Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мен цифрлландыру мәселесі қаралды.
Сурет: telegram.org
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 12 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған, нәтижесінде республикалық жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, жергілікті маңызы бар жолдар 89%-ға жеткен. Ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын бірқатар ірі жол жобалары аяқталды. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Шамалған стансасын айналып өтетін жол өтпесі және Түркістан облысында орналасқан елдегі алғашқы туннель пайдалануға берілді, сондай-ақ Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан, Казталов – Жәнібек және Өнеге – Сайқын жолдарында жаңа асфальтбетон жабыны бар жолмен қамтамасыз етілді.
2025 жылы Мемлекет басшысының жыл сайын жолдарды жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында 9,5 мың шақырым жол жұмыстары, 2,5 мың шақырым жөндеу жүргізу жоспарланған.
Отырыс барысында Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған жаңа инфрақұрылымдық жобаларды дайындауға ерекше назар аударылды.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Қаржыландыру және жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу тапсырылды.