15.02.2022, 17:20
Оқылды: 115

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы өнімінің тиімділігін көтеруге қатысты тапсырма берді

Бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияның тиімділігін арттыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

211012131743746a3847863i

Премьер-Министр Әлихан Смайылов субсидия алушылар үшін алдағы уақытта қандай қарсы міндеттемелер қойылатынын және осы міндеттемелердің орындалуы деңгейі қалай бақыланатынын сұрады.

Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазіргі кезде субсидия алушыларға бірде-бір қарсы міндемелелер қойылмағанын еске салды.

«Сол себепті алынған субсидияларды пайдалану барысында жауапкершілік өте төмен, сондай-ақ тиімділігі де шектеліп отыр. Сондықтан тиісті қарсы міндеттемелерді енгізуді жоспарлай келе, барлық субсидия алушылар үшін өндіріс көлемін төмендетпеу, мал шаруашылығында жыл сайын мал басын кемінде 5 пайызға ұлғайту, 100 аналыққа шаққанда кемінде 80 бас төл алу ескеріліп отыр. Өсімдік шаруашылығына тоқталсақ, тұқым шаруашылығы егістіктерінің үлес салмағын 15 пайыздан кем болмау міндеттемесін де жоспарлап отырмыз», - деді министр

Оның айтуынша, инвестициялық субсидиялау кезінде фермелердің жобаны көрсетілген мерзімде пайдалануға беруі назарға алынады.

«Одан басқа, жобалық қуатына дер кезінде қол жеткізілуін көздеп отырмыз. Осының бәрі арнайы құрылған жұмыс тобында талқыланып, мақұлданғаннан кейін енгізетін боламыз. Ең маңыздысы, қойылған қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау процесі адамның қатысуынсыз цифрлық технологиялар негізінде енгізілмек. Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған түрде енгізіледі», - деді Ербол Қарашөкеев.

Осы орайда Үкімет басшысы Ә. Смайылов бақылауды цифрландыру арқылы жүргізу керек екенін қолдады.

«Дегенмен қарсы міндеттемелердің тізімін тағы да бір пысықтап шығу керек. Қарсы міндеттемелер ауыл шаруашылығы өнімінің тиімділігін көтеру керек. Осы жұмысты ынталандыру маңызды. Сондықтан бұл мәселені жұмыс тобында пысықтап, тиісті ұсыныстарды енгізіңіздер», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Қарашөкеев субсидия алушылар өздеріне нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізілетінін айтты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале