия елінің Ыстанбұл қаласы Зейтінбурну ауданына гастрольдік сапармен аттанғалы отыр.

IMG-20231209-WA0195
Концерт 15 желтоқсан күні Ыстанбұл қаласы Зейтінбурны ауданының өнер орталығында (Akdeniz Salonu Kazlıçeşme Abay cad. No 165) сағат 19:00-де өтеді.
Бағдарламада, негізінен, қазақ композиторларының әуендері, сонымен қатар қазақ халық әндері камералық оркестрдің сүйемелдеуімен тарту етіледі. Мақсатымыз – Түркия еліне Қазақстанның мәдениетін, қазақ музыка әлемінің біртуар туындыларын таныстырып, насихаттау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ», «Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі» деген ұлағатты сөздері Түркия мен Қазақстан арасындағы шынайы достық пен тілектес бауырластық барын айшықтайды.
Осыған дейін оркестр қазан айында Республика күні қарсаңында және Астананың 25 жылдығына орай Елорда мен Алматы қалаларына гастрольдік сапармен барған еді.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі алғашында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Марат Бисенғалиевтің бастамасымен 2004 жылы Марат Бисенғалиев атындағы филармониялық оркестр ретінде құрылған. 2011 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен оркестр құрамына жергілікті музыканттар қабылданып, Батыс Қазақстан облысының камералық оркестрі атауымен жаңартылады. Оркестрдің дирижері А. Хасановтың жетекшілігімен ұжым 10 жыл ішінде мемлекетімізден бөлек халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, әлем музыкасымен қатар ұлттық музыкамызды республикаға таныстырды.
2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін оркестрге Асхат Хасанов жетекшілік етіп, оркестрдің репертуарын ұлғайтып, аталған ұжымға көптеген жаңа идея әкелді. Сан түрлі қазақ күйлері мен халық әндерін нотаға түсіріп, оркестр құрамына домбыра, қобыз аспаптарын қосты. Сонымен қатар оркестр кахон, гитара, бас-гитара аспаптарының синтезін құрады, оның үні сан түрлі бояуға толды.
Өз алдына дара ұжым болып қалыптасып, «Қазақстанның Камератасынан» кейінгі Ақ Жайық өңірінде алғаш қадам жасаған оркестр – республикада мекеме ғимараты және талапқа сай жабдықталған материалдық-техникалық базасы бар жалғыз мекеме.
Акустикаға сәйкестендіріліп, арнайы жабдықталған камералық залы, материалдық-техникалық қоры, өте жоғары сапалы дыбысты музыкалық шеберлік құралдары бар.
Ұжымның құрамында Қазақстан мен Ресейдің белгілі музыкалық жоғары оқу орындарының түлектері, жас музыканттар, Италияның Пезаро қаласындағы опера студиясында дәріс алған вокалист және, негізінен, өңірдің белгілі әншілері жұмыс істейді.
«Мәдениет — ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл–ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалармен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» демекші, әлемдік классикалық музыканы халық арасында кеңінен паш етіп, өсіп келе жатырған жастарды және өскелең ұрпақты музыкаға баулу, тәрбиелеу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Сонымен қатар қазіргі жастардың эстетикалық тәрбие алуына ықпал ету, әлемдік классикадан хабардар ету мақсатында өңірдегі жоғары оқу орындарымен жыл бойына бірлесіп жұмыстанып келеді.

БҚО камералық оркестрінің баспасөз қызметі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале