22.09.2017, 15:12
Оқылды: 28

Түзету мекемелерінде жүргізілген әлеуметтік жоба аяқталды

«БҚО Азаматтық альянсы» ЗТБ Орал қаласындағы РУ 170\2 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырды. Аталған бірлестік облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Сотталғандарды қоғам өміріне қайтару»  әлеуметтік жобасы бойынша бұған дейін бірнеше шара өткізген.


– РУ 170\2 және 170\3 мекемелерінде жазасын өтеушілермен және шартты сотталғандармен әлеуметтік қызметкер, заңгер, теолог, псиохолог және дәрігер-наркологпен кездесулер ұйымдастырып, дәріс оқыды, құқықтық кеңес беріп, сауалнамалар жүргізді. Бас бостандығынан айырылғандар арасында жобаға қызығушылық танытып, көмек сұрағандар болды. Олар жазасын өтеп шыққан соң, қоғам көзқарасына алаңдайтынын және жұмысқа орналасу мәселесі  мазалайтынын айтты, – деді «БҚО Азаматтық альянсы» ЗТБ-ның атқарушы директоры Жаннат Танабаева.

Облыстық қоғамдық-атқару жүйесі және пробация қызметінің жетекшілері бұл жобаның тиімділігіне оң баға берген. РУ 170\2 мекеме басшысының кезекші көмекшісі, әділет капитаны Бауыржан Кисековтің айтуынша, жазасын өтеушілермен тәрбие жұмысына тұрақты көңіл бөлінеді. Өмір белесінде аяғын жаза басып, жалпы орта білімді толық алуға мүмкіндігі болмағандар жасы 30-ға толмаса, міндетті түрде түзету мекемесі жанындағы кешкі мектепте оқып, аттестация куәлігін алады. Сонымен қатар, мекемеге қарасты Орал колледжінде ағаш шебері мен газ-электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша 9 айлық курс жүргізіледі. Курсқа қатысушылар колледждің өндірістік аймағында машықтан өтеді. Түзету мекемесінде жыл сайын жазғы спартакиада ұйымдастырылады. Биылғы спорттық шаралар мекеменің 60 жылдығына байланысты өтті және әлеуметтік жобамен ұштастырыла жүргізілді. Қоғамдық бірлестік гір тасын көтеру мен жүгіруден және волейбол мен күш сынасудан ұйымдастырған жарысқа 60-тан аса жазасын өтеуші қатысты. Соңында сайыс жеңімпаздары мен командалар марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар мен дипломдар берілді. Айта кетерлігі, облыс бойынша тұңғыш ұйымдастырылған әлеуметтік жобаны келесі жылы кең ауқымда өткізу мәселесі алдағы уақытта талқыланбақ.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале