31.12.2021, 10:00
Оқылды: 297

«Уәдесіне тастай берік азамат еді»

Орал қаласының құрметті азаматы Қайырғали Молдашевті көзкөргендер біздің өңірдегі іскер азаматтың бірі болды деп бағалайды. Ол Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы болған кезінде шаһардың қанат жайып, көркейе түсуіне айтулы үлес қосқан көрінеді. Облысты 10 жылдан астам уақыт басқарған Мұстақым Ықсановтың тапсырмасы бойынша қала құрылысын дамытуға тікелей атсалысқан. Мұстақым Біләлұлының қайраткерлігі арқасында облыс орталығы гүлденіп сала бергенін көзі қарақты қауым бір кісідей біледі. Қатал қабақ, қырағы көз кадр таңдаудан мүлт кетпегені анық. Нақтылай түссек, Қайырғали Молдашевтің тау қопарар қажыр-қайратын, батыл әрі жедел шешім қабылдай білетін қабілетін жазбай танығаны айқын.

944156A3-7FFF-4504-B39B-7736C36C637B

Өмірбаян дерегіне сүйенсек, Қайырғали Молдашев 1921 жылы 25 желтоқсанда Бөкей ордасы ауданының Жиекқұм ауылында жарық дүниеге көрінген. Әкесі Молдаш пен анасы Болағанай текті әулеттен деседі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз еңбек жолын 1936 жылы бұрынғы Тайпақ ауданындағы Базартөбе орталау мектебінде мұғалім болып бастаған. Бөкей ордасы ауданының Талап орталау мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырған. 1938-1942 жылдары Жәнібек және Жаңақала аудандарында мектеп директоры болған Қайырғали Молдашев – еңбек баспалдағы арқылы түрлі қызмет сатысына көтерілген білікті маман. Жалынды жас ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, Казталовка аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалған. Мәскеудегі ВЛКСМ Орталық комитеті курсының тыңдаушысы ретінде біліктілігін шыңдаған. 1937-1942 жылдары Орал педтехникумында білім алған Қайырғали Молдашевтің заң саласында білікті болғанына еңбек жолы дәлел. Соғыс аяқталуға жақындаған кезде Орда аудандық прокурорының көмекшісі болған. Одан кейін педагог қызметіне ауысып, Орал қаласындағы №6 орта мектепте сабақ берген. Заң саласының білгірі Орал қаласының халық соты, әділет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Сосын Оралдағы сырттай оқытатын мектептің директоры болғаннан кейін Қайырғали Молдашев облыстық партия комитетінің сектор меңгерушісі қызметіне тағайындалған.

Ұйымдастырушылық қабілеті ерен, білімі терең Молдашев жоғары лауазымды қызметтерде қарымды қызмет істеді. 1965-1975 жылдары облыстық мәдениет басқармасын басқарған. Он жыл уақыт Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Облыстық тұрмыстық қамту басқармасына басшы болды. 1978-1982 жылдары Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Еңбек ардагері, шежіреші Нұрлыбек Бірманов Қайырғали Молдашевтің тұрмыстық қамту басқармасында еңбек еткен кезінен жақсы танитынын айтты. «Өмірде тыным таппайтын, бір орында тұрақтап отыра алмайтын, қозғалысты жақсы көретін адамның бірі болды. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов өңірге басшылық жасаған кезде, Қайырғали Молдашұлы  Орал қалалық атқару комитетін басқара жүріп, біраз шаруаны тындырды. Бұрынғы Шаған жағалауы көшесінің жолын салғызды. Шолохов көшесінің орны бұрын сай-сала болған еді. Соған байланысты сайды толтырып, ойлы-қырлы жерді тегістетіп аутожол тартуға барлық техниканы жұмылдырды. Мұстақым Біләлұлы бір сөзді кісі еді. Қайырғали Молдашев та тап сондай  іскерлік қабілетін бағалаған болуы керек. Қайрекең 1982 жылы зейнеткерлік жасқа жеткесін екі жыл уақыт сауда басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істеді», – деді ардагер.

Молдашевтар әулетінен зияткер, іскер, байыпты азаматтар көп шыққан. Мәселен, Қайырғалидың ағасы Ғиният Молдашев облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, оқу-ағарту ісінің үздігі ретінде танымал болған. Ғиният інісін қамқорлап өсірген, оның өте алғыр, еркін, пысық болып өскенін жиі әңгімелеген екен. «Мақсат» медициналық колледжінің директоры, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мақсот Берген мен оның зайыбы Меруерт Елеуқызы Қайырғали Молдашевтің жастарға деген ағалық қамқорлығы ерекше болғанын алға тартты. Әңгіме төркінін әріден бастаған Меруерт апа атасы Жұмабай өз дәуірінде дәулетті болғанын, нағашы атасы Абдол Талапұлы мешіт-медреседе имамдық қызмет атқарып, Меккеге барғанын айтты. Кәмпескелеу кезінде Бөкей ордасы ауданында болған аталары саяси қысым салдарынан тума-туысқандарымен бірге Ресейге қоныс аударған. Олардың отбасылары Пенза, Саратов, Тамбов облыстарының шекарасы тоғысқан тұстағы ауылға тұрақтаған екен. Меруерт Елеуқызы балалық шағы Пенза облысында өткенін, сондағы мектепте білім алғанын тілге тиек етті.

– 1965 жылы 20 шақты отбасы елге қайтуды ұйғарған. Бір эшелонға дүние-мүлік, техника және төрт түлікті тиеп, Тасқала ауданының Щипов бекетіне аялдайды. Тарихи мекеніне оралған отбасылардың көбі сол жерде тұрақтап қалды.  Мен елге келген кезде 16 жаста болдым. «Ресейден рулас ағайындар көшіп келді» деп Ғиният пен Қайырғали Молдашевтардың жылы ұшырай келгені есімде. 1971 жылы Алматы қаласында жоғары білім алғаннан кейін ағайынды Молдашевтардың әке-шешеммен тығыз араласып тұратынын аңғардым. Қайырғали аға өте іскер, адамгершілігі мол адам еді. Әлеуметтік жағдайына қарап, ешкімді алаламайтын. Дос-жаран, тума-туысқан, тамыр-таныстарымен араласқан кезде адами қасиетін жоғары бағалайтын. Лауазымды қызметтерді атқарса да, қарапайым өмір кешті. Тірнектеп дүние-мүлік жинаған жоқ. Меншігінде шағын ғана пәтері, бір саяжайы, «Нива» көлігі ғана болды.

Ол кезде Оралда қазақтар аз болатын. Танысын-танымасын қандастарын бауырға тартып, үйіне қонақ қылатын. Ауылдан келген қазақтарға қамқор болып жүретін. Тағы бір ерекшелігі, өте қуақы болды. Әзілдей жүріп, кез келген қиындықты тез еңсеретін. Тек зайыбы Қанзиля апа 65 жасында жүрек дертінен қайтыс болған кезде, Қайрақаң қатты қайғырды, – деді Меруерт Елеуқызы.

Мақсот Берген зайыбының сөзін қостай отырып, Қайырғали Молдашевтің ерекше қасиеттерін атап өтті.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасына инспектор болып тағайындалған кезімде Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Қайырғали Молдашевпен тығыз байланыста қызмет істедім. Қайрекең әлеуметтік, білім және денсаулық салалары бойынша мәселелерді шешумен шұғылданатын. Қызмет бабында өте сұсты, уәдесіне берік адам болды. Айтқан сөзін орындамай қоймайтын. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін. Ол кісінің қабағынан көбі ығысатын. Қалалық атқару комитетін басқарған кезде мәдениет, білім, денсаулық саласында еңбек ететін мамандардың біразын пәтермен қамтамасыз етті. Ауыл жастарына деген қамқорлығы ерекше болды. Үлкен-кішіні бірдей сыйлайтын, мақтанға салынбайтын. Іскерлігі арқасында көпшіліктің құрметіне бөленді, – деді Мақсот Қабышұлы. Қайырғали Молдашев 1997 жылы дүние салды. Өмірлік жары Қанзиля Қанатқызымен Лунара, Роза, Дамир атты ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірген. Бүгіндері соңында қалған немере-жиендері аман-есен өсіп келеді. Ардақты азамат Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен екі рет марапатталған. Елеулі еңбегі үшін бірнеше орден-медальді өңіріне таққан. 1971-1987 жылдары облыстық мәдениет басқармасын басқарған еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай іскер азамат Қайырғали Молдашевтің Орал қаласын қазақыландыруға үлес қосқанын атап өтті.

– 1975 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Мұстақым Ықсанов тағайындалғаннан кейін өңірде қызу жұмыс басталды. Кеңестік кезеңде Орал қалалық атқару комитетін екі қазақ басқарған-тұғын. Соның біреуі – Қайырғали Молдашев. Алғашқы төраға соғыстан оралған азамат еді, оны жақсы танитынмын. Жергілікті жұрттан, байырғы ұлттан кадр тағайындауға кеңестік жүйе өте сақ қарағаны белгілі. Сол кезеңде қаланың 18 пайызы ғана қазақ болды. Қайырғали Молдашевтің ағалары Ғиният пен Құбаш – облыста мекемелерді басқарған адамдар. Қайрекең жас кезінен белсенділігімен танылды. Әсіресе, Казталовка аудандық комсомол комитетін жетекшілік еткенде алғырлығымен көзге түсті. Қалалық атқару комитетін басқарған кезде қыруар жұмыс атқарды. Мұстақым Ықсановтың ықпалымен Жеңіс алаңындағы «Мәңгілік алау» ескерткішін тұрғызуға ұйытқы болғанын білемін. Құрылыс жұмысы 1975 жылы мамыр айында басталды. Ол кезде әлгі маңда екі-үш квартал аумақты алатын жатаған үйлер орналасқан-ды. Сондағы тұрғындардың барлығын көшіргізді. Алаңда тереңдігі 20-30 метр шамасында аңғар бар еді. Аңғарды құрылыс мекемесі құммен толтырды. Бұл жоба Қазан төңкерісі мерекесіне дейін аяқталуы тиіс еді. Күзгі уақытта бетон құю жұмысы жүргізілді. Бетонды әбден қатыру үшін ғаламат жұмыс атқарылды. Сол аумаққа үлкен шатыр (палатка) тігіліп, екі ұшақтың моторын іске қосып, соның алапат қызуымен кептіруге тура келді. Құрылыс жұмысының басы-қасында Қайрекеңнің жүргеніне куәмін.

Ықсановтың тапсырмасы бойынша Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мұражайын, музей-үйін жасақтадық. Музейге айналған үйде кезінде  қазақтың қаһарман қызы ата-анасымен тұрған. Сол жердегі екі-үш үйдің тұрғындарына басқа аумақтан баспана берілді. Бұрын ауыл шаруашылығы институтына тиесілі болған ғимаратты облыстық тарихи-өлкетану музейі етіп жабдықтадық. Одан бөлек Орал қаласында екі мәдениет сарайы салынды. Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы орналасқан жерде су қоймасы салынды. Даңғыл бойына тартылған арық суы сонда құйылып жататын. Соның барлығын жүзеге асыруға Қайырғали Молдашевтің қайраткерлігі себеп болды. Қайрақаң көптеген ұлт зиялысына қолдау білдіріп, әсіресе, қазақ азаматтарына пәтер беруден аянған жоқ. Ол кеңестік кезеңнің өзінде ұлтжандылығымен ерекшеленіп тұратын. Мәдениет басқармасын басқарған кезде өнер адамдарын ерекше қамқорлады. Қазақ-станның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал композитор-әнші Ескендір Хасанғалиев Орал қаласына бір келгенінде отбасы мүшелерін  ілестіріп, Қайрақаңа сәлем бергені бар. Ескендір жасырақ кезінде, ауыл клубының қызметкері болып қызмет істеп жүрген шағында Қайырғали Молдашев оның қолына  жолдама ұстатып, Алматыға барып, оқуға түскен екен. Ескендір Хасанғалиев сол жолы ағалық қамқорлық танытып, өнер әлеміне жол ашқаны үшін ақсақалға риясыз алғыс айтты, – деп еске алды Жайсаң Ақбайұлы.

Нұртай Алтайұлы

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале